Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, біртұтас телекоммуникация желілерінің ресурстарын Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының қажеттері үшін әзірлеу мен пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 164 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау органдарының қажеттіліктері үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, телекоммуникациялардың бірыңғай желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы";
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау органдарының қажеттіліктері үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, телекоммуникациялардың бірыңғай желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану қағидалары бекiтiлсiн.";
көрсетілген қаулымен бекітілген Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, біртұтас телекоммуникация желілерінің ресурстарын Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының қажеттері үшін әзірлеу мен пайдалану қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 20 қарашадағы № 988 қаулысына қосымша Қазақстан Республикасы Yкiметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 164 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау органдарының қажеттіліктері үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, телекоммуникациялардың бірыңғай желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау органдарының қажеттіліктері үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, телекоммуникациялардың бірыңғай желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және пайдаланушы болып табылатын Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау органдарының қажеттіліктері үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, телекоммуникациялардың бірыңғай желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысының телекоммуникация (байланыс) жүйесі – төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс әскерлерін басқаруды қамтамасыз ету үшін әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде қолданылатын телекоммуникация желісінің ресурстарын пайдалануға бағытталған ұйымдық-техникалық іс-шаралар кешені;
2) байланыс арналарын ауыстыру немесе зақымданған жағдайда оларды қалпына келтіру жөніндегі шұғыл шаралар – резервтегі байланыс арналарын, желілерін, құралдарын, қосалқы мүлік пен керек-жарақтарды пайдалануды, жұмыс уақытынан тыс жұмыстарды, түнгі уақыттағы жұмыстарды жүргізуді, жұмыскерлерді демалыстардан және іссапарлардан шақыртуды, басқа ұйымдарды және арнайы құралымдарды тартуды қамтитын байланыс қызметтерін көрсетуді жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар кешені;
3) басым тәртіппен көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсыну – кезектілік тәртібімен немесе бұрын жасалған шарттардың талаптары бойынша көрсетілетін байланыс қызметтерін алуға құқығы бар барлық мүдделі жеке және заңды тұлғалармен келіспей және кезектен тыс байланыс қызметтерін көрсету;
4) бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстары – ортақ пайдаланылатын, арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілері, ведомстволық, бөлінген, корпоративтік ақпарат беру желілері, телевизиялық және радиохабар тарату желісі иелерінің көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсынуының техникалық және әкімшілік мүмкіндіктері;
5) ерекше маңызды жұмыстар мен іс-шаралар – мемлекет және үкімет басшыларының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүруіне байланысты жұмыстар мен іс-шаралар;
6) телекоммуникация желілерін дайындау және пайдалану – телекоммуникация желілері арқылы байланыс қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ететін жағдай жасауға және пайдаланушылардың мұқтажын қанағаттандыру үшін оларды тікелей көрсетуге бағытталған шаралар кешені.
2-тарау. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау органдарының қажеттіліктері үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, телекоммуникациялардың бірыңғай желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану тәртібі
1-параграф. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының күнделікті мұқтажы үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану
3. Пайдаланушылардың телекоммуникация желілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілері, сондай-ақ тиісті лицензиялар негізінде басқа да телекоммуникация желілері пайдаланылады. Пайдаланушыларға көрсетілетін байланыс қызметтері шарт негізінде жүзеге асырылады.
4. Байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарт техникалық ерекшелік негізінде жасалады. Көрсетілген шартта техникалық сипаттама мен сапа сипаттамасынан басқа мыналар көзделеді:
1) байланыс арналарын, желілері мен құралдарын резервке қоюды қамтамасыз ету;
2) электр сигналдарын тарату ортасына қойылатын талаптар;
3) ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар;
4) байланыс арналарын, желілерін, құралдарын уақытша жалға беру, олардың жұмыс параметрлері мен төлемақысын өзгерту қызметтерін көрсету;
5) зақымдалған жағдайда байланыс арналарын ауыстыру немесе оларды қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылдау;
6) техникалық қызмет көрсету үшін байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұру.
5. Уақтылы төлемнің болмауы, сондай-ақ шарттың қолданылу мерзімінің аяқталуы пайдаланушыларға байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұруға немесе тоқтатуға негіз болып табылмайды. Шарттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін көрсетілген байланыс қызметтеріне ақы төлеу нақты көрсетілген байланыс қызметі үшін қосымша келісім негізінде жүргізіледі.
Шартты ұзарту, төлем жүргізу немесе оны қабылдау объективті себептер бойынша мүмкін болмайтын жағдайлар туындаған кезде сол тарап екінші тарапқа тәуекелдер мен тарифтер жазылған кепілдеме хат жібереді.
6. Арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерін құру, басқару, пайдалану, нөмірлеуді бөлу, жұмыс істеуін, ақпараттық қауіпсіздігін, трафик өткізуді, өзара іс-қимыл жасау және пайдалануға қабылдау (пайдаланудан шығару) шарттарын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету тәртібін осы желілер арқылы қажеттілігін қамтамасыз ету көзделіп отырған пайдаланушылардың басшылары айқындайды.
7. Егер шарт талаптарында өзгеше ескерілмесе, арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерін байланыс операторларының және (немесе) байланыс желісі иелерінің желілеріне қосу тапсырыс берушінің күшімен және құралдарымен жүзеге асырылады.
8. Байланыс арналарын алдын ала шарт жасамай сағатпен, уақытпен және уақытша-кезеңге жалға беруді байланыс операторлары және (немесе) байланыс желісінің иелері басқа тұтынушылар алдында басымдығы бар пайдаланушылардан өтінім түсу шамасына қарай кезектілік тәртібімен жүзеге асырады.
9. Ведомстволық іс-шараларды (оқу-жаттығу, жаттықтыру) жүргізу мақсатында пайдаланушыларға байланыс қызметтерін көрсету көлемін ұлғайту өтініш бойынша қолданыстағы шарттардың талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі. Инфрақұрылым жоқ аудандарда байланыс операторлары мобильді байланыс, ақпараттандыру және құлақтандыру кешендерін қолданады.
10. Арнайы мақсаттағы байланыс желісінің иелері өздерінің ортақ құзыретіне кіретін телекоммуникация саласындағы мәселелерді шешу үшін өздерінің басшылары қол қойған шешімдер қабылдайды.
11. Байланыс операторларының және (немесе) байланыс желілері иелерінің бөлімшелері осы Қағидаларға сәйкес пайдаланушылардың тиісті бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасайды.
12. Пайдаланушылардың қажеттілігі үшін шетел мемлекеттерінің ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін және арнайы мақсаттағы телекоммуникация желісінің ресурстарын пайдалану халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылады.
13. Күнделікті қажеттіліктер үшін пайдаланушыларға байланыс операторлары көрсететін қызметтердің көлемі оларға төтенше жағдайлар, терроризмге қарсы операция, төтенше және соғыс жағдайлары, жұмылдыру, соғыс уақыты режимдерін қамтамасыз ету кезінде де көрсетіледі.
14. Қазақстан Республикасының Президентін және басқа да лауазымды адамдарды аса маңызды жұмыстарды және іс-шараларды жүргізу кезеңінде қорғалған байланыспен қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің президенттік байланыс бөлімшелері үшін байланыс желілерін, арналарын, құралдарын бөлу ерекшеліктері байланыс операторлары мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі арасындағы жеке бірлескен келісімдермен айқындалады.
2-параграф. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде Қазақстан Республикасы қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының қажеттілектері үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану
15. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде пайдалануға дайындауға Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасының азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызылған ұйымдарға қатысты талаптарын орындау кіреді.
16. Республикалық және аумақтық деңгейлердегі азаматтық қорғаудың хабардар ету жүйелерін құру, сондай-ақ жабдыққа техникалық қызмет көрсету, жоспарлы және ағымдағы жөндеу, хабардар ету жүйелерінің байланыс арналарын ұйымдастыру және оларды күтіп ұстау азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшелерінің және жергілікті атқарушы органдардың бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Хабардар ету жүйелерінің байланыс арналары ретінде ведомстволық телекоммуникация желісінің ресурстары, ортақ пайдаланылатын, арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілері, ақпаратты берудің корпоративтік, бөлінген, телевизиялық және радиохабар тарату желілері пайдаланылады.
17. Байланыс операторлары азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшелерінің және оның аумақтық бөлімшелерінің мүддесінде байланыс қызметтерін шарт негізінде көрсетеді. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі төнген немесе сондай жағдайлар туындаған кезде азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің көрсетілетін байланыс қызметтерін алуда басқа пайдаланушылар алдында басым құқығы болады.
18. Арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерінің, ақпарат берудің ведомстволық, бөлінген, корпоративтік, телевизиялық және радиохабар тарату желілерінің ресурстарын ұсыну пайдаланушылардың бірінші басшылары арасындағы бірлескен шешімдер негізінде жүзеге асырылады.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезеңінде арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерінің, ведомстволық, бөлінген және корпоративтік телекоммуникация желісінің ресурстары азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшелерінің мұқтажы үшін өтініш бойынша беріледі.
19. Объект деңгейіндегі құлақтандыру жүйелерінің жабдығын құру, пайдалану, техникалық қызмет көрсету, жоспарлы және ағымдағы жөндеу, сондай-ақ олардың іркіліссіз жұмыс істеуі үшін қажетті, оның ішінде аумақтық деңгейдегі азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесінің басқарушы жабдығына дейінгі байланыс арналарын ұйымдастыру және күтіп ұстау қауіпті өндірістік объектілер мен адамдар көп келетін объектілерді пайдаланатын ұйымдардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
20. Байланыс операторлары өтеусіз негізде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1274 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12802 болып тіркелген) бекітілген Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік "112" қызметіне қоңырау шалушы абоненттің орналасқан жерін анықтау және төтенше жағдайлар қатері төнген немесе туындаған және әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қатерін болдырмау, төтенше жағдайды енгізу кезінде қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібі мүддесінде халықтың ұялы байланыс телефондарына қысқа мәтіндік хабарлар жіберу жөнінде қызметтер көрсету мақсатында байланыс операторларының желілерін пайдалану қағидаларына сәйкес бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік "112" қызметімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
21. Телекоммуникация желілерінің және ақпарат жүйесінің иелеріне абоненттердің бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің, өртке қарсы қызмет, құқық қорғау органдары, кезек күттірмейтін медициналық жедел жәрдем қызметтерінің, авариялық-құтқару және басқа да қызметтердің нөмірлеріне, азаматтардың, елді мекендер мен өндірістік объектілердің тіршілік әрекеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті төтенше жағдайлар, табиғи және техногендік апаттар, ауа райы, санитариялық-эпидемиологиялық және өзге де жағдайлар туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділігін шектеуге тыйым салынады.
22. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация, телерадиохабар тарату желілерінің, ақпараттандыру объектілерінің иелері азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті органның өтініші бойынша республикалық және аумақтық деңгейлердегі құлақтандыру жүйелерінің басқару арналарын циркулярлы шақырудың, бейне- және радиосигналдарды, мәтіндік және электрондық хабарламаларды берудің қолданыстағы жүйелеріне қосады.
23. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарында азаматтық қорғау органдарының бөлімшелерімен, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға жұмылдырылған басқа да ведомстволармен байланысты ұйымдастыру азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға жүктеледі. Осы мақсаттар үшін азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган байланыс жоспарын әзірлейді. Байланыс жоспарынан үзінді көшірмелер мүдделі басқару органдарының назарына жеткізіледі.
24. Байланыс операторлары және (немесе) байланыс желісінің иелері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі төнген немесе сондай жағдайлар туындаған кезде уақытша орналасу пунктіндегі штаб пен олардың салдарын жоюға қатысатын күштер үшін шарт ресімдемей өтініш бойынша байланыс арналарын, желілері мен құралдарын бөліп, шығындарды кейіннен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 7 ақпандағы № 115 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде, төтенше жағдай енгізілген кезде байланыс операторларының желілері мен байланыс құралдары пайдаланылған жағдайда олардың шеккен шығыстарын өтеу қағидаларына (бұдан әрі – Шығыстарды өтеу қағидалары) сәйкес өтейді.
25. Арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерін қоспағанда, бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын орталықтан басқаруды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға байланысты төтенше жағдай жарияланған немесе енгізілген кезде байланыс саласындағы уәкілетті орган пайдаланушылармен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
26. Адамдарды құтқару үшін авариялық-құтқару, кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде, сондай-ақ аса қажет болған жағдайда кәсіпқой және ерікті авариялық-құтқару қызметтерінің және құралымдарының құтқарушыларына табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған аймақтардағы ұйымдардың байланыс құралдарын пайдалануға рұқсат етіледі. Құтқарушылардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған аймақтардағы ұйымдардың байланыс құралдарын пайдалануы және оларды қайтару мерзімі туралы шешімді табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою басшысы қабылдайды.
27. Оқу-жаттығу мен жаттықтыру өткізу кезінде азаматтық қорғау органдарына байланыс операторлары көрсететін қызметтердің көлемі өтініш беру арқылы қолданыстағы шарттардың талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі. Байланыс инфрақұрылымы дамымаған аудандарда байланыс операторлары (қажет болған кезде) азаматтық қорғау органдарына байланыстың, ақпараттандыру мен құлақтандырудың мобильді кешендерін береді.
3-параграф. Терроризмге қарсы операция, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай, төтенше жағдай режим қолданылатын кезеңде Қазақстан Республикасының қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының қажеттілектері үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану
28. Терроризмге қарсы операция, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай, төтенше жағдай режимдері енгізілген кезде пайдаланушылардың қажеттіліктері үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын дайындау Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын байланыс операторларының және (немесе) байланыс желілерін иеленушілердің Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2024 жылғы 19 қыркүйектегі № 128/қе бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35121 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын байланыс операторларының және (немесе) байланыс желілерін иеленушілердің жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын техникалық тұрғыдан жүргізу үшін өзінің телекоммуникациялық жабдығының функцияларын өз қаражаты немесе тартылған қаражат есебінен қамтамасыз ету қағидаларына және байланыс желілері мен құралдарына қойылатын талаптарға сәйкес жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын техникалық тұрғыдан жүргізу үшін өзінің телекоммуникациялық жабдығының функцияларын өз қаражаты немесе тартылған қаражат есебінен қамтамасыз етуін ескере отырып жүзеге асырылады.
29. Жұмыс орындарын, телекоммуникациялық жабдықты, байланыс арналары мен желілерін қамтитын жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізу үшін арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерінің ведомстволық сегменттерін ұлттық қауіпсіздік органдарының жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізу үшін арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілеріне жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын жүзеге асыратын органдар қосылу нүктелері арқылы қосады.
Қосылу нүктелерін ұлттық қауіпсіздік органдары айқындайды.
30. Байланыс саласындағы уәкілетті орган ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқаруды жедел штабпен немесе мемлекеттік органмен өзара іс-қимыл жасай отырып жүргізеді. Мемлекеттік органның өкілі "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына сәйкес жергілікті жердің коменданты болып тағайындалады.
31. Жедел штаб басшысының немесе жергілікті жер комендантының шешімі бойынша байланыс операторлары президенттік және үкіметтік байланысты, сондай-ақ шұғыл қызметтердің байланыс желілері мен құралдарын қоспағанда, жеке және (немесе) заңды тұлғаларға байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұрады және (немесе) байланыс желісі мен құралдарын пайдалануды шектейді.
32. Телерадиохабар тарату объектілерінің, мемлекеттік органдардың жаһандық және ведомстволық ақпараттық желісінің иелері төтенше жағдай енгізілген жергілікті жер комендантының шешімі бойынша тиісті жергілікті жердің тұрғындарын төтенше жағдай шарттарында қолданылатын енгізілген шараларды және уақытша шектеулерді орындау қажеттілігі туралы хабардар етеді.
33. Байланыс желілері мен құралдарының иелері теңіздегі, құрлықтағы, әуедегі, ғарыш кеңістігіндегі адамдар өмірінің қауіпсіздігіне қатысты барлық хабарламаларға, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау саласындағы кезек күттірмейтін іс-шараларды, ерекше маңызды жұмыстар мен іс-шараларды жүргізуге, төтенше жағдайлар туралы хабарламаларға абсолютті түрде басымдық беруге, байланыс қызметтерін басым тәртіппен көрсетуге және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге жұмылдырылатын мемлекеттік органдардың мүдделерінде байланысты қалпына келтіруге қатысты кезек күттірмейтін шаралар қабылдауға тиіс.
34. Төтенше жағдай енгізілген жергілікті жер комендатурасының аппараты төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды және (немесе) олардың салдарын жоюға қатысатын пайдаланушылардың арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастырады. Осы мақсаттар үшін байланыс жоспары әзірленеді, ал басшылық бір типті байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі.
4-параграф. Жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақыты кезеңінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының қажеттіліктері үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану
35. Бейбіт уақытта пайдаланушылар байланыс саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен соғыс уақытына арналған байланыс арналары мен құралдарын броньдауды жүзеге асырады.
36. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерінің қалааралық және халықаралық байланыс операторы алынған өтінімдер негізінде өзара байланысты телекоммуникация желісінің мүмкіндігін ескере отырып, жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақыты кезеңінде ұсынылатын байланыс арналарының (жолдарының) тізбелерін әзірлейді және оларды өзінің филиалдарына, басқа да байланыс операторларына жеткізеді.
Пайдаланушылар байланыс құралдары құрамдас арналарда пайдаланылатын барлық байланыс операторларымен және ведомстволық желі иелерімен арналарды жалға алуға шарттар жасасады.
37. Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстарын жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақыты кезеңінде пайдалануға дайындау Қазақстан Республикасының аумағын жедел жабдықтау жоспары, сондай-ақ:
1) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті орган;
2) мемлекеттік органдар;
3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері;
4) байланыс операторлары мен жұмылдыру тапсырыстарын алған ұйымдар әзірлейтін жұмылдыру жоспарлары негізінде жүргізіледі.
38. Қазақстан Республикасының аумағын жедел жабдықтау жоспарын және жұмылдыру жоспарын іске асыру үшін жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік органдармен келісу бойынша тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жоспарын әзірлейді. Байланыс жұмыстарын орындау және қызметтерін көрсету жөніндегі жұмыстар арналарды жасауға қатысатын операторларға, сондай-ақ байланыс желілеріне техникалық қызмет көрсетуді және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын ұйымдарға жұмылдыру тапсырыстармен жүктеледі.
39. Қорғаныс мүддесінде жұмыстарды орындау және байланыс қызметтерін көрсету шарттарында мынадай мәселелер де көзделеді:
1) жұмыстарды орындауды (байланыс қызметтерін көрсетуді) бастаудың шарты;
2) көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсыну кезектілігі (кезеңдері);
3) арнайы құралымдарды құру және оларды ұстау;
4) жұмылдыру резервтерін құру, оларға қолсұғылмаушылық, жаңғырту және техникалық қызмет көрсету;
5) ұйымдардың жұмыс режимдері, сондай-ақ жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақыты жарияланған кезде байланыс қызметтерін көрсету шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;
6) байланыс желілерін басқару орталықтарының өзара іс-қимыл жасау тәртібі;
7) байланыс қызметтеріне ақы төлеу және оларды көрсету сапасы бойынша өзара міндеттемелер;
8) орындаушыға байланыс қызметтерін көрсетуден келтірілген шығынды өтеу.
40. Жұмылдыру тапсырысының көрсетілетін қызметтерін жеткізушіні таңдау мақсатында байланыс операторлары, сондай-ақ байланыс желілеріне техникалық қызмет көрсетуді және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын ұйымдар пайдаланушылардың сұратуы бойынша өндірістік, қаржылық және қойма мүмкіндіктері туралы ақпарат береді.
41. Жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақыты кезеңінде қосымша арна беретін қалааралық және халықаралық байланыс операторларының, байланыс желілеріне техникалық қызмет көрсетуді және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын, жұмылдыру тапсырыстары бар ұйымдардың жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақытында жұмыс істеуі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 24 қаңтардағы № 28 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14881 болып тіркелген) Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидаларына сәйкес мамандарды броньдаумен қамтамасыз етіледі.
42. Соғыс уақытына қосымша арна ұсынатын қалааралық және халықаралық байланыс операторларының, байланыс операторларының және байланыс желілеріне техникалық қызмет көрсетуді және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын, жұмылдыру тапсырыстары бар ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуін арттыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктері арнайы құралымдар құрады. Арнайы құралымдарды ұстау шығыны тиісті бюджеттен өтеледі, ал жарақтандыру материалдық резервтен жүргізіледі. Арнайы құралымдарды мемлекеттік органдар жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақыты кезеңінде арнайы мақсаттағы байланыс желілерін жұмысқа қабілетті күйде ұстау және оларды өрістету үшін құрады.
43. Бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстары негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктері төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңіне Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысының байланыс жүйесін құрады.
Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысының байланыс жүйесін өрістету барысында мыналар көзделеді:
1) жоғары тұрған әскери басқару органымен және Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысының бөлімшелерімен тұрақты байланысты қамтамасыз ету;
2) арнайы құралымдар күштерінің жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуі;
3) байланыс мүлкінің резервтерін құру;
4) байланыс қауіпсіздігі іс-шараларын орындау;
5) телекоммуникация желілерін басқарудың орталықтандырылған жүйесін құру;
6) телекоммуникация желілерінде ақпараттық қарсы күрес міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету.
44. Бейбіт уақытта жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті орган қалааралық және халықаралық байланыс операторларын, сондай-ақ жұмылдыру тапсырыстары бар байланыс операторларын тарта отырып, әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізеді. Осы мақсаттар үшін байланыс қызметтерін көрсету бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен қолданыстағы тарифтер бойынша жеке төлеммен жүргізіледі.
45. Жұмылдыру жарияланған, соғыс жағдайы енгізілген кезде және соғыс уақыты кезеңінде қалааралық және халықаралық байланыс операторлары қосымша байланыс арналарын беруді жүзеге асырады, жұмылдыру тапсырыстары бар байланыс операторлары, байланыс желісінің иелері және ұйымдар жұмылдыру жоспарларында көзделген іс-шараларды орындауға кіріседі.
46. Ұрыс іс-қимылдарының нәтижесінде байланыс қызметтерін көрсету бойынша жұмылдыру тапсырыстарын орындайтын байланыс операторлары және (немесе) байланыс желісі иелері шеккен шығын шығыстарды өтеу қағидаларына сәйкес өтеледі.
47. Жұмылдыру, соғыс жағдайы, соғыс уақыты жарияланған кезде байланыс саласындағы уәкілетті орган бірлесіп әскери басқару органы және Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс бөлімшелері құрамында жұмылдыру тапсырмасын орындауға кіріседі.
Байланыс саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының барлық аумағында жұмылдыру, соғыс жағдайы, соғыс уақыты жарияланған кезде құзыреті шегінде қорғаныс органдарының жұмылдыру жоспарларының, тапсырмалары мен шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді.
48. Шарттарда көзделмеген пайдаланушылардың қажеттіліктері үшін байланыс операторларының байланыс қызметтерін көрсетуі уақытша жалдау шарттарында қорғаныс органдарының бұйрықтарына сәйкес өтініш негізінде жүзеге асырылады, шығыстар кейіннен қолданыстағы тарифтер бойынша өтеледі.
Жұмылдыру тапсырыстарын орындайтын байланыс операторларының нұсқауларын басқа операторлар дереу орындайды.
49. Байланыс саласында қызметін жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің қорғаныс қажеттіліктеріне қажетті байланыс құралдары "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабына сәйкес реквизицияланады.
50. Жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақыты кезеңінде азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған телекоммуникация желілерінің объектілерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері күзетеді.