"Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 22-бабының 7-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігінің сұрыптарын өнеркәсіптік қайта өңдеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 7 қарашадағы № 936 қаулысымен бекітілген |
Есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігінің сұрыптарын өнеркәсіптік қайта өңдеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігінің сұрыптарын өнеркәсіптік қайта өңдеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Есірткі құралдары, психотроптық заттар, олардың аналогтары мен прекурсорлары және олардың заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл шаралары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 22-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігінің сұрыптарын өнеркәсіптік қайта өңдеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) қаралап тазарту – сора (каннабис) сабағын лигниннен, сүрек тозаңынан арылту процесі;
2) декортикация – сора (каннабис) талшығын кострадан механикалық жолмен ажырату;
3) кендір талшықтары – сора (каннабис) сабағынан алынатын қылшықты тінді техникалық талшық;
4) костра – сора (каннабис) сабағының ішкі сүрек бөлігі;
5) реттинг – сора (каннабис) талшығын кострадан биохимиялық ажырату;
6) сора (каннабис) – есірткі мен психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген, құрамындағы тетрагидроканнабинол 0,3 %-дан аспайтын сора (каннабис) өсімдігінің сұрыптарынан алынатын шикізат;
7) тарау – сора (каннабис) талшығын жазып түзету және сұрыптау процесі;
8) тетрагидроканнабинол (бұдан әрі – ТГК) – каннабиноидтар тобына жататын, сора (каннабис) өсімдігінің негізгі психобелсенді компоненті болып табылатын, адамның орталық жүйке жүйесіне әсерін тигізетін, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бақыланатын заттар тізбесіне енгізілген химиялық қосылыс;
9) түту – сораның (каннабистің) кендір талшығын ұсақ қоспалар мен жете бөлінбеген бөлшектерден арылту процесі.
3. Есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігінің сұрыптарын өнеркәсіптік өңдеу өнеркәсіптің түрлі салаларында түпкілікті өнім алу мақсатында жүзеге асырылатын технологиялық процестерден тұрады және өнеркәсіптік өңдеуге қабылдауды, бастапқы және (немесе) терең өңдеуді қамтиды.
2-тарау. Сораны (каннабисті) өндірістік өңдеуге қабылдау тәртібі
4. Сораны (каннабисті) өнеркәсіптік өңдеуді жүзеге асыратын өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері сора (каннабис) сабақтарын партиямен қабылдайды.
5. Есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігінің бір сұрыптағы, бір мезгілде жиналған, бір уақытта тапсыруға арналған және бір құжатпен ресімделген сора (каннабис) сабақтарының кез келген саны партия деп есептеледі.
6. Сора (каннабис) сабағы сора (каннабис) өсімдігіндегі ТГК деңгейі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормадан аспайтынын растайтын, заңнамада белгіленген тәртіппен сот-сараптамалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлға берген сараптама қорытындысы негізінде орам немесе престелген бау түрінде қабылданады.
3-тарау. Сораны (каннабисті) бастапқы өңдеу тәртібі
7. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері сора (каннабис) сабағындағы ішкі сүрек бөлігінен (костра) кендір талшығын (тін) ажыратады.
Сора (каннабис) сабақтарын бөлу реттинг немесе декортикация жолымен жүргізіледі. Реттингтің негізгі әдістеріне судағы, даладағы, химиялық реттинг әдістері жатады:
судағы реттинг кезінде сабақтар 1-2 апта суға (өзенде, тоғанда немесе бассейндерде) салып қойылады. Микроорганизмдер талшық пен костраны байланыстыратын пектин (желім тәрізді зат) ыдыратады;
даладағы (табиғи) реттинг кезінде сабақтар далаға төселеді және 2-4 апта бойы жаңбырдың, күннің астында жатып, микроорганизмдердің әсеріне ұшырайды;
химиялық реттинг кезінде талшықтарды ажыратуды жеделдету үшін сілтілік немесе қышқылдық ерітінділер қолданылады.
Декортикация кезінде сора (каннабис) сабақтары біліктері мен щеткалары бар арнайы станоктардан өткізіледі.
8. Қажет болған жағдайда кендір талшығы одан әрі өңдеуді жақсарту үшін ылғалдандырылады.
9. Кендір талшығы таралады, түтіледі және қаралап тазартылады. Алынған кендір талшықтары МемСТ 10379-76 "Түтілген кендір. Техникалық шарттар", МемСТ 9993-74 "Қысқа кендір. Техникалық шарттар", МемСТ 23087-78 "Экспортқа арналған қысқа кендір. Техникалық шарттар" халықаралық стандарттарына сәйкес келуге тиіс.
10. 40 – 70 °C оңтайлы температура кезінде кендір талшығын кептіру жүргізіледі. Талшықтың жасушалық құрылымына зақым келтірмеу үшін кептіру процесі бақылануға және жұмсақ болуға тиіс.
Кендір талшығы 15 %-дан аспайтын ылғалдылыққа дейін кептірілуге тиіс.
Қажет болған жағдайда табиғи немесе желдетілетін камераларда дайындау мақсатындағы кептіру жүргізіледі.
11. Тазартылған және кептірілген кендір талшығы ұзындығы мен сапасына қарай сұрыпталады.
Әрбір партия ылғалдылығы 12 %-дан аспайтын, салмағы 150 – 250 кг болатын бумаларға (қажет болған жағдайда) престеледі және сақтауға және (немесе) одан әрі химиялық өңдеуге жіберіледі.
Бумалар кендір талшығының сұрыбы, партиясы, ылғалдылығы және престелген күні көрсетіліп таңбаланады.
12. Костраны өңдеу түпкілікті өнімге байланысты жүргізіледі.
13. Кендір талшығы мен костраны сақтау арнайы қоймаларда, ал ондайлар болмаса – санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келетін, ыңғайластырылған құрғақ үй-жайларда жүзеге асырылады.
Ылғалды үй-жайларда қоймаға жинауға, ашық от, жанғыш сұйықтық тигізуге және ұшқын немесе жоғары температура көздеріне жақын орналастыруға жол берілмейді.
4-тарау. Сораны (каннабисті) терең өңдеу тәртібі
14. Сораны (каннабисті) терең өңдеу қосылған құны жоғары өнім алуға бағытталған технологиялық процестерді қамтиды:
1) тоқыма өнеркәсібі – зығыр-кендір мата, арқан, тоқылмаған материалдар, техникалық жіп және басқалар өндірісі;
2) целлюлоза-қағаз өнеркәсібі – қағаз, картон, сүзгі материалдары және басқалар өндірісі;
3) құрылыс өнеркәсібі – арболит, сора бетонын (hempcrete), жылу оқшаулағыш тақта және басқалар жасау;
4) тамақ өнеркәсібі және жемшөп дақылдары – тағам майын, күнжара, ұн, ақуыз концентраттарын, жануарларға арналған жемшөп және басқа да өнімдер өндірісі;
5) биокомпозиттер – автомобиль жасау үшін бөлшектер, жиһаз, қаптама және басқалар өндірісі.
Сораны (каннабисті) терең өңдеу қауіпсіздік стандарттары мен талаптарына сәйкес келетін өнім өндіруге бағытталған әртүрлі технологиялық процестерді қолдануды көздейді.