ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының Салық кодексі 436-бабының 13) тармақшасына және 681-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес биржада бағалы қағаздармен сауда-саттықты жүзеге асыру өлшемшарттары айқындалсын.
2. "Қазақстан қор биржасы" (келісу бойынша) және "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасы" (келісу бойынша) акционерлік қоғамдары ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей, өздерінің интернет-ресурстарында осы қаулыда белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін бағалы қағаздар туралы ақпарат орналастырып тұрсын.
3. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | О. Бектенов | 
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 2 қазандағы № 818 қаулысына 1-қосымша | 
Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттары
1. Бағалы қағаздардың (инвестициялық пай қорларының пайларын және борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда) сауда-саттығын жүзеге асырған кезде мынадай өлшемшарттар қатар сақталады:
1) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда бағалы қағаздармен орындалған мәмілелер көлемі күнтізбелік айда кемінде 25 (жиырма бес) миллион теңгені құрайды;
2) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда бағалы қағаздармен орындалған мәмілелер саны күнтізбелік айда кемінде 50 (елу) мәмілені құрайды;
3) бағалы қағаздарды IPO (Initial Public Offering) не SPO (Secondary Public Offering) өткізу жолымен орналастыру немесе еркін айналыстағы бағалы қағаздар саны эмитенттің сатып алғандарын шегергенде орналастырылған бағалы қағаздардың жалпы санының кемінде 10 (он) пайызын құрайды.
2. Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда инвестициялық пай қорлары пайларының сауда-саттығын жүзеге асырған кезде бағалы қағаздармен орындалған мәмілелер бойынша мынадай өлшемшарттар қатар сақталады:
1) инвестициялық пай қорларының пайларымен жасалатын мәмілелер көлемі күнтізбелік айда кемінде 20 (жиырма) миллион теңгені құрайды;
2) инвестициялық пай қорларының пайларымен жасалатын мәмілелер саны күнтізбелік айда кемінде 10 (он) мәмілені құрайды.
3. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 681-бабының 7) тармақшасын қолдану мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда бір шығарылым шегінде борыштық бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асырған кезде ашық сауда-саттық әдісімен орналастырылған және осы шығарылымның айналыстағы борыштық бағалы қағаздарының көлемі бойынша кемінде 1 (бір) миллиард теңгені құрайтын өлшемшарт сақталады.
Ескертпе: осы өлшемшарттардың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген еркін айналыстағы бағалы қағаздар санын есептеу кезінде эмитенттің сатып алғандарын шегергенде орналастырылған бағалы қағаздардың жалпы санынан:
мемлекеттің;
эмитенттің лауазымды адамдары мен олардың жақын туыстарының;
эмитенттің лауазымды адамдары мен олардың жақын туыстары ірі акционерлері болып табылатын немесе мүлікте тиісті үлесі бар және (немесе) лауазымды адамдары болып табылатын заңды тұлғалардың;
эмитенттің ірі акционерлері мен олардың жақын туыстары ірі акционерлері болып табылатын немесе мүлікте тиісті үлесі бар және (немесе) лауазымды адамдары болып табылатын заңды тұлғалардың;
эмитенттің еншілес ұйымдарының және эмитенттің ірі акционерінің еншілес ұйымдарының;
әрқайсысына осы бағалы қағаздар эмитент сатып алғандарын шегергенде осы эмитенттің орналастырылған бағалы қағаздарының жалпы санының 10 (он) және одан көп пайызын құрайтын көлемде тиесілі тұлғалардың меншігіндегі бағалы қағаздар алып тасталады.
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 2 қазандағы № 818 қаулысына 2-қосымша | 
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. "Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 911 қаулысы.
2. "Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 911 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 20 наурыздағы № 220 қаулысы.
3. "Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 911 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 21 желтоқсандағы № 1096 қаулысы.