Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Өңірлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу және келiсу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 9 сәуірдегі № 397 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Өңірлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу және келiсу қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 30 шiлдедегi № 577 қаулысына қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 9 сәуірдегі № 397 қаулысымен бекiтiлген |
Өңірлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу және келiсу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Өңірлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу және келiсу қағидалары "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 44-бабының 4-тармағына сәйкес әзiрлендi және өңірлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу және келiсу тәртiбiн белгiлейдi.
2-тарау. Өңірлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу тәртібі
2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы орган өңірлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын (бұдан әрі – кешенді схема) әзірлеу бойынша тапсырыс беруші (бұдан әрі – тапсырыс беруші) болып табылады. Тапсырыс беруші әзірлеушіні (бас жобалаушыны) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес айқындайды.
3. Кешенді схеманы Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиясы бар жобалау ұйымы әзірлейді.
4. Кешендi схема Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасына және аумақты дамытудың тиiстi өңіраралық схемаларына (сол аумақ үшін бар болса) сәйкес әзiрленедi.
5. Кешендi схемада сол өңір аумағындағы әлеуметтiк-экономикалық, өндірiстiк-шаруашылық, табиғи-климаттық жағдайлар оның аймақтарға бөлінуі ескерілген мемлекеттiк қала құрылысы саясатының мақсаттары айқындалады, сондай-ақ мынадай негізгі бағыттар белгіленеді:
1) қоныстандыру жүйесін жетiлдiру;
2) елдi мекендердi, өндірiстiк, көліктік, инженерлiк, әлеуметтiк және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамыту;
3) аумақтарды табиғи және антропогендiк, техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғау;
4) қала құрылысы құралдарымен және әдiстерiмен экологиялық ахуалды жақсарту;
5) тарихи-мәдени мұра объектiлерiн және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектiлердi сақтау;
6) су объектілерін ластанудан, қоқыстанудан, сарқылудан қорғау.
Аумақтарды пайдалануға қойылатын шектеулер ескеріліп, аумақтардың функционалдық аймаққа бөлінуі және оларды пайдаланудың қарқындылығы айқындалады.
6. Кешендi схемада сол өңірдегі елдi мекендердiң, қала маңындағы аймақтардың шекараларын белгiлеу, резервтiк аумақтарды қоса алғанда, аумақтарды кешендi дамыту үшiн ресурстармен қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ аумақтық көліктік жоспарлау мен жол қозғалысын ұйымдастыру жөнiндегі ұсыныстар қамтылуға тиіс.
7. Кешендi схеманы жасаған кезде пайдаланылатын арнайы (салалық) немесе қала реттеуші өзге құжаттаманы әзірлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк және мемлекетаралық нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады.
8. Тапсырыс беруші әзiрлеушiнің (бас жобалаушының) қатысуымен жобалауға арналған тапсырманы жасайды.
Жобалауға арналған тапсырмаға қойылатын жалпы талаптар мен бастапқы деректердiң тiзбесi сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтерде (құрылыс нормаларында және қағидаларында) белгiленедi.
Тапсырыс беруші бұған дейін берiлген жобалауға арналған тапсырманы немесе бастапқы деректердi өзгерткен кезде бұл жұмыстарға ақы төлеуді тапсырыс беруші осы уақытқа дейiн толық немесе iшiнара орындалған жобалау жұмыстарын ескере отырып, қосымша шарт (келiсiм) бойынша жүргізеді.
9. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалған әзiрлеушi (бac жобалаушы) кешендi схеманың құрамында арнайы бөлiмдердi әзiрлейтін жобалау ұйымдары-қосалқы мердiгерлер үшiн тапсырыс беруші болып табылады.
10. Кешенді схеманы әзірлеу мерзімі, оның құрамы мен мазмұны сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес айқындалады.
11. Кешендi схеманы әзiрлеу кезiнде әзiрлеушi (бac жобалаушы) тиiстi облыстың не оның бір бөлiгiнiң аумағындағы тарих, археология, қала құрылысы және сәулет, монумент өнерi ескерткiштері орналасқан карта-схемаларды жасайды.
Кешендi схемада тарих пен мәдениеттің жылжымайтын ескерткiштерi және мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiн қорғау аймақтары (қорғалатын аймақтар, құрылысты реттейтiн аймақтар және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары) ескерiлуге тиiс. Осы мақсатта жобалардың құрамында орындалатын графикалық материалдарға ескерткiштердi қорғау аймақтарының қажеттi элементтерi енгiзiлуге, ал түсiндiрме жазбаларда осы аймақтарда белгiленген режимдi қамтамасыз ететiн талаптар көрсетiлуге тиiс.
12. Қалалар мен ауылдық елді мекендер табиғи жағдайлары қолайсыз аумақтарда орналасқан жағдайда кешендi схеманың құрамында аумақты инженерлiк дайындау, аумақ пен көрсетiлген елдi мекендердi табиғи процестерден де, адамның шаруашылық қызметiнен туындаған қауiптi геологиялық және гидрогеологиялық процестерден қорғау жөнінде жобалық шешiмдер әзiрленедi.
13. Курорттық ресурстары бар облыстар мен аудандарға, курорттық қалаларға және курорттық үлгідегi басқа да елді мекендерге арналған жобалау жұмыстары аумақты функционалдық медициналық аймақтарға бөлу, курорттық және рекреациялық ресурстарды бағалау, сондай-ақ курорттардың белгiленген санитариялық аймақтары жөніндегі материалдарды ескере отырып орындалуға тиiс.
14. Тапсырыс беруші кешендi схеманы әзiрлеу барысында жобалау аумағы мен объектiлерiн зерттеп-қарауға, қосымша бастапқы деректердi жинауға, сондай-ақ аяқталған жобаларды келiсуден өткiзуде әзірлеушіге (бac жобалаушыға) көмек көрсетедi.
3-тарау. Өңірлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын келісу тәртібі
15. Тапсырыс беруші кешенді схеманы жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшелерімен және мүдделі ұйымдармен 10 (он) жұмыс күні ішінде келіседі.
16. Жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшелері және мүдделі ұйымдар 10 (он) жұмыс күні ішінде келіседі және/немесе тапсырыс берушіге негізделген ескерту береді.
17. Жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшелері және мүдделі ұйымдар ескерту берген жағдайда тапсырыс беруші 15 (он бес) жұмыс күні ішінде кешенді схеманың пысықталған жобасын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшелеріне және мүдделі ұйымдарға келісуге қайта енгізіледі.
18. Жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшелері және мүдделі ұйымдар ескертулер ескеріліп пысықталған кешенді схеманың жобасын 5 (бес) жұмыс күні ішінде келіседі.
19. Жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшелерімен және мүдделі ұйымдармен келісілген кешенді схеманың жобасын тапсырыс беруші 5 (бес) жұмыс күні ішінде кешенді қала құрылысы сараптамасына енгізіледі.
20. Кешенді схеманың жобасына кешенді қала құрылысы сараптамасы "Барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 қарашадағы № 706 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12414 болып тіркелген) бекітілген барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
21. Кешенді қала құрылысы сараптамасының оң қорытындысын алған кешенді схемаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
22. Кешенді схеманы Заңның 21 және 22-баптарына сәйкес тиісті мәслихаттар бекітеді.
23. Кешенді қала құрылысы сараптамасынан өтпеген және қала құрылысы сараптамасының оң қорытындысын алмаған кешенді схеманың жобасы бекітілмейді.