Республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын оңтайландыру және оларға басымдық беру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін:
1) республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын жоспарлау кезінде:
әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларға;
бюджеттен тыс жаңа қорлар құруға;
2022 жылдан бастап құрылған әкімшілік-аумақтық бірліктердің объектілерін қоспағанда, мемлекеттік органдардың жаңа әкімшілік ғимараттары мен кешендерін салуға және сатып алуға;
"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған мәдениет ұйымдарының жаңа объектілері мен құрылысжайларын салуға бюджет қаражатын бөлуге;
2) бюджеттік даму бағдарламалары және мемлекеттік сатып алу нәтижесінде күрделі шығыстар бойынша үнемдеуден қалыптасқан қаражатты бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің дербес пайдалануына мораторий енгізілсін.
2. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 2-бабы 3-тармағының талаптарын ескере отырып, осы қаулының 1-тармағының талаптары бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік жоспарлау, өңірлік саясат, бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органдармен алдын ала келісілген іс-шараларды орындауға байланысты жағдайларға қолданылмайды.
3. Мораторий енгізу нәтижесінде босаған қаражат экономикалық өсуді қамтамасыз ететін басым жобаларға қайта бөлінсін.
4. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірлесіп:
1) 2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді және 2026 – 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді жоспарлау кезінде осы қаулының 1-тармағы 1) тармақшасының ережелерінің сақталуын қамтамасыз етсін;
2) осы қаулыны іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдасын.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |