Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Сот актілерін, өзге де уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың актілерін мәжбүрлеп орындатуды жүзеге асыру кезінде ақпарат алмасу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Сот актілерін, өзге де уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың актілерін мәжбүрлеп орындатуды жүзеге асыру кезінде ақпарат алмасу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Сот актілерін, өзге де уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың актілерін мәжбүрлеп орындатуды жүзеге асыру кезінде ақпарат алмасу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Сот актілерін, өзге де уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың актілерін мәжбүрлеп орындатуды жүзеге асыру кезінде ақпарат алмасу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге Қазақстан Республикасының атынан мынадай ескертпемен қол қойылсын:
"Қазақстан Республикасы осы Келісімнің 6-бабы а) тармақшасының ережелерін өз заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде қолдану құқығын өзіне қалдыратынын мәлімдейді.".
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы № Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН |
|
Жоба |
Сот актілерін, өзге де уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың актілерін мәжбүрлеп орындатуды жүзеге асыру кезінде ақпарат алмасу жөніндегі ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттер
сот актілерін, уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың актілерін орындау кезінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік және басқа да органдар мен ұйымдардың заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты тереңдетуге маңызды мән бере отырып,
Тараптардың заңнамасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі – ТМД) қатысушы мемлекеттердің сот актілерін, уәкілетті органдары мен лауазымды адамдарының актілерін мәжбүрлеп орындату жөніндегі функцияларды жүзеге асыру жүктелген органдардың қызметін жетілдіру қажеттігін назарға ала отырып,
Тараптардың өзара мүддені білдіретін бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысын негізге ала отырып,
мәжбүрлеп орындату саласындағы ақпарат алмасуды құптай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Терминдер және олардың анықтамалары
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер және олардың анықтамалары пайдаланылады:
сұрау салушы Тарап – атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату рәсімдерін жүзеге асыру кезінде ақпарат алмасу бойынша сұрау салумен (бұдан әрі – сұрау салу) жүгінген Тарап;
сұрау салынатын Тарап – сұрау салушы Тарап атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату рәсімдерін жүзеге асыру кезінде сұрау салып жүгінетін Тарап;
атқарушылық құжат – Тараптың заңнамасына сәйкес мәжбүрлеп орындату органы орындауға тиіс, сот, уәкілетті орган немесе лауазымды адам берген, сондай-ақ нотариат куәландырған құжат;
атқарушылық іс жүргізу – атқарушылық құжаттарды орындау мақсатында Тараптардың заңнамасында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен мәжбүрлеп орындату органы жүзеге асыратын іс-қимылдар мен шаралар жиынтығы;
Тараптың мәжбүрлеп орындату органы – Тараптың заңнамасымен сот актілерін, уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың актілерін мәжбүрлеп орындату функцияларын жүзеге асыру жүктелген орган немесе тұлға;
атқарушылық іс жүргізу тараптары:
өндіріп алушы – пайдасына және (немесе) мүддесінде атқарушылық құжат берілген тұлға;
борышкер – атқарушылық құжат бойынша өндіріп алушының пайдасына белгілі бір әрекеттер жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға міндетті тұлға.
Осы Келісім атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату рәсімдерін жүзеге асыру кезінде Тараптардың мәжбүрлеп орындату органдарының ақпарат алмасу бойынша ынтымақтастығының негізгі бағыттарын айқындайды.
Келісім шеңберінде ақпарат алмасудың мақсаттары атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды орындау кезінде құқықтық көмек тетіктерін пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылады.
Мәжбүрлеп орындату рәсімдерін жүзеге асыру кезінде Тараптардың мәжбүрлеп орындату органдары:
а) мынадай:
атқарушылық іс жүргізу туралы;
борышкердің мүліктік жағдайы туралы;
борышкердің жұмыс орны туралы, сондай-ақ оның ресми кіріс көздері мен оның мөлшері туралы;
борышкердің немесе оның мүлкінің орналасқан жері туралы ақпаратпен;
б) атқарушылық іс жүргізу тараптарынан, басқа да тұлғалар мен мемлекеттік органдардан алынған мәліметтермен, анықтамалармен және құжаттармен алмасады.
Тараптардың мәжбүрлеп орындату органдары атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз етуге қажетті басқа да ақпаратпен алмаса алады.
Атқарушылық іс жүргізу туралы ақпарат алмасу
Атқарушылық іс жүргізу туралы ақпаратта мынадай:
а) сұрау салушы Тараптың аумағында атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылатын тұлғаға қатысты берілген, сұрау салынатын Тараптың мәжбүрлеп орындату органының орындауындағы (орындаған) атқарушылық құжат туралы;
б) атқарушылық іс жүргізу қозғалған күн және (немесе) атқарушылық құжат орындауға қабылданған күн, атқарушылық құжаттың атауы және нөмірі, атқарушылық құжат талабының мазмұны, оның орындалу сатысы туралы;
в) өндіріп алынған берешектің, тыйым салынған мүліктің, өткізуге ұсынылған мүліктің сомасы және сұрау салуда көрсетілген, атқарушылық құжаттар бойынша қосарлы орындауды болғызбауға қажетті атқарушылық құжаттарды орындаудың өзге де нәтижелері туралы мәліметтер қамтылады.
Атқарушылық іс жүргізу тараптарынан, басқа да тұлғалар мен мемлекеттік органдардан мәліметтер, анықтамалар және құжаттар алу
Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша сұрау салынатын Тараптың мәжбүрлеп орындату органы сұрау салынатын Тараптың аумағындағы атқарушылық іс жүргізу тараптарынан, өзге де жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ сұрау салынатын Тараптың мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдарынан мәліметтер, анықтамалар, құжаттар не олардың белгіленген тәртіппен куәландырылған көшірмелерін алуды қамтамасыз етеді.
Атқарушылық іс жүргізу тараптарынан түсіндірме алу туралы сұрау салуды орындау сұрау салуда қойылған сұрақтарға сүйене отырып жүзеге асырылады.
Мемлекеттік тізілімдерден, өзге де тізілімдерден және дерекқорлардан үзінді көшірмелер, атқарушылық іс жүргізу тараптарының мүліктік және мүліктік емес құқықтарын растайтын өзге де құжаттар бір-біріне аудармасыз және өтеусіз негізде жолданады.
Борышкердің мүліктік жағдайы туралы ақпарат алу
Тараптар сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша сұрау салынатын Тараптың аумағындағы атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылатын тұлғаның сұрау салынатын Тараптың аумағындағы ақшалай қаражаты мен мүлкі туралы мынадай:
а) борышкердің сұрау салынатын Тараптың аумағындағы банктер мен өзге де кредиттік ұйымдардағы шоттарда, салымдарда немесе олардың сақтауында ақшалай қаражатының бар-жоғы туралы;
б) борышкерге меншік құқығында немесе өзге де заттай құқықтарда тиесілі жылжымайтын мүлік, оның ішінде жер учаскелері туралы;
в) көлік құралдары туралы;
г) Сұрау салынатын Тараптың аумағында тіркелген коммерциялық ұйымдардың жарғылық (жинақ) капиталындағы үлестер (пайлар, салымдар) туралы;
д) сұрау салынған Тараптың заңнамасына сәйкес олар туралы ақпарат мәжбүрлеп орындату органына қолжетімді өзге де мүлік түрлері туралы ақпарат береді.
Тараптар сұрау салуды орындау кезінде осы бапта көзделмеген өзге де мүлік туралы ақпарат бере алады.
Сұрау салынатын Тараптың мәжбүрлеп орындату органы осы Келісімде көзделген борышкердің мүлкі туралы ақпарат пен өзге де ақпаратты өзіне ашу үшін қолжетімді көлемде ұсынады.
Борышкердің жұмыс орнын белгілеу, сондай-ақ оның кіріс көздері мен мөлшері туралы ақпарат алу
Тараптар сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша мыналарды белгілейді және мынадай:
а) борышкердің жұмыс орны (қызметі), оның ішінде дара кәсіпкер ретіндегі жұмыс орны туралы;
б) Тараптардың аумақтарындағы ресми көздерден алынатын кірістің ресми көздері мен мөлшері туралы ақпарат береді.
Борышкер кірісінің ресми көздері мен мөлшері туралы ақпарат сұрау салуда көрсетілген, бірақ 3 жылдан аспайтын кезең үшін белгіленеді және беріледі.
Борышкердің тұрған жерін немесе оның мүлкін белгілеу
Тараптар сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша:
а) борышкер жеке тұлғаның тіркелген жеріне сәйкес, сондай-ақ егер ол тіркелген жері бойынша тұрмаса, оның нақты тұрғылықты жері туралы мәліметтер болған кезде оның сұрау салынатын Тараптың аумағында тұратын мекенжайын;
б) мемлекеттік тізілім деректеріне сәйкес борышкер заңды тұлғаның сұрау салынатын Тараптың аумағында орналасқан жерін;
в) сұрау салушы Тараптың аумағында борышкердің мүлкі орналасқан жерді белгілейді.
Бұл ретте мүліктің орналасқан жерін белгілеу туралы сұрау салуда сұрау салушы Тарап осы мүлікті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін қажетті деректерді қоса алғанда, орналасқан жерін белгілеу талап етілетін нақты мүлікті көрсетеді.
Ақпаратты қорғау және пайдалану
1. Тараптардың мәжбүрлеп орындату органдары осы Келісім негізінде берілетін ақпаратты Келісімде және сұрау салуда көзделген мақсаттарда ғана және осы мақсаттарға қол жеткізу үшін қажет болатындай шамада сұратады, өңдейді және пайдаланады.
2. Осы Келісімнің негізінде ақпарат алған Тараптың мәжбүрлеп орындату органы осы баптың 3-тармағының ережелерін ескере отырып, оны атқарушылық іс жүргізу тараптарына, ал үшінші тұлғаларға – осы ақпаратты берген Тараптың келісімімен ғана аша алады.
3. Осы Келісімнің негізінде алынған ақпарат сұрау салуға негіз болған атқарушылық құжат бойынша өндіріп алушыға осындай атқарушылық құжатты беруге негіз болған сот шешімін немесе өзге лауазымды адамның актісін тану және өз аумағында орындау үшін өндіріп алушының ақпарат берген Тараптың сотына жүгіну құқығын іске асыру үшін қажет болатындай шамада ашылады.
Егер сұрау салынатын Тараптың заңнамасында мұндай ақпаратты үшінші тұлғаларға ашудың арнайы тәртібі көзделсе, бұл Тараптың мәжбүрлеп орындату органы сұрау салуға жауапта өндіріп алушының мұндай ақпаратты алу тәртібін өндіріп алушының оны алу үшін жүгінуі қажет болатын нақты органды көрсете отырып түсіндіреді.
4. Әрбір Тарап осы Келісімнің негізінде алынған дербес деректерді кездейсоқ жоғалтудан, заңсыз пайдаланудан, жазып алудан, жоюдан, түрлендіруден, бұғаттаудан, көшіруден және өзге де заңсыз араласудан қорғау бойынша өз заңнамасында көзделген барлық шараларын қабылдайды.
5. Тараптар сұрау салу бойынша осы Келісімге сәйкес берілген ақпаратты қорғау үшін қабылданатын шаралар туралы, сондай-ақ оны сақтау мерзімдері туралы бір-біріне қосымша мәліметтерді ұсынады.
6. Алынған ақпарат сұрау салушы Тараптың заңнамасында айқындалған мерзім ішінде сақталады.
Алынған ақпарат сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес атқарушылық іс жүргізуде ол жойылғанға дейін сақталады.
Сұрау салуды және ақпаратты беру
Осы Келісімнің 18-бабының ережелері сақталған кезде ақпарат алмасу қолжетімді байланыс құралдары, оның ішінде факсимильді және электрондық байланыс құралдары арқылы жүзеге асырылады, кейіннен түпнұсқа ақылға қонымды мерзімде поштамен жіберіледі. Тараптар ақпарат алмасқан кезде ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтайды.
Сұрау салуды жіберуге борышкерге қатысты атқарушылық іс жүргізіп жатқан мәжбүрлеп орындату органы ғана бастама жасай алады.
Ақпарат алмасу кезінде мәжбүрлеп орындату органдарының өзара іс-қимылын ұйымдастыру қорғалған байланыс арналары пайдаланыла отырып, электрондық түрде машинамен оқуға болатын құжаттармен жүзеге асырылуы мүмкін.
1. Сұрау салушы Тараптың мәжбүрлеп орындату органының сұрау салуында мыналар көрсетілуге тиіс:
а) сұрау салушы және cұрау салынатын Тараптардың мәжбүрлеп орындату органдарының атаулары;
б) атқарушылық құжаттың нөмірі мен күні, ақпарат сұратылатын атқарушылық құжатты берген органның немесе лауазымды адамның атауы;
в) борышкер мен өндіріп алушы туралы мәліметтер, оның ішінде:
жеке тұлғалар үшін – тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері немесе тұратын жері, ал борышкер үшін – туған күні мен жері, жұмыс орны немесе оқу орны (егер олар белгілі болса) және өзге де сәйкестендіру деректері;
заңды тұлғалар үшін – атауы және орналасқан жері (тіркелген мекенжайы), ал борышкер үшін – төлеушінің есептік нөмірі, салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі немесе өзге де сәйкестендіру нөмірі;
г) атқарушылық құжатта қамтылған сот актісінің, уәкілетті орган немесе лауазымды адам актісінің қарар бөлігі;
д) сұрау салудың мазмұны, сондай-ақ сұрау салып жүгінуге негіз болған нақты мән-жайлардың сипаттамасы;
е) сұрау салуды тиісінше орындауға қажетті басқа да мәліметтер.
2. Атқарушылық іс жүргізу тараптарынан түсіндірме алу туралы сұрау салуда атқарушылық іс жүргізу тарапына қойылуға тиіс сұрақтардың тізбесі де қамтылуға тиіс.
3. Сұрау салу, сондай-ақ сұрау салуды орындауға байланысты мәжбүрлеп орындату органы дайындаған құжат жазбаша нысанда жасалады, оған уәкілетті тұлға өз құзыреті шегінде қол қояды және ресми мөрмен бекемделеді.
Сұрау салуды орындау мерзімі сұрау салынатын Тараптың мәжбүрлеп орындату органы тиісті сұрау салуды алған күннен бастап 30 жұмыс күнін құрайды.
Сұрау салушы Тараптың мәжбүрлеп орындату органы сұрау салуды неғұрлым қысқа мерзімде орындау туралы өтініш жасай алады.
Егер сұрау салынатын Тараптың мәжбүрлеп орындату органының сұрау салуды осы бапта белгіленген мерзімде орындауы мүмкін болмаған жағдайда, ол бұл туралы сұрау салушы Тараптың мәжбүрлеп орындату органын мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабардар етеді.
Сұрау салуды орындаудан бас тарту
Сұрау салуды орындаудан, егер орындау сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін болса не заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келсе не егер сұрау салуда сұрау салушы Тарап немесе сұрау салынатын Тарап осы Келісімнің 25-бабына сәйкес осы Келісімді қолданбау туралы мәлімдеген атқарушылық құжат негізінде жіберілсе, бас тартылуы мүмкін.
Егер сұрау салуды орындау мүмкін болмаған жағдайда, сұрау салынатын Тараптың мәжбүрлеп орындату органы құжаттарды қайтара отырып, бір мезгілде сұрау салудың орындалуына кедергі келтіретін мән-жайлар туралы хабардар етеді.
Сұрау салуды орындаудан бас тарту туралы мәселе шешілгенге дейін сұрау салынатын Тараптың мәжбүрлеп орындату органы қажет болған кезде сұрау салушы Тараптың мәжбүрлеп орындату органымен консультациялар жүргізеді.
Сұрау салынатын Тараптың мәжбүрлеп орындату органы сұрау салуды тиісінше орындауға қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.
Сұрау салуды белгілі бір жағдайларда орындау
Егер сұрау салынатын Тараптың мәжбүрлеп орындату органы сұрау салуды орындау өз мемлекетінде жүзеге асырылатын атқарушылық іс жүргізуге кедергі келтіреді деп пайымдаған жағдайда, ол сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін мән-жайлар жойылғанға дейін оны орындауды кейінге қалдыра алады немесе сұрау салушы Тараптың мәжбүрлеп орындату органымен консультациялардан кейін сұрау салушы Тараптың мәжбүрлеп орындату органы үшін сұрау салуды әрі қарай орындауға қажетті жағдайларды айқындай алады.
Егер сұрау салушы Тараптың мәжбүрлеп орындату органы ұсынылған жағдайларда жәрдем көрсетуге келіскен жағдайда, Тараптар осы жағдайлардың сақталуын қамтамасыз етеді.
Сұрау салынатын Тараптың мәжбүрлеп орындату органы сұрау салушы Тараптың мәжбүрлеп орындату органының өтініші бойынша сұрау салудың құпиялылығын қамтамасыз етеді.
Сұрау салуды оның құпиялылығын сақтай отырып орындау мүмкін болмаған жағдайда сұрау салынатын Тараптың мәжбүрлеп орындату органы бұл туралы сұрау салушы Тараптың мәжбүрлеп орындату органын хабардар етеді, ол сұрау салуды мұндай жағдайларда одан әрі орындау керектігін не керек еместігін шешеді.
Осы Келісімді орындау барысында туындауы мүмкін шығыстарды аумағында шығыстар туындаған Тараптың мәжбүрлеп орындату органдары көтереді.
Тараптар осы Келісімді іске асыруға жауапты және оны іске асыру бойынша тікелей өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті орталық органдарды тағайындайды.
Тараптар осы Келісімді іске асыру бойынша тікелей өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті аумақтық және өзге де органдарды қосымша тағайындай алады.
Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны сақтауға берген кезде депозитарийге өздерінің орталық органдары туралы мәліметтерді және бар болған жағдайда аумақтық және өзге де органдарының тізбесін береді.
Тарап осы Келісімді іске асыру бойынша тікелей өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті өзінің орталық, аумақтық және өзге де органдарының өзгергені туралы депозитарийді дипломатиялық арналар арқылы мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабардар етеді.
Тараптар осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде орыс тілін пайдаланады.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Келісімнің күшіне енуі үшін айқындалған тәртіппен күшіне енетін тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялар мен келіссөздер жүргізуі арқылы шешіледі.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті хабарламаларды депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжат беру арқылы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
ТМД-ға қатысушы мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған және қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап үш ай өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығу күніне дейін кемінде 3 ай бұрын өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып және осы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.
Тараптардың әрқайсысы осы Келісімге қол қойған немесе оның міндеттілігіне келісім білдірген кезде осы Келісімді уәкілетті орган немесе сот жүйесіне кірмейтін лауазымды адам берген атқарушылық құжаттарға, сондай-ақ нотариат куәландырған құжаттарға қатысты толық немесе бір бөлігінде қолданбайтынын мәлімдеуге құқылы.
Келісімді ішінара қолданбау туралы мәлімдейтін Тарап мәлімдемеде Келісімнің өзі қолданбайтын нақты ережелерін айқындайды.
Осы Келісімге қол қою кезінде жасалған мәлімдеме оның күшіне енуі үшін қажетті тиісті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламада расталуға тиіс.
____ жылғы _______ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы үшін | Ресей Федерациясы үшін |
Армения Республикасы үшін | Тәжікстан Республикасы үшін |
Беларусь Республикасы үшін | Түрікменстан үшін |
Қазақстан Республикасы үшін | Өзбекстан Республикасы үшін |
Қырғыз Республикасы үшін | Украина үшін |
Молдова Республикасы үшін |