ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.01.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Салық кодексі 753-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Көмірсутектер кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу қағидалары және пайдалы қазбаларды өндіру салығы бөлігінде салық салу тәртібі бекітілсін.
2. Осы қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 28 қарашадағы № 1024 қаулысымен бекітілген |
Көмірсутектер кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу қағидалары және пайдалы қазбаларды өндiру салығы бөлігінде салық салу тәртібі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Көмірсутектер кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу қағидалары және пайдалы қазбаларды өндіру салығы бөлігінде салық салу тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Салық кодексі (бұдан әрі – Салық кодексі) 753-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және көмірсутектер кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу тәртібін және пайдалы қазбаларды өндіру салығы бөлігінде салық салу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғым пайдаланылады:
мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар мен терминдер Салық кодексіне сәйкес қолданылады.
2-тарау. Көмiрсутектер кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу тәртібі және пайдалы қазбаларды өндiру салығы бөлігінде салық салу тәртібі
1-параграф. Көмірсутектер кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу туралы өтініш беру және оны қарау
3. Көмiрсутектер кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу үшін осы тараудың 2-параграфында айқындалған өлшемшарттарға сәйкес келетін көмiрсутектер кен орнын игеруді көздейтін қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы уәкілетті органға өтінішпен жүгінеді.
4. Ағымдағы аяқталмаған күнтiзбелiк жылға кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу туралы өтiнiш осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша осы күнтізбелік жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірілмейтін мерзімде беріледі.
Өтінішке мынадай құжаттардың электрондық жеткізгіштердегі көшірмелері қоса беріледі:
1) бірінші басшы немесе оны алмастыратын тұлға, сондай-ақ бас бухгалтер (бухгалтер) қол қойған алдыңғы қаржы жылындағы қаржылық есептілік;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде міндетті түрде аудит жүргізу белгіленген заңды тұлғалардың алдыңғы қаржы жылындағы аудиторлық есебі (егер өтініш ағымдағы жылғы 1 маусымға дейін берілсе, онда алдыңғы қаржы жылының алдындағы қаржы жылының аудиторлық есебі ұсынылады);
3) жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаның ағымдағы күнтізбелік жылдың өтініш берілген күннің алдындағы есепті кезеңіндегі (тоқсан, жартыжылдық немесе тоғыз ай) қаржылық есептілігі;
4) алдыңғы күнтізбелік жылы бюджеттің атқарылуы туралы жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаның басшысы немесе оны алмастыратын тұлға растаған есеп;
5) ағымдағы күнтізбелік жылға арналған бюджеттің жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаның басшысы немесе оны алмастыратын тұлға растаған есеп-қисабы;
6), ағымдағы күнтізбелік жылдың өтініш берілген күннің алдындағы есепті кезеңіне (тоқсан, жартыжылдық немесе тоғыз ай) бюджеттің атқарылуы туралы жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаның басшысы немесе оны алмастыратын тұлға растаған есеп;
7) салықтық есептілік (келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы (бұдан әрі – КТС) және алдыңғы салық кезеңіндегі келісімшарт бойынша үстеме пайда салығы (бұдан әрі – ҮПС) мен келісімшарт бойынша ағымдағы және алдыңғы күнтізбелік жылдардағы пайдалы қазбаларды өндіру салығы (бұдан әрі – ПҚӨС) бойынша декларациялар);
8) КТС бойынша аванстық төлемдердің есеп-қисабы (егер жер қойнауын пайдаланушы аванстық төлемдерді төлеуші болса) және ағымдағы есепті жылға жоспарланған КТС мөлшерінің есеп-қисабы;
9) КТС бойынша салықтық міндеттемелердің есеп-қисабы, сондай-ақ келісімшарт бойынша ағымдағы салық кезеңіндегі таза кірістің, сату рентабельділігінің есеп-қисабы, бұл есеп-қисаптар жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаның бюджетіне, көмірсутектердің болжамды бағасына және сол кезеңдегі келісімшарт бойынша көмірсутектерді өндірудің жоспарланатын көлеміне егжей-тегжейлі байланыстырылады;
10) көмірсутектердің келісімшарт бойынша рентабельділік көрсеткіштерінің есеп-қисабы үшін пайдаланылған болжамды бағасының негіздемесі;
11) келісімшарт бойынша көмірсутектерді өндірудің жоспарланатын, құзыретті органмен келісілген көлемі.
5. Кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу туралы алдағы күнтiзбелiк жылға өтiнiш ағымдағы жылғы 30 қыркүйектен кейін, бірақ ағымдағы жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірілмей, осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша берiледi.
Өтінішке осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа, мынадай құжаттардың электрондық жеткізгіштердегі көшірмелері қоса беріледі:
1) алдағы күнтізбелік жылға арналған бюджеттің жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаның басшысы немесе оны алмастыратын тұлға растаған есеп-қисабы;
2) КТС бойынша салықтық міндеттемелердің есеп-қисабы, сондай-ақ келісімшарт бойынша ағымдағы салық кезеңіндегі таза кірістің, сату рентабельділігінің есеп-қисабы, бұл есеп-қисаптар жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаның бюджетіне, көмірсутектердің болжамды бағасына және сол кезеңдегі келісімшарт бойынша көмірсутектерді өндірудің жоспарланатын көлеміне егжей-тегжейлі байланыстырылады.
Бұл ретте осы Қағидалардың 4-тармағының 3) және 6) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер ағымдағы күнтізбелік жылдың өткен тоғыз айы үшін беріледі.
6. Өтініш беруші ұсынатын құжаттарда мәліметтер толық болмаған, немесе осы Қағидалардың 4 және 5-тармақтарында көзделген құжаттардың тізбесі толық ұсынылмаған, немесе өтініш осы Қағидаларда белгіленген талаптар бұзылып берілген жағдайларда уәкiлеттi орган өтініш түскеннен кейiн бес жұмыс күнiнен кешіктірмей өтiнiшті қараудан уәжді бас тарту жібереді.
7. Уәкiлеттi орган өтiнiшті және (немесе) өтiнiште қамтылған мәліметтерді негiздейтін қосымша құжаттар мен есеп-қисаптарды қарауға қабылдағаннан кейiн бес жұмыс күнiнен кешіктірмей өтiнiш пен оған қоса берiлетін құжаттардың көшiрмелерiн мәселелер бойынша төменде тізбеленген мемлекеттік органдарға қорытынды дайындау үшін:
1) салық есептілігінің деректерін растау үшін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген жұмыс бағдарламаларын (жұмыстардың жылдық бағдарламаларын) және (немесе) жобалық шешімдерді жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерді ескергенде көмірсутек өндірудің жоспарланатын көлемі мен жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар көлемінің негiздiлiгi мәселелері бойынша көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға жібереді.
Тиiстi мемлекеттiк органдардың қорытындылары өтiнiш пен оған қоса берiлетiн құжаттардың көшiрмелерi уәкілетті органнан алынған күннен бастап күнтiзбелiк жиырма күннен кешіктірілмей уәкiлеттi органға беріледі. Уәкiлеттi орган өтiнiш берушi ұсынған деректердің негiзiнде көрсетiлген мерзiмде келiсiмшарт бойынша рентабельдiлiктiң есеп-қисабын жүргiзедi және ПҚӨС мөлшерлемесінің нақты мөлшері бойынша ұсыныстар дайындайды.
8. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдардың барлық қорытындысын алған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті орган мемлекеттік органдардың қорытындыларымен қоса өтінішті Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – комиссия) қарауына енгізеді, ол кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельдігі төмен санатқа жатқызу жөнінде ұсынымдық шешімдер шығарады.
Комиссия өз ережесіне сәйкес өтініш пен мемлекеттік органдардың қорытындыларын қарайды және көмiрсутек кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу немесе жатқызудан бас тарту, рентабельділігі төмен кен орны бойынша ПҚӨС мөлшерлемесінің мөлшері (көмiрсутектер кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу туралы ұсыныс тұжырымдалған жағдайда) туралы ұсынымдық шешім шығарады.
9. Комиссия көмiрсутек кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу туралы ұсынымдық шешім шығарған жағдайда уәкiлеттi орган он бес жұмыс күні ішінде көмiрсутек кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельдiлiгi төмен санатқа жатқызылатын кен орындарының (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) тiзбесiне қосу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулысының жобасын әзiрлейдi және осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес белгiленетiн ПҚӨС мөлшерлемесімен қоса осындай мөлшерлеме қолданылатын күнтізбелік жылды көрсетіп, заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзедi.
10. ПҚӨС мөлшерлемесі күнтізбелік жылға белгіленеді. Егер ПҚӨС мөлшерлемесі көрсетілген жыл ішінде белгіленсе, онда осы жылдың міндеттемелері бойынша күнтізбелік жылдың басынан есепке жазылған және төленген ПҚӨС осы Қағидаларға сәйкес белгіленген мөлшерлеме бойынша қайта есептеледі.
11. Уәкiлеттi орган көмiрсутектер кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен санатқа жатқызудан бас тарту туралы шешiмді комиссия шығарған ұсынымдарды ескере отырып қабылдайды және комиссия тиісті шешім шығарғаннан кейін он жұмыс күні ішінде жазбаша түрде жер қойнауын пайдаланушының назарына жеткiзіп, бас тарту себептерiн көрсетеді.
12. Көмiрсутектер кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен санатқа жатқызудан бас тарту үшін:
1) КТС төлеу бойынша салықтық міндеттемелердің ұсынылған есеп-қисабының, сондай-ақ таза кірістің, кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) бойынша тиісті күнтізбелік жылға арналған сату рентабельділігі есеп-қисабының Қазақстан Республикасының салық заңнамасына, оның ішінде осы Қағидалардың 13-тармағына сәйкес келмеуі;
2) жер қойнауын пайдаланушының тиісті күнтізбелік жылға көмiрсутектердің рентабельділік деңгейін есептеу үшін пайдаланылатын негізсіз болжамды бағасын қолдануы;
3) кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) бойынша тиісті күнтізбелік жылға мәлімделген өндіру көлемінің жоспарланатын өндіру көлеміне сәйкес келмеуі;
4) егер өтініш ағымдағы күнтізбелік жылға берілсе, алдыңғы күнтізбелік жылдың деректерімен салыстырғанда не өтініш алдағы күнтізбелік жылға берілсе, енгізілетін түзетулерді ескергенде көрсетілген кезеңдегі бюджет негізінде есептелген жыл бойындағы болжамды деректер негізге алынған ағымдағы күнтізбелік жылдың деректерімен салыстырғанда көмірсутектердің бір тоннасына есептелген өндірістік шығындардың, өткізу шығындары мен жалпы әкімшілік шығындардың елеулі (10 %-дан жоғары) және (немесе) негізсіз ұлғайтылуы;
5) ағымдағы аяқталмаған күнтізбелік жылдың өтініш берілген күнінің алдындағы есепті кезеңдердің (жартыжылдық немесе тоғыз ай) қорытындылары бойынша кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) бойынша рентабельділіктің іс жүзіндегі деңгейінің 0 %-дан асып кетуі негіз болады.
Жер қойнауын пайдаланушыға көмірсутек кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен санатқа жатқызудан бас тартудың себептері жойылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы осы тарауда белгіленген тәртіппен уәкілетті органға өтінішті қайта жібереді.
2-параграф. Көмiрсутек кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу шарттары
13. Егер алдағы күнтiзбелiк жылдың немесе ағымдағы аяқталмаған күнтiзбелiк жылдың қорытындылары бойынша кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) бойынша рентабельдiлiктiң жоспарланатын деңгейi жер қойнауын пайдаланушы осы тармақта белгiленген тәртiппен дербес жүргiзетін есеп-қисаптар бойынша 0 %-ға тең немесе одан аз болса, көмiрсутек кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) рентабельдiлiгi төмен санатқа жатқызылады.
Көмiрсутектер кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) бойынша жоспарланатын рентабельдiлiк деңгейiнiң күнтiзбелiк жылдағы есеп-қисабы көмiрсутектердің тиiстi кезеңдегі бағаларын қоса алғанда, жер қойнауын пайдаланушының іс жүзіндегі және болжамды деректері мен уәкілеттi орган растаған өндiру көлемiнiң негiзiнде жүргiзiледi.
Кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) бойынша жоспарланатын рентабельдiлiк деңгейі мынадай формула бойынша айқындалады:
СРк=ТК(Зк)/ ЖЖКк*100, мұнда:
СРк – көмiрсутектер кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) бойынша сату рентабельдiлiгi, пайызбен;
ТЖк – осы тармаққа және Салық кодексі 757-бабының шарттарына сәйкес салықтық есепке алу саясатында бекітілген жер қойнауын пайдаланушының бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібіне сәйкес есептелген көмірсутектер кен орны (кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша таза кіріс;
Зк – көмiрсутектер кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) бойынша алынған және өтелмеген, Салық кодексінің 35-тарауына сәйкес есептелген, 2008 жылғы 31 желтоқсаннан кейін туындаған залал сомасы;
ЖЖКк – Салық кодексі 757-бабының шарттарына сәйкес салықтық есепке алу саясатында бекітілген жер қойнауын пайдаланушының бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібіне сәйкес есептелген көмірсутектер кен орны (кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша жылдық жиынтық кіріс.
Салықтық кезеңде көмiрсутектер кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) бойынша таза кірістің мөлшерiн жер қойнауын пайдаланушы мынадай формула бойынша айқындайды:
ТКк = ССКк – КТСк, мұнда:
КТСк – Салық кодексі 757-бабының шарттарына сәйкес салықтық есепке алу саясатында бекітілген жер қойнауын пайдаланушының бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібіне сәйкес есептелген көмірсутектер кен орны (кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша корпоративтік табыс салығы;
ССКк – Салық кодексі 757-бабының шарттарына сәйкес салықтық есепке алу саясатында бекітілген жер қойнауын пайдаланушының бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібіне сәйкес есептелген, Салық кодексінің 24-тарауында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына азайтылған көмірсутектер кен орны (кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша салық салынатын кіріс.
Салық салынатын кірісті айқындаған кезде қосымша салық мiндеттемелерiнiң есебінен шегерімдер сомасын не ұлғайтылуы табиғи монополия субъектiсiнiң реттеліп көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) тарифтерінің жоғарылауымен байланысты шығыстар есебінен шегерімдер сомасының ұлғаюын қоспағанда, салықтық кезеңдегі шегерімдер сомасы алдыңғы салықтық кезеңдегі шегерімдер сомасынан аспауға тиіс. Ағымдағы аяқталмаған (алдағы) күнтiзбелiк жылы көмiрсутектер өндiрудiң жоспарланатын көлемi алдыңғы (ағымдағы) күнтізбелік жылдың деңгейiнен 10 %-дан аса ауытқыған жағдайда көмiрсутек кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) бойынша рентабельділік деңгейін айқындау мақсаттары үшін шегерiмдер сомасы өндiру көлемiнiң өзгеруіне қарай пропорционалды түрде түзетiледі.
14. Рентабельділігі төмен санатқа жатқызылатын көмiрсутектер кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) үшін ПҚӨС мөлшерлемесі кен орны бойынша рентабельділік деңгейін 0 % деңгейіне жеткізу мақсатында мұнайдың бір баррелі үшін әлемдік бағалар шәкілі бойынша 1 АҚШ доллары қадамымен белгіленеді.
Рентабельділігі төмен санатқа жатқызылған көмiрсутектер кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) бойынша ПҚӨС ең төмен мөлшерлемесі тиісті салықтық кезеңде қолданылатын ПҚӨС жалпыға бірдей белгіленген мөлшерлемесінің 5 %-ы мөлшерінде белгіленеді. Бұл ретте осы Қағидаларға сәйкес рентабельділігі төмен санатқа жатқызылған кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) үшін белгіленетін ПҚӨС мөлшерлемесі тиісті салықтық кезеңде қолданылатын ПҚӨС жалпыға бірдей белгіленген мөлшерлемелерінен аспауға тиіс.
Егер рентабельділігі төмен санатқа жатқызылған көмiрсутектер кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) үшін тиісті күнтізбелік жылға арналған ПҚӨС мөлшерлемесі көрсетілген жыл ішінде белгіленсе, онда күнтізбелік жылдың басынан бері төленген ПҚӨС өткен салықтық кезеңдерде іс жүзінде қалыптасқан бағалар негізге алына отырып, осы тарауға сәйкес белгіленген мөлшерлемелер бойынша қайта есептеледі.
Салық кодексінің 776-бабында белгіленген тәртіппен айқындалатын баға негізінде осы тармаққа сәйкес белгіленген мөлшерлемелерді жер қойнауын пайдаланушы өз бетінше қолданады.
15. Салық төлеушi осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес белгіленген ПҚӨС мөлшерлемелерін қолданған күнтiзбелiк жылдан кейiнгi жылдың 15 ақпанынан кешiктiрілмейтін мерзімде осы ПҚӨС мөлшерлемелері қолданылған нақты деректердің негiзiнде өткен жылдың рентабельдiлiк көрсеткiштерiнiң есеп-қисабын жүргiзедi.
Егер кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) бойынша нақты рентабельділік деңгейі 0 % мәнінен асып кетсе, жер қойнауын пайдаланушы мынадай формуламен есептелетін мөлшерлеме бойынша ПҚӨС бойынша салықтық міндеттемелерді қайта есептеуді жүргізеді:
СПк= ЖЖКк- Шк/ СБк*100, мұнда:
СПк – көмiрсутек кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бiр бөлiгi) бойынша ПҚӨС мөлшерлемесі, пайызбен;
ЖЖКк – Салық кодексі 757-бабының шарттарына сәйкес салықтық есепке алу саясатында бекітілген жер қойнауын пайдаланушының бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібіне сәйкес есептелген көмірсутектер кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша жылдық жиынтық кіріс;
Шк – Салық кодексі 757-бабының сәйкес салықтық есепке алу саясатында бекітілген жер қойнауын пайдаланушының бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібіне сәйкес есептелген ПҚӨС қоспағанда, көмірсутектер кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша шегерімдер;
СБк – Салық кодексінің 757-бабының шарттарына сәйкес салықтық есепке алу саясатында бекітілген жер қойнауын пайдаланушының бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібіне сәйкес есептелген көмірсутектер кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша ПҚӨС салықтық базасы.
Бұл ретте осы тармаққа сәйкес есептелген ПҚӨС мөлшерлемесінің мөлшері үлкен санға қарай дөңгелектеу арқылы үтірден кейін екі белгіге дейінгі дәлдікпен есептеледі және осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген шекті мәндердің шеңберінен аспауға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушы ПҚӨС мөлшерлемесінің алынған мәнін өткен күнтізбелік жылға төленуге тиіс ПҚӨС сомасын есептеу үшін қолданады. Егер осы тармаққа сәйкес өткен күнтізбелік жылға есептелген ПҚӨС сомасы осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес белгіленген мөлшерлеме бойынша өткен күнтізбелік жылға есептелген ПҚӨС сомасынан асып кетсе, асып кеткен тиісті сома ПҚӨС жөніндегі қосымша декларацияда көрсетіледі. Осы декларацияда көрсетілген ПҚӨС сомасы өткен күнтізбелік жылдың 4-тоқсанының салықтық міндеттемесі болып табылады және жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен төленеді. Рентабельділіктің нақты деңгейі осы Қағидалардың 14-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген формула бойынша есептелген кезде пайдаланылған көрсеткіштер өзгерген жағдайда жер қойнауын пайдаланушы осындай өзгерістер салықтық есепке алуда көрсетілген сәттен бастап күнтізбелік 45 күннен аспайтын мерзімде салықтық міндеттемелерді осы тармаққа сәйкес қайта есептеуді және орындауды өзі жүргізеді.
16. ПҚӨС мөлшерлемесі күнтізбелік бір жылға белгіленеді және көрсетілген уақыт өткеннен кейін жарамсыз деп есептеледі.
_____________________________
| Көмiрсутектер кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу қағидаларына және пайдалы қазбаларды өндiру салығы бөлігінде салық салу тәртібіне қосымша |
Кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу туралы өтініш
1. Жер қойнауын пайдаланушының (заңды не жеке тұлғаның) толық атауы:
______________________________________________________________
______________________________________________________________
2. Орналасқан жері (пошталық мекенжайы):
_______________________________________________________________
3. Бизнес-сәйкестендіру нөмірі немесе жеке сәйкестендіру нөмірі
______________________________________________________________.
4. Көмірсутектерді өндіру жүзеге асырылатын және кен орнын (кен орындарының
тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу тәртібін
қолдану көзделетін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт: 4.1.
Келісімшарт тараптарының толық атауы, келісімшарт жасалған күн:
______________________________________________________________;
4.2. Құзыретті органда келісімшарттың тіркелген күні мен нөмірі:
______________________________________________________________;
4.3. Келісімшарттың (кен орнының, кен орындары тобының, кен орнының бір
бөлігінің) атауы:
_______________________________________________________________;
4.4. Келісімшарттық аумақтың (кен орнының, кен орындары тобының, кен орнының
бір бөлігінің) орналасуы:
______________________________________________________________;
4.5. Өндірілетін пайдалы қазбаның түрі: _____________________________;
5. Өтініш беруге негіз (таңдаған жолдарға "Х" белгісін қойыңыз):
рентабельділігі төмен.
6. Байланысатын адам (тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), лауазымы, телефоны):
_______________________________________________________________.
Қосымшалар:
______________________________________________________________
______________________________________________________________
______________________________________________________________
Басшының тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), лауазымы
_______________________________________________________________
Мөрдің орны (бар болса) Өтініш берілген күн: 20__ ж. "___" __________