ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы Нормативтік қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз.
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда көрсетілген нормативтік қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 3-тармақта үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"ӘРПК-нің 16-бабының екінші бөлігіне сәйкес судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.";
2) 4-тармақта бесінші абзацтағы "бұза отырып ұйымдастыру және өткізу" деген сөздерден кейін ", егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса," деген сөздермен толықтырылсын;
3) 6-1-тармақтың бірінші абзацы 2025 жылғы 1 шілдеден бастап мынадай редакцияда қолданылады:
"Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 9, 14, 16-5, 20 және 21-баптарына сәйкес азаматтарды жеке қабылдауды жүргізу сот төрағалары мен сот алқалары төрағаларының ерекше өкілеттігіне жатқызылған, сондықтан басқа судьялардың азаматтарды қабылдауға құқығы жоқ.";
4) 7-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Азаматтардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдарының заңды күшіне енген сот актісін ерікті түрде орындаудан жалтаруы заңда көзделген жауаптылыққа алып келетіні түсіндірілсін.";
5) 8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Сот талқылауының жариялылық қағидаты барлық адамдардың, оның ішінде қаралатын сот ісі бойынша процеске қатысушы емес адамдардың істі талқылау кезінде қатысуына мүмкіндікті қамтамасыз ету болып табылатынын соттардың назарда ұстағаны жөн. Сондықтан масс-медиа өкілдерінің сот отырысы залына қатысуына және сот отырысының жазбасын жүргізуіне заңсыз тыйым салу жағдайларын жариялылық қағидатына қайшы деп санап, болдырмау қажет.
"Масс-медиа туралы" 2024 жылғы 19 маусымдағы № 93-VIII Қазақстан Республикасы Заңының 67-бабының 2-тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстан Республикасының масс-медиа туралы заңнамасын бұзу арқылы сотқа ықпал етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Қолданыстағы заңнаманың нормаларына қатысты сот талқылауының нәтижелерін күні бұрын шешу деп бұқаралық ақпарат құралдарының сот процесі тараптарының бірінің ақтығы туралы не соттың белгілі бір шешім шығаруының заңдылығы мен әділдігі туралы тікелей немесе жанама түрде қоғамдық пікір қалыптастыруға бағытталған хабарламаларды таратуын түсіну керек.";
6) 11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Судья сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңның 39-бабында көзделген негіздер бойынша ғана тәртіптік жауаптылыққа, атап айтқанда:
1) сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін;
2) судья әдебіне қайшы, мәртебесіне нұқсан келтіретін терiс қылық жасағаны үшiн тартылуы мүмкін.
Осы негіздермен қатар сот төрағасын (сот алқасының төрағасын) тәртіптік жауаптылыққа тарту үшін Конституциялық заңда көзделген лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамау тағы бір негіз табылады.
Бұл негіздер тізбесі толық және кеңейте түсіндіруге жатпайды.
Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңның 39-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес заңдылықты өрескел бұзу деп судья өзінің адал болмауы немесе ұқыпсыздығы салдарынан жол берген, заңды анық және елеулі түрде бұзуы түсініледі.
Заңдылықтың өрескел бұзылу фактісін осы негіз бойынша сот актісінің күшін жойған немесе өзгерткен жоғары тұрған сот сатысы анықтайды және істі қараған судьялардың алқа құрамы қол қойған, судьяны заңдылықты өрескел бұзғаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесі жөніндегі ұсынуда көрсетіледі.
Жоғарыда көрсетілген норманы ескере отырып судьяны заңдылықты өрескел бұзғаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесі бойынша ұсыну мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:
сот актісінің күшін жоюға немесе оны өзгертуге негіз болған бұзушылықтар және ұсынуда көрсетілген заңдылықты бұзушылықтар бірдей болуы тиіс;
жол берілген заңдылықты өрескел бұзушылық туралы тұжырымдар ұсынуда уәжделуі тиіс;
ұсыну күші жойылған немесе өзгертілген сот актісімен бір күні шығарылуы тиіс;
ұсыну Сот жюриіне енгізіледі.
Судьяны лауазымынан босату барлық жағдайларда заңда белгіленген тәртіппен және тек заңда көзделген негіздер бойынша жария түрде жүзеге асырылуы тиіс.
Дәлелдемелерді бағалауға байланысты сот актісінің күшін жою немесе оны өзгерту заңды өрескел бұзу болып табылмайды.".
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармақтың 3) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
А. Мерғалиев |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Г. Әлмағамбетова |