Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" (БҰҰЛУК) миссиясы шеңберіндегі ынтымақтастық туралы техникалық келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Мақашұлы Жұманғаринге Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" (БҰҰЛУК) миссиясы шеңберіндегі ынтымақтастық туралы техникалық келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 28 шілдедегі № 569 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" (БҰҰЛУК) миссиясы шеңберіндегі ынтымақтастық туралы техникалық келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ливандағы ахуалды тұрақтандыру бойынша бітімгершілік миссиялары туралы қолданыстағы қарарларын назарға ала отырып,
бітімгершілік миссияда бірлесіп қатысу бойынша ынтымақтастық Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің егемендігін толық құрметтеуге негізделгенін растай отырып,
2018 жылғы 13 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді (бұдан әрі – 2018 жылғы Келісім) басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1.1. "Жіберуші Тарап" осы Техникалық келісімді іске асыру үшін әскери персоналды, материалдар мен жабдықты жіберетін Тарапты білдіреді.
1.2. "Қабылдаушы Тарап" осы Техникалық келісімді іске асыру үшін жіберуші Тараптың әскери персоналын, материалдары мен жабдығын қабылдайтын Тарапты білдіреді.
1.3. "Қазақстан әскери персоналы" БҰҰЛУК миссиясына қатысатын әскери корабльдерге уақытша тіркелген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін білдіреді.
1.4. "Әскери корабль" БҰҰЛУК миссиясына қатысатын Түркия фрегаттарын, жылдам жүзетін катерлерін немесе корветтерін білдіреді.
1.5. "Ұлттық өкіл" осы Техникалық келісімде көзделген рәсімдерді жүзеге асыруға уәкілеттік берілген лауазымды адамды білдіреді.
1.6. "Шот-фактураны алмастыратын құжат" (DSI) – қабылдаушы Тарап жіберуші Тарапқа ұсынатын материалдық-техникалық қамтамасыз ету шеңберінде тауарларды, жабдықтау заттарын жеткізгені және қызметтер көрсеткені үшін жіберуші Тарап АҚШ долларымен төлеуге тиіс сома көрсетілетін шот-фактураның стандартты нысанына ұқсас құжатты білдіреді.
Осы Техникалық келісімнің мақсаты Тараптардың міндеттерін, сондай-ақ қабылдаушы Тараптың қолдауының жалпы қағидаттары мен рәсімдерін айқындау болып табылады, оның негізінде Қазақстан әскери персоналы БҰҰЛУК миссиясына қатысатын әскери корабльдерде Түркия Республикасының Қарулы Күштерімен бірге өрістетіледі.
Қазақстан әскери персоналын ротациялау
3.1. Ротациялау кезеңінде жіберуші Тарап ең көп дегенде 3 офицерді және/немесе старшинаны айқындай алады. Қазақстан әскери персоналының жалпы саны Тараптар арасындағы келісім бойынша айқындалады.
3.2. Қазақстан әскери персоналы әскери корабльдерде штабтық офицерлер лауазымдарымен қатар қызметке тартылады.
3.3. Қазақстан әскери персоналын ротациялау мерзімі 6 айды құрайды. Қазақстан әскери персоналын ротациялау, әдетте жылына екі рет, сәуірде және қазанда жүргізіледі.
3.4. Жіберуші Тарап бұл туралы қабылдаушы Тарапты хабардар ете отырып, өз персоналын кез келген уақытта кері шақыра немесе ауыстыра алады. Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарапқа осы Техникалық келісімнің 9-бабының 9.1-тармағында көрсетілген тәртіптік және заңдық талаптарды сақтамаған жағдайда өз персоналын кері шақырып алуды немесе ауыстыруды ұсына алады.
3.5. Қазақстан әскери персоналы ротациялауға дейін Тараптармен келісілген кезеңде әскери корабльге отыру үшін Мерсин портына (Түркия Республикасы) келеді.
3.6. Қазақстан әскери персоналы БҰҰЛУК миссиясының жауапкершілік аймағына қолданылатын БҰҰ талаптары мен нұсқаулықтарын сақтайды.
Міндеттер және қаржы мәселелері
4.1. Жіберуші Тарап:
– осы Техникалық келісімде көзделген рәсімдерді жүзеге асыруға уәкілетті болатын ұлттық өкілді тағайындайды;
– осы Техникалық келісімде мазмұндалған ережелерді сақтайды;
– осы Техникалық келісімнің ережелеріне сәйкес өтеусіз берілетін материалдық-техникалық қамтамасыз етуді қоспағанда, қабылдаушы Тарапқа Қазақстан әскери персоналы сұратқан және алған барлық тауардың, жабдықтау заттарының және көрсетілетін қызметтердің шығыстарын өтейді;
– Қазақстан әскери персоналының Мерсин портына/Мерсин портынан (Түркия Республикасы) көлік шығыстарын төлейді;
– өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес Қазақстан әскери персоналының жабдығы мен киім-кешегі үшін жауапты болады.
4.2. Қабылдаушы Тарап:
– осы Техникалық келісімде көзделген рәсімдерді жүзеге асыруға уәкілетті ұлттық өкілді тағайындайды және осы Техникалық келісімде мазмұндалған ережелерді сақтайды;
– осы Техникалық келісім шеңберінде Қазақстанның әскери персоналына төлемдерді (БҰҰЛУК миссиясына қатысқаны үшін тәуліктік және ай сайынғы төлемдер) жүзеге асырады.
4.3. БҰҰЛУК миссиясы шеңберінде Түркия Республикасы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумда айқындалған, БҰҰЛУК миссиясына қатысатын персоналдың шығыстары ретінде БҰҰЛУК миссиясына қатысқаны үшін ай сайынғы төлемдердің сомасы қабылдаушы Тарап мемлекетінің қаржы заңнамасына сәйкес әскери корабльдің БҰҰЛУК миссиясында болуы кезеңінің соңында төленеді.
4.4. Қазақстан әскери персоналы өзі қызмет атқаратын әскери корабльдің басшылығын төлем жүргізу үшін қажетті банк шоттары (ID-нөмір, IBAN (шот нөмірі), төлем картасының нөмірі, банктің атауы мен SWIFT-коды және т.б.) туралы хабардар етеді.
4.5. Банк шоттары бойынша операцияларға байланысты барлық шығыстар (банктердің комиссиялары және өзге де төлемдер) Қазақстан әскери персоналының есебінен жабылады.
4.6. Шот-фактураны алмастыратын құжат (DSI) осы Техникалық келісімнің 4.1 және 5.3-баптарының талаптарына сәйкес жіберуші Тарап төлеуге тиіс төлемдерге қатысты қалыптастырылады.
4.7. Төлемді жіберуші Тарап төменде көрсетілген шотқа DSI нөмірін көрсете отырып, ол шығарылған күннен бастап тоқсан (90) күн ішінде АҚШ долларымен жүзеге асыруға тиіс. Банктік комиссиялар, электрондық аударымдар үшін алымдар, салықтар және төлеу процесінде туындаған өзге де шығасылар сияқты шығыстарды жіберуші Тарап жабады.
Түркияның Орталық Банкі, Анкара/Түркия
Шоттың атауы: Ұлттық қорғаныс министрлігі, АҚШ долларымен есептік шот
Шот нөмірі: 859 001 021
IBAN: TR 17 0000 1001 0000 0859 0010 21
SWIFT коды: TCMBTR2A.
Төлем алушы және (немесе) оның банктік деректемелері өзгерген жағдайда Түркия тарапы Қазақстан тарапын бұл туралы дереу хабардар етеді.
Материалдық-техникалық қамтамасыз ету
5.1. Қабылдаушы Тарап Қазақстан әскери персоналын өз әскери қызметшілеріне арналған қаражат пен мүмкіндік және сол стандарт шегінде өтеусіз негізде материалдық-техникалық қамтамасыз етеді, атап айтқанда: тұру, тамақтану, кір жуу қызметтерін, сондай-ақ осы Техникалық келісім шеңберінде әскери корабльде міндеттерді орындау үшін қажетті әскери мүлікті ұсынады.
5.2. Қазақстан әскери персоналы өзіне сеніп тапсырылған мүлікті ұқыпты пайдаланады және қалыпты амортизацияны қоспағанда, БҰҰЛУК миссиясының жауапкершілік аймағынан шыққанға дейін оны алынған күйдегідей қабылдаушы Тарапқа қайтарады.
5.3. Уақытша пайдалану мерзімі аяқталған соң, егер қайтарылатын мүлік бүлінген немесе одан әрі пайдалану үшін жарамсыз болса, жіберуші Тарап қабылдаушы Тарап ұсынған төлеу шотын алған күннен бастап үш ай ішінде мүлікті жөндеудің толық құнын өтеуге немесе оны сатып алуға міндеттенеді.
6.1. Қазақстан әскери персоналының осы Техникалық келісім шеңберіндегі қызметті орындауға мүмкіндік беретін тиісті денсаулық жағдайы болуға тиіс. Қабылдаушы Тарап денсаулық жағдайы бойынша өлшемшарттарға сәйкес келуін растайтын медициналық анықтаманы сұрата алады.
6.2. Жіберуші Тарап БҰҰЛУК миссиясына қатысатын Қазақстан әскери персоналын қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына және/немесе БҰҰЛУК миссиясының жауапкершілік аймағына кіргенге дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (бұдан әрі – ДСҰ) белгілеген рәсімдерге сәйкес вакцинациялауды қамтамасыз етеді. Қазақстан әскери персоналының өзімен бірге ДСҰ айқындаған, алған вакциналарды қамтитын стандартты вакцинациялау карталары болуға тиіс.
6.3. БҰҰЛУК миссиясының жауапкершілік аймағынан тыс жерге шұғыл медициналық эвакуациялау қабылдаушы Тараптың жауапкершілігі болып табылады. Медициналық эвакуациялау Мерсин қаласындағы (Түркия Республикасы) 4-деңгейдегі ауруханаға жүзеге асырылады. Қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың персоналына шұғыл медициналық қызметтерді, шұғыл эвакуациялау қызметтерін және шұғыл стоматологиялық көмекті өтеусіз ұсынуға міндеттенеді. 1-деңгейден жоғары медициналық қызмет көрсетуге арналған шығыстар жіберуші Тараптың жауапкершілігі болып табылады.
6.4. Қабылдаушы Тарап қаражаты мен мүмкіндігі шегінде Қазақстан әскери персоналына 1-деңгейдегі медициналық көмекті және БҰҰЛУК миссиясының жауапкершілік аймағында және БҰҰЛУК миссиясына қатысатын әскери корабльдердің кіруі үшін белгіленген теңіз порты болып табылатын Мерсин портында (Түркия Республикасы) көзделгендей әскери, сол сияқты азаматтық жоғары деңгейдегі медициналық құрылымдарға медициналық эвакуациялауды қамтамасыз етеді.
6.5. Қазақстан әскери персоналының мүшесі жарақаттанған немесе қайтыс болған жағдайда қабылдаушы Тарап бұл туралы жіберуші Тарапты дереу хабардар етеді, қабылдаушы Тарап жіберуші Тараппен мәйітті жеткізу мәселелерін келіседі.
6.6. Қазақстан әскери персоналының мүшесі қайтыс болған жағдайда мәйітті жеткізуге байланысты барлық шығыстарды жіберуші Тарап көтереді.
Байланыс және ақпарат жүйелері
7.1. Қабылдаушы Тарап Қазақстан әскери персоналына мынадай көрсетілетін қызметтерді және жабдықты өтеусіз ұсынады:
– әскери корабль бортында құпия емес телефон желісіне және құпия емес деректер беру желісіне қолжетімділік (тек жедел мақсаттарда);
– қабылдаушы Тарап айқындаған пайдалану қажеттілігіне негізделген УҚТ диапазонындағы құпия (құпия емес) радиожеліге қолжетімділік.
7.2. УҚТ диапазонындағы радиостанцияларды басқаруды қабылдаушы Тарап персоналы ғана жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда Қазақстан әскери персоналы радиостанциялар мен жабдықты пайдалана алады. Бұл жағдайда пайдалану шарттары қабылдаушы Тараппен алдын ала келісіледі.
Ақпаратты және жабдықты қорғау
8.1. Осы Техникалық келісім шеңберінде алмасатын немесе ұсынылатын кез келген ақпарат және/немесе жабдық Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес пайдаланылады, беріледі, сақталады, өңделеді және қорғалады.
8.2. Қазақстан әскери персоналы БҰҰЛУК миссиясында тиісті ұлттық рұқсат ету сертификаттарымен өрістетіледі және ұлттық рұқсат ету сертификаттарымен рұқсат етілген деңгейде БҰҰ-ның құпия ақпаратын және/немесе жабдығын пайдалануға құқығы бар.
9.1. Қазақстан әскери персоналы БҰҰЛУК миссиясының басшылық құжаттарына сәйкес әскери корабльде болған кезеңде қабылдаушы Тараптың онда белгіленген ережелерін, бұйрықтары мен нұсқаулықтарын сақтайды.
9.2. Жіберуші немесе қабылдаушы Тараптың әскери персоналы жасаған заңсыз әрекеттер жағдайлары қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады.
9.3. Өзге құқықтық мәселелер 2018 жылғы Келісіммен реттеледі.
10.1. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті органдар:
– Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
– Түркия Республикасының Үкіметі үшін – Түркия Республикасының Ұлттық қорғаныс министрлігі болып табылады.
10.2. Құзыретті органдар өзгерген жағдайда Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
Осы Техникалық келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі және қандай да бір ұлттық немесе халықаралық сотқа немесе қандай да бір үшінші тарапқа қарау үшін берілмейді. Дегенмен, келіспеушіліктер немесе даулар жағдайында 2018 жылғы Келісімнің ережелері орынды болуына қарай қолданылады.
Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша осы Техникалық келісімге осы Техникалық келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Өзгерістер мен толықтырулар осы Техникалық келісімнің 13-бабының 13.1-тармағында көзделген құқықтық рәсімге сәйкес күшіне енеді.
13.1. Осы Техникалық келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
13.2. Осы Техникалық келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады және оның қолданысы келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
13.3. Осы Техникалық келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
13.4. Осы Техникалық келісімнің қолданысын кез келген Тарап екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы хабардар ету жолымен тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Техникалық келісім осындай хабарламаны алған күннен бастап 6 ай өткен соң өзінің қолданысын тоқтатады.
13.5. Осы Техникалық келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда оның қаржылық ережелері осы Техникалық келісім шеңберіндегі барлық іс-шара аяқталғанға дейін қолданылады.
20__ жылғы "__" ______ _______ қаласында қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіннің күші бірдей. Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Түркия РеспубликасыныңҮкіметі үшін |