Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.11.2025 № 937 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.11.2025 № 937 қаулысымен.2. Тұжырымдаманың іске асырылуына жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар және өзге де мемлекеттік органдар (келісу бойынша):
1) Тұжырымдаманы іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдасын;
2) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде Тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы ақпарат беріп тұрсын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы "24" қарашадағы № 1039 қаулысымен бекітілген |
Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы
Ескерту. Тұжырымдама жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.11.2025 № 937 қаулысымен.
Мазмұны
1-бөлім. Паспорт
2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау
3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу
4-бөлім. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуді одан әрі дамыту пайымы
5-бөлім. Дамудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
1-бағыт. Әскери-патриоттық жұмыс органдарының құрылымын жетілдіру
2-бағыт. Әскери-патриоттық тәрбиелеуді ұйымдастырушылар мен мамандарының кәсіби даярлығы деңгейін арттыру, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жұмысының нысандары мен әдістерін жетілдіру
3-бағыт. Жастар бойында патриоттық қасиеттерді қалыптастыру және дамыту, оларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дәстүрі негізінде тәрбиелеу
4-бағыт. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу үшін материалдық базаны дамыту
5-бағыт. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуді ақпараттық қамтамасыз ету
6-бөлім. Нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтиже
1-бөлім. Паспорт
1. Атауы | Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы |
2. Әзірлеу үшін негіз | Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен өткен Бүкілармиялық кеңестің 2023 жылғы 5 мамырдағы № 23-01-13.1 хаттамасының 2.5-тармағы |
3. Тұжырымдаманы әзірлеуге және іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар | Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, жергілікті атқарушы органдар |
4. Іске асыру мерзімі | 2024 – 2030 жылдар |
2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау
Қазақстан Республикасында өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын өз құзыреті аясында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер ұйымдастырады.
Бұл процестің негізгі үйлестірушілері – Қорғаныс, Оқу-ағарту министрліктері, жергілікті атқарушы органдар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің тиімділігін арттыру мақсатында 2015 жылы Қорғаныс министрлігі жанынан осы салада үйлестіруші орган ретінде Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы құрылды. Оның негізінде 2018 жылы "Жас сарбаз" республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы (бұдан әрі – "Жас сарбаз" қозғалысы) құрылды. Құрылған кезде 2828 әскери-патриоттық клуб арқылы 73164 бала осы қозғалыс құрамына тартылды. Қазіргі уақытта 17 облыста және республикалық маңызы бар 3 қалада қозғалыстың құрылымдық бөлімшелері – филиалдары бар.
Білім беру ұйымдары жанынан шамамен 6 500 тәрбиеленуші қамтылған 388 "Smart-sarbaz" үйірмесі жұмыс істейді. Үйірмелердің жұмысы жастардың ғылыми-техникалық ой-өрісін қалыптастыруға, оларды инженерлік бағытта баулып, өздігінен технологиялық шешім табуға даярлауға бағытталған. Оқу процесі виртуалды әлем мен толықтырылған болмыс элементтері бар заманауи цифрлық технология қолданылып жүргізіледі, яғни патриоттық тәрбиенің дәстүрлі әдістері инновациялық білім беру практикасымен үйлестірілген.
"Жас сарбаз" қозғалысы өңірлік филиалдарының төрағалары, клуб жетекшілері мен бастапқы әскери даярлық оқытушыларының қатысуымен жыл сайын оқу-әдістемелік жиын өткізіледі. Бұл жиын әскери-патриоттық тәрбие мамандарының кәсіби шеберлігін арттыруға және жастармен жүргізілетін жұмыстың жаңа әдістерін енгізуге ықпал етеді. 2024 жылдың өзінде орталық және жергілікті атқарушы органдар шамамен 46,8 мың әскери-патриоттық мазмұндағы іс-шара ұйымдастырды, оның ішінде акция, әскери-спорттық және әскери-тактикалық ойын, Қарулы Күштердің ардагерлерімен кездесу, сондай-ақ цифрлық технология қолданылған чемпионат пен конкурс өткізді.
Іс-шаралар тізбесінде жыл сайынғы "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының (бұдан әрі – жиын) орны ерекше. Қатысушылар аудандық деңгейден бастап республикалық деңгейге дейін бірнеше кезеңде іріктеледі, ал қорытынды кезеңге мектептер, арнайы оқу орындары, "Жас ұлан" республикалық мектептері, әскери мектеп-интернаттар, сондай-ақ Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери бөлімдері мен мекемелері жанындағы әскери-патриоттық клубтар атынан үздік командалар қатысады. 2019 – 2025 жылдары жиын аясындағы іс-шараларға Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қ.К. Тоқаев қатысты. 2022 жылдан бастап жиын халықаралық форматта өткізіледі, 2025 жылы оған Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен командалар қатысты.
2025 жылғы қаңтар айында Қорғаныс министрлігі жанынан Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесінің құрылуы осы жұмысты институционалдандыру жолындағы маңызды қадам болды, оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері кірді.
2024 жылы қабылданған "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру аясында білім беру ұйымдарында патриоттық жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде – Мемлекеттік Гимнді орындау, тақырыптық іс-шаралар өткізу, әскери мамандармен және ардагерлермен кездесу енгізілуде. Бүгінде білім беру жүйесінде 514 әскери-патриоттық сынып пен 24 кадет сыныбы, сондай-ақ 5 мамандандырылған әскери мектеп-интернат жұмыс істейді, бұл әскери-патриоттық тәрбие инфрақұрылымының кеңейтілгенін көрсетеді. Бұл орайда 700 мыңнан астам 10-11 сынып оқушылары мен колледж студенттерін қамтитын бастапқы әскери даярлық пәнінің маңызы зор. Бұл пән аясында базалық әскери білім мен қажетті машықты қалыптастырып, тәртіпке бағынуды, Отан алдындағы борышты сезінуді, көшбасшылық пен жауапкершілікті дамытуды қамтамасыз ететін жүйе құрылады.
Сонымен қатар бүгінгі жетістіктермен қатар әскери-патриоттық тәрбие жүйесінің одан әрі дамуына кедергі келтіретін проблемалар бар. Олардың қатарына мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық бірлестіктер арасындағы үйлестіру жұмысының кемшіндігін жатқызуға болады, бұл жұмсалған күш-жігердің шашыраңқылығына әкеледі; әдістемелік базаның жетіспеушілігі мен білім беру мекемелеріндегі білікті кадр даярлаудың қиындықтары; клубтар мен мамандандырылған сыныптарды материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етудің кемшіндігі; мектептегі тәрбие жұмысының жалпы жүйесіне әскери-патриоттық іс-шаралардың орнықты енгізілмеуі; әскери қызметті және жастар ортасында патриоттық құндылықтарды насихаттау үшін цифрлық және медиа құралдардың аз қолданылуын атап өтуге болады.
Қазіргі кездегі ахуалды талдау әскери-патриоттық тәрбиені одан әрі дамыту үшін жүйелі түрде нақты мақсат аясында ведомствоаралық үйлестіруді күшейте отырып, тәрбие жұмысының тиімділігін ұдайы арттыруды қамтамасыз ететін кешенді тәсіл енгізудің қажет ететінін көрсетеді.
3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің халықаралық тәжірибесі көрсеткендей, азаматтық және Отанды қорғауға әзір болу дағдысы тарих, дәстүр, құндылықтар мен қазіргі заманғы білім беруді үйлестіру арқылы қалыптасады. Көптеген елдерде патриоттық тәрбие мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі әрі ұлттық қауіпсіздік пен қоғам бірлігін қамтамасыз етудің стратегиялық міндеті саналады. Қазақстан үшін бұл тәжірибе мәдени өзгешеліктер мен стратегиялық басымдықтарды ескере отырып, халықаралық озық үлгіні ұлттық жағдайға бейімдеу мүмкіндігінің болуымен құнды.
Тарихи-мәдени және әлеуметтік контекст тұрғысынан ұқсас мемлекеттердің тәжірибесін назарға алуға болады.
Өзбекстанда жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының бәрін қамтитын "Ватан Таянчи" қозғалысы әскери-патриоттық тәрбиенің негізгі элементі саналады. Қозғалысқа жетекшілік етуді Қорғаныс министрінің орынбасары тікелей жүзеге асырады, бұл жастар бірлестіктерін институционалдандырудың және олардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысының маңызды екенін көрсетеді. Өзбекстан тәжірибесі "Жас сарбаз" қозғалысының ұйымдастыру әлеуетін кеңейту және жастарды қамтуды ұлғайту мүмкіндігін көрсетеді.
Қырғызстанда патриоттық тәрбие этносаралық келісімді нығайту және Қарулы Күштер дәстүрін дәріптеу міндеттерімен тығыз байланысты, бұл Қазақстан үшін көпұлтты мемлекет ретінде өте өзекті тәжірибе.
Түркияда патриотизм ұлттық бірегейлік негізі болып саналады, ал армия қоғам санасында негізгі орынға ие, яғни, қоғам мен мемлекеттің мықты байланысын қалыптастырады. Өзара сый-құрметке, жауапкершілікке және Отанға деген сүйіспеншілікке негізделген қоғам мен мемлекет арасындағы мұндай үйлесімді одақ тиімді азаматтық бауырластықтың қалыптасуына ықпал етеді.
Беларусьта отбасы патриоттық тәрбиенің маңызды құрамдас бөлігі болып саналады, арнайы бағдарламалар және ата-аналарға әдістемелік көмек көрсету арқылы жүзеге асатын мемлекеттік қолдаудың арқасында жастарды құндылықтарға және жауапкершілікке үйретеді. Бұл тәжірибе мәдени бірегейлікті сақтау, отбасы институтын нығайту және патриоттық құндылықты қалыптастыру тұрғысынан тағылымды.
Ресейде әскери-патриоттық тәрбиенің кешенді жүйесі қалыптасқан: мамандандырылған орталықтар, қорғаныстық-спорттық лагерьлер, білім беру ұйымдарына құрметті атау беру. Бұл тетік мектептерді, колледждер мен жоғары оқу орындарын патриоттық тәрбиені белсенді дамытуға ынталандырады, олардың қоғамдағы беделін арттырады және жастарды азаматтық-патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу саласында үздік білім беру мекемесі мәртебесіне қол жеткізу жолында сапалы бәсекелестік тудырады.
Қытайда патриоттық тәрбие бағдарламаларды жүйелі түрде жаңартуға, мәдени-тарихи мұраға басымдық беруге және жастарды белсенді тартудың әртүрлі нысанын дамытуға негізделген. Ауқымды қамту мен жоспарлы тәсіл жастар бойында тұрақты азаматтық және патриоттық бағдарды қалыптастыруға ықпал етіп, әскери-патриоттық тәрбиенің сапасы мен тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған шетелдік тәжірибе әскери-патриоттық тәрбие ісін жүйелі түрде жолға қоюдың маңызын көрсетеді, мұнда тәрбие жұмысы негізгі мемлекеттік институттарға интеграцияланып, отбасынан бастап білім беру жүйесіне дейін қоғамның түрлі деңгейін қамтиды.
Басқа елдердің тәжірибесіне жасалған салыстырмалы талдау әскери-патриоттық тәрбиенің бағыттарын қорытуға мүмкіндік береді.
Тарихи-патриоттық бағыт. Әскери-патриоттық тәрбиенің негізгі компоненттерінің бірі ел тарихын зерделеу және оның өткенін дәріптеуді қалыптастыру. Атап айтқанда, Қытайда және Ресейде ерлік сабағы, тарихи шайқасты реконструкциялау және әскери даңқ мұражайына жаппай экскурсиялар ұйымдастыруды қамтитын бағдарламалар жүзеге асырылады.
Әскери-спорттық даярлық. Оңтүстік Кореяда және Израильде арнайы әскерге шақыруға дейінгі даярлық бағдарламалары (әскери-спорттық лагерь, қашықтыққа жүгіру және т.б.) бар, олар әскери қызметке қажетті жоғары деңгейдегі шымырлықты және психологиялық дайындықты қамтамасыз етеді.
Рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеу. Жапонияда және Германияда рухани-адамгершілікке тәрбиелеу жұмысында ұйымшылдыққа, үлкенге құрмет көрсетуді және әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыруға ерекше мән беріледі, яғни тұрақты құндылықтарды қалыптастыру үшін ұзақ мерзімді әлеуметтік бастамалардың маңызды екенін көрсетеді.
Азаматтық белсенділік және қоғамдық өмірге атсалысу. Еуропалық одақ елдерінің және Құрама Штаттардың тәжірибесі шешім қабылдауға нақты ықпал ететін жастар парламентінен бастап бастамашыл жобаларға дейін жастардың қоғамдық өмірге институционалдандыру тұрғысынан қатысудың маңызды екенін көрсетеді.
Ақпараттық-ағартушылық жұмыс. Цифрлық технологияны қолдану арқылы жүргізілетін ақпараттық-ағартушылық бағыт айрықша өзекті. Финляндия мен Эстонияның тәжірибесі цифрлық технологияның коммуникация құралы болуымен қатар ұлттық бірегейлік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал ететін толыққанды білім беру және мәдени платформа ретінде қолданылатынын көрсетеді.
Әскери ұйымдармен ынтымақтастық. Түркия мен Израильде жастардың армиямен тікелей қарым-қатынас жасау тәжірибесі аса маңызды, оның барысында оқушылар экскурсиялар, бірлескен оқу-жаттығу және тәлімгерлік арқылы әскери қызметпен танысады. Мұндай тәжірибе әскери қызметтің шарттарымен және талаптарымен танысумен қатар, Қарулы Күштердің дәстүрі мен құндылықтарын дәріптеуге тәрбиелейді.
Осылайша, халықаралық тәжірибе әскери-патриоттық тәрбиенің озық үлгілері тарихи-мәдени мұра, дене шынықтыру дайындығы, рухани құндылықтар, азаматтық белсенділік, цифрлық технологиялар және армиямен тығыз қарым-қатынасты біріктіретін кешенді тәсілге негізделгенін көрсетеді. Қазақстан бұл тәжірибенің көбін іске асыруда және одан әрі дамыту үшін әлеуеті жеткілікті.
4-бөлім. Әскери-патриоттық тәрбиені одан әрі дамыту пайымы
Қазіргі заманғы әскери-патриоттық тәрбие Қазақстан азаматына деген жаңа талаптарды қалыптастыратын иірімі терең әлеуметтік және технологиялық өзгеріс жағдайында жетілдірілуге тиіс. Мемлекет алдында дәстүр мен құндылықтарды сақтаумен қатар жастарды қазіргі заманның сын-қатерлеріне дайындау міндеті тұр. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан "Адал адам – адал еңбек – адал табыс" идеясының маңызы зор. "Адал азамат" тұжырымдамасы адалдық, еңбекқорлық пен әділеттілікті жеке тұлғалық қасиет ретінде ғана емес, қоғамдық сенім мен мемлекет тұрақтылығының негізі деп қарастыратын азаматтық келбетті сипаттайды.
Жастар – елдің басты ресурсы және болашағы. Адалдық, еңбекқорлық, заңға құрмет және Отанға қызмет етуге дайын болу жас қазақстандықтың басты қасиеттері болуға тиіс. Қазіргі заманғы Қазақстан азаматы – білімді, бастамашыл және моральдық тұрғыдан салиқалы, саналы түрде таңдау жасай алатын және белсенді азаматтық ұстанымы бар адам. Әскери-патриоттық тәрбие жаңа заман талабына сәйкес келуге және қазіргі заманғы бағыттарды қамтуға тиіс: пилотсыз ұшу аппаратын қолдану, киберқауіпсіздік негіздері, ақпараттық кеңістікті қорғау және елдің қорғаныс әлеуетін құрайтын басқа да технологиялық аспектілер.
Бастапқы әскери даярлық оқытушыларының рөлін арттыру басты міндет саналады. Олардың кәсіби мәртебесі мен әдістемелік базасы қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келуге тиіс. Білім беру бағдарламаларына цифрлық технологияны, симуляциялық тренажерды, VR/AR және басқа да инновациялық құралдарды енгізу қажет. Колледждер мен жоғары оқу орындары, әсіресе әскери кафедра базасында студенттерді қызмет етумен қатар сараптамалық ой-өріске, техникалық даярлыққа және өзекті сын-қатерді түсінуге де даярлау үшін әдістемелік ұсыным дайындау маңызды. Тәрбие процесінде ұлттық тарихтың орны ерекше. "Батырлар күні" сияқты атаулы күндер мен мәдени-білім беру іс-шаралары арқылы Отан қорғаған батырлардың бейнесін насихаттау ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастар бойында мақтаныш пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Әскери-патриоттық тәрбие "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасының органикалық бөлігі болуға тиіс, бұл іс-шаралардың жүйелі болуын, білім беру деңгейі арасындағы сабақтастықты және жалпымемлекеттік құндылықтарға сәйкес келуін қамтамасыз етеді. Білім беру ұйымдарының әскери бөлімдермен, Ұлттық ұланмен және Шекара қызметімен тұрақты өзара іс-қимылы маңызды элемент болып саналады. Далалық оқу-жаттығу жиыны, әскери ойын мен экскурсия жастарға іс жүзіндегі дағды мен әскери қызметке саналы көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі заманғы инфрақұрылымсыз бұл жүйені дамыту мүмкін емес. Электрондық оқ ату тирі, байланыс құралдары, практикалық сабақ пен техникалық модельдеуге арналған жабдық білім беру ортасының міндетті бөлігі болуға тиіс. Дронды құрастыруды, бағдарламалау мен аэромодельдеуді қоса алғанда, техникалық шығармашылық үйірмелері патриоттық тәрбиелеумен қатар білім беру саласын цифрлық трансформациялауға ықпал етеді. Цифрлық технологияны қолдану тәрбие жұмысының барлық деңгейін қамтуға тиіс. Жастармен өзара іс-қимылдың қазіргі заманғы форматын виртуалды тренажер, VR/AR-сценарийін, мобильді қосымшалар мен геймификация элементтері бар чат-бот жасау, сондай-ақ әлеуметтік желіде бейнеролик, подкаст, челлендж бен блог арқылы патриоттық контентті кеңінен тарату қамтамасыз етеді.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру тәрбиенің маңызды бөлігі болуға тиіс. Таңертеңгі гимнастика, мектеп жарысы, фестиваль, саптық және әндер байқауы денсаулықты нығайтумен қатар тәртіптілікті, ұйымшылдық пен ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастырады.
Мектептер мен колледждердің әскери жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығы, кездесу, кәсіби бағдарлау іс-шаралары мен ашық есік күндерін өткізу маңызды бағыт болып табылады.
Сонымен, Қазақстандағы әскери-патриоттық тәрбиені дамыту рухани-ізгілік, білім беру, әлеуметтік және технологиялық компоненттерді біріктіріп, дәстүрлі құндылықтар мен қазіргі заманғы тәсілдерді қамтуға тиіс. Бұл тұжырымдаманы іске асыру Отан алдындағы борышын адал әрі абыроймен орындауға дайын азаматтар буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді, ол мемлекет тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің маңызды негізі болады.
5-бөлім. Дамудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру – өскелең ұрпақтың бойында жоғары деңгейдегі патриоттық сана-сезім, Отан қорғауға әзірлік, ел тарихына, мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарау сезімін қалыптастыруды көздейтін жүйелі және мақсатты жұмыс. Оның мазмұны тәрбие тірегі болатын басты құндылықтарға негізделіп, жұмыстың стратегиялық бағытын айқындайды.
Әскери-патриоттық тәрбие берудің негізгі құндылықтары:
1. Тәуелсіздік және патриотизм. Жастардың бойында Қазақстан тәуелсіздігі үшін мақтаныш сезімін, Отанға деген сүйіспеншілікті және оның мүддесін қорғауға дайын болуды қалыптастыру патриоттық сана-сезімнің іргетасы саналады.
2. Бірлік және бірегейлік. Азаматтық қауымдастықты нығайту, Қазақстан халқының тарихын, мәдениеті мен дәстүрін дәріптеу этникалық тегіне қарамастан, ұлттық бірлік пен бірегейлікті қамтамасыз етеді.
3. Әділдік және жауапкершілік. Құқықтық мәдениетті дамыту, адалдықты дәріптеу және әділ қоғам қалыптастыруға ұмтылу жастарды жауапкершілікке тәрбиелеуге және қоғамдағы сенімді нығайтуға ықпал етеді.
4. Заң және тәртіп. Тәртіп сақтауға, Конституцияға құрметпен қарауға және қоғамдық өмірде қабылданған нормаларды ұстануға баулу мықты құқықтық мемлекеттің іргетасын қалайды.
5. Еңбекқорлық және кәсіпқойлық. Ел мүддесі үшін жасампаз еңбекке, өзін-өзі жетілдіруге және кәсіби тұрғыдан дамуға ұмтылуға тәрбиелеу жастар бойында жасампаздық пен даму құндылықтарын қалыптастырады.
6. Жасампаздық және жаңашылдық. Бастамашылдықты қолдау, шығармашылық ойлау машығын дамыту және Қазақстанның болашағына үлес қосуға ұмтылу патриоттық тәрбиелеуде инновациялық тәсілдің маңыздылығын көрсетеді.
Әскери-патриоттық тәрбие беруді жүзеге асыру тәсілдері
Әскери-патриоттық тәрбие бірін-бірі өзара толықтыратын, бірнеше бағытты қамтитын кешенді тәсіл негізінде жүзеге асырылады, бұл бағыттардың әрқайсысы жеке тұлғаны қалыптастыру мен азаматтық бірегейлікті нығайтудың белгілі бір саласын қамтиды:
1. Идеологиялық тәсіл. Қазақстанның ұлттық тарихын, мәдениетін, рухани және моральдық құндылықтарын жүйелі меңгеру арқылы патриоттық сана-сезімді қалыптастыруға негізделеді, бұл ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, азаматтық бірегейлікті нығайтады.
2. Ақпараттық тәрбие беру тәсілі. Қарулы Күштердің рөлі мен маңызы, халықтың өткен тарихтағы өнегелі ерлігі және әскери қызметтің абыройлы миссиясы мен оның мемлекет қауіпсіздігінің бір бөлігі ретінде маңыздылығы туралы жастардың толыққанды хабардар болуына бағытталған.
3. Әлеуметтік-құқықтық тәсіл. Заңға құрметпен қарауды қалыптастырады, құқықтық мәдениетті нығайтады және белсенді азаматтық ұстанымды, жауапкершілік пен мемлекет болашағына үлес қосуға ұмтылатын түсінікті тереңдетуге ықпал етеді.
4. Моральдық-адамгершілік тәсіл. Адамның ішкі дүниесін шыншылдық, парыз, адалдық пен Отанға деген жанқиярлықты орнықтыра отырып тәрбиелеуге негізделеді.
5. Психологиялық тәсіл. Эмоционалдық ерік-жігер ұстамдылығын, қиындыққа мойымай, ішкі ресурсты жұмылдыра алу және стрестік және экстремалды жағдайда тиімді әрекет ете алу қабілетін дамытуға бағытталған.
Әскери-патриоттық тәрбиені іске асырудың негізгі бағыттары
Жоғарыда айтылған қағидаттар мен тәсілдерді ойдағыдай енгізу үшін жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді бірқатар стратегиялық бағыттар бойынша дамыту қажет, олардың әрбірі тәрбие жұмысының біртұтас және тұрақты негізін құрайды:
1. Әскери-патриоттық жұмысқа жауапты органдардың құрылымын жетілдіру. Республикалық және өңірлік деңгейде барлық тартылатын институттың келісілген іс-қимылын қамтамасыз ететін тәрбие процесін ұйымдастырудың біртұтас және үйлестірілген жүйесін қалыптастыруды болжайды.
2. Осы саланың ұйымдастырушылары мен мамандарының кәсіби деңгейін арттыру, қазіргі заманғы тәрбие нысандары мен әдістерін енгізу. Инновациялық әдістемелерді, қазіргі заманғы цифрлық технология мен тиімді тәрбиелеу практикасын қолдана алатын жаңа буын кадрларын даярлауды қамтиды.
3. Жастар бойында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік және еңбек ету дәстүрі негізінде патриоттық қасиеттерді қалыптастыру. Ұлттық жадыны нығайтуға, ата-баба ерлігіне тағзым етуге және ел болашағы үшін парыз пен жауапкершілік сезімін дамытуға бағытталған.
4. Әскери-патриоттық іс-шараларды ұйымдастыру мен жүргізу үшін материалдық-техникалық базаны дамыту. Тәрбие жұмысының қажеттілігіне сәйкес келетін практикалық және цифрлық даярлықты интеграциялауға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы инфрақұрылымды орнатуды қамтамасыз етеді.
5. Қоғамдық оң пікірді қалыптастыруға және жастарды патриоттық жұмысқа тартуға ықпал ететін тиімді ақпараттық сүйемелдеу. Патриоттық құндылықтарды насихаттау және әскери қызметті танымал ету үшін медиа құралдармен және цифрлық платформалармен кешенді жұмыс істеуді болжайды.
Көрсетілген бағыттардың бәрі өзара тығыз байланысты әрі рухани-адамгершілік және дүниетанымдық бағытқа, сондай-ақ тәрбие ісінің нақты айқындалған мақсаттарына, міндеттеріне, нысандары мен әдістеріне негізделген бірыңғай жүйе аясында іске асырылады.
5.1. Әскери-патриоттық жұмыс органдарының құрылымын жетілдіру
Әскери-патриоттық жұмыс органдарының құрылымын жетілдіру барлық білім беру деңгейінде және барлық әлеуметтік топтарда тәрбие процесінің тиімділігі мен сабақтастығын қамтамасыз ететін тұрақты әрі үйлестірілген жүйе қалыптастыруды болжайды.
1. Республикалық және өңірлік деңгейде барлық білім беру сатысын қамтитын және жұмыс мақсатының, міндеті мен әдісінің бірлігін қамтамасыз ететін біртұтас әскери-патриоттық тәрбие жүйесін қалыптастыру.
2. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламаларын іске асыруға мемлекеттік және қоғамдық институттарды белсенді тарту, сондай-ақ ұлттық, оның ішінде өңірлік деңгейде тәлімгерлік пен кураторлық тәжірибені дамыту мен қолдау.
3. Жергілікті атқарушы органдардың мамандандырылған әскери мектеп, үйірме мен секция жұмысын ұйымдастыру және қамтамасыз ету мәселелеріндегі өкілеттігін нақты айқындау, кемшіліктерді жою және оң тәжірибені бекіту үшін Қорғаныс министрлігі тарапынан жедел түзету енгізу және жүйелі бақылауды қамтамасыз етіп, білім беру ұйымындағы бастапқы әскери даярлық сапасын тұрақты мониторингтеу және талдау.
4. Әскери-патриоттық жұмысқа үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі арқылы қатысуы үшін жағдай жасау.
5. Еліміздің мектептері мен колледждерінде кейіннен әскери бөлімдер тарапынан кураторлықты бекітіп, жастардың техникалық ой-өрісін дамыту үшін әскери-патриоттық клубтар құру, "Жас сарбаз" сыныптарын және "Smart-sarbaz" үйірмелерін ашу тәжірибесін жалғастыру.
6. Оқушылар парламенті шеңберінде мектепте әскери-патриоттық министрлікті енгізу, оның жұмысы патриоттық іс-шараларды ұйымдастыру мен үйлестіруге, оқушылардың бастамасын дамытуға, сондай-ақ әскери-патриоттық клубтармен және бірлестіктермен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталатын болады.
5.2. Әскери-патриоттық тәрбиені ұйымдастырушылар мен мамандарының кәсіби даярлығы деңгейін арттыру, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жұмысының нысандары мен әдістерін жетілдіру
Мамандардың кәсіби деңгейін арттыру және әдістемелік базаны жетілдіру әскери-патриоттық тәрбие жүйесін сапалы дамытудың маңызды шарттары болып саналады. Осы процесс барлық даярлық деңгейін қамтитын және инновациялық жұмыс нысанын белсенді енгізуді болжайтын қазіргі заманғы білім беру тәсіліне негізделуге тиіс.
1. Функциялардың қайталануын болдырмау және бірлескен жұмыстың нәтижелілігін арттыру үшін әскери-патриоттық тәрбие мәселелеріне жауапты облыстық және аудандық құрылымдар арасында тиімді өзара іс-қимылды және бірлесіп әрекет етуді қамтамасыз ету.
2. Білім беру ұйымындағы әскери-патриоттық жұмыс сапасын арттыруға және бірегейлендіруге бағытталған әдістемелік ұсыным әзірлеу және енгізу.
3. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың тең дәрежеде қатысуын көздейтін іс-шараларға теңгерімді көзқарасты қалыптастыру, бұл серіктестікті нығайтуға және тәрбиелік бастамаларға қоғамдық қолдауды арттыруға мүмкіндік береді.
4. Әртүрлі әлеуметтік және жас топтарының мүддесі ескерілетін іс-шара өткізу, бұл жастарды кеңінен қамтуды және барлық әлеуметтік, кәсіби топ өкілдерін тәрбиелеу процесіне тартуды қамтамасыз етеді.
5. Мамандарды даярлау және цифрлық технологияны меңгеруді, интерактивті форматты қолдануды және әскери даярлық элементтерін оқу процесіне интеграциялауды қоса алғанда, қазіргі заманғы әскери-патриоттық тәрбие әдістеріне үйрету.
6. Тәжірибе алмасу және озық тәжірибені енгізу үшін орталық мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, сондай-ақ шетел мемлекеттерінің жастар ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандум жасау.
7. "Жас сарбаз" қозғалысының ұйымдастыру мүмкіндігін кеңейтуге және тәрбие жұмысының сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық құрылымдармен тығыз өзара іс-қимылын дамыту.
5.3. Жастар бойында патриоттық қасиетті қалыптастыру және дамыту, оларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дәстүрі негізінде тәрбиелеу
Жастарды кешенді әскери-патриоттық тәрбиелеу Қазақстанның бұған дейінгі ерлік өнегесі, әскери дәстүрі және Отанына қызмет ету үлгі-өнегесі негізінде қалыптасады. Бұл жұмыс жас азаматтар бойында тарихын, ұлттық мәдениетін дәріптеуге және ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қарулы Күштердің рөліне негізделген тұрақты құндылық бағытын қалыптастыруға бағытталған.
1. Тарихи-патриоттық насихаттау. Жастарға қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы басымдықтар туралы толыққанды ақпарат беруді, ата-бабамыздың ерлік мұрасымен, қазақстандықтардың ерлік өнегесімен, армияның қалыптасу кезеңімен және оның стратегиялық міндеттерімен таныстыруды қамтиды. Отан қорғаушыларды дәріптеу сезімін қалыптастыруға және Отанына қызмет ету туралы жадыны сақтауға ерекше назар аударылады.
2. Бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру. Республикалық бастама
іс-шарасына қатысу үшін аудан, қала және облыс деңгейінде үздік клуб іріктелетін әскери-патриоттық жиын өткізуді, сондай-ақ сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен ардагерлер тартылатын мәдени-көпшілік, спорттық және әскери-патриоттық іс-шараларды ұйымдастыруды болжайды. Бұл іс-шаралар ұрпақтар сабақтастығын және ұлттық жадыны нығайтуға ықпал етеді.
3. Психологиялық-педагогикалық дайындық. Жастар бойында табандылықты, батылдықты, борыш пен өзара көмек сезімін дамытуға бағытталған. Ол эмоцияны бақылай алуды, қорқынышты жеңе білуді, жауапкершілік пен ар-намыс сезімін күшейтуді, сондай-ақ жағымды тұлғалық қасиеттерді нығайту үшін өзін-өзі тану және өзін-өзі тәрбиелеу дағдысын дамытуды қамтиды.
4. Дене шынықтыру дайындығы. Шымырлықты, ерік-жігерді, жүктемені еңсере білу қабілетін, жауынгерлік рух пен тәртіптілік қасиеттерін дамытуды болжайды.
5. Отбасылық және әлеуметтік құндылықтар. Жастарды отбасылық дәстүр мен құндылықтарға негізделген тәрбиелеуді, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін мәдени және спорттық іс-шараларға тартуды қамтиды, бұл ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдық бірлікті нығайтуға ықпал етеді.
6. Ұйымдық өзара іс-қимыл. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік органдармен және білім беру ұйымдарымен тығыз ынтымақтастығын, сондай-ақ әскери қызметшілердің қамқорлық жұмысына белсенді қатысуын көздейді. Сонымен қатар іздеу жасақтарына, әскери-патриоттық тақырыптағы ғылыми-практикалық конференция мен форумға жастарды тартуды болжайды.
7. Жеке жұмыс. Жастарға атаулы қолдау көрсетуге, олардың тәрбиелік іс-шараларға саналы әрі белсенді қатысуына жағдай жасауға, сондай-ақ жеке жауапкершілік пен тәрбие процесіне тартылу деңгейін арттыруға бағытталған.
5.4. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу үшін материалдық базаны дамыту
Материалдық-техникалық базаны дамыту әскери-патриоттық тәрбие сапасын арттырудың қажетті шарты болып табылады. Ол жастарды іс жүзінде даярлау, олардың техникалық және цифрлық құзыретін дамыту, сондай-ақ дәстүр және жаңа технология негізінде тәрбие жұмысын нығайту үшін мүмкіндікті қамтамасыз ететін қазіргі заманғы инфрақұрылым құруға бағытталған.
1. "Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубтары мен сыныптарын жабдықтау. Оқу үй-жайларын арнайы жабдық – интерактивті тақтамен, мультимедиалық құрылғымен, қару-жарақ макетімен, әскери тарих, тактика, саптық даярлық және азаматтық қорғаныс бойынша көрнекі құралдармен қамтамасыз етуді көздейді.
2. Нысанды киіммен және атрибутикамен қамтамасыз ету. "Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубы мен сыныбының тәрбиеленушілеріне қозғалыс нышаны бар бірыңғай нысанды киім, сондай-ақ атрибутика (ту, төсбелгі, шеврон) беру көзделеді, бұл ұжымдық рухты нығайтуға және бірлік сезімін қалыптастыруға әсерін тигізеді.
3. Спорттық жарақтандыру. Пневматикалық қарудан атуды, автоматты бұзып-жинауды, кедергілер жолағынан өтуді және дене шынықтыру дайындығын дамытуды қоса алғанда, спорттық құрал-жабдықпен және тренажермен қамтамасыз ету, әскери-қолданбалы спорт түрлерімен шұғылдануға арналған спорт залы мен алаңын жабдықтау көзделеді.
4. Полигондар мен оқу-жаттығу базаларын дамыту. "Айбын" сияқты ауқымды республикалық іс-шараларды қоса алғанда, практикалық сабақ өткізу үшін арнайы объектілерді жасауға және жаңғыртуға бағытталған.
5. Техникалық шығармашылық үйірмелеріне арналған инфрақұрылым. Мектептерді пилотсыз техника жиынтығымен, бағдарламалау және авиамодельдеу құралдарымен жабдықтауды қамтиды, бұл оқушылардың инженерлік ой-өрісін және цифрлық дағдыны дамытуға ықпал етеді.
6. Ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету. Тәрбие жұмысын сүйемелдеу үшін бірыңғай цифрлық контур құруды, ведомстволық ақпараттық ресурсты (портал, онлайн-кітапхана, медиаконтент және т.б.) қолдау және жаңарту, сондай-ақ әдістемелік және ақпараттық қолдауды қамтамасыз ететін мультимедиалық материалдарды әзірлеу болжанады.
7. Әскери бөлімдер мен ардагерлер ұйымдарын тарту. Экскурсия, практикалық сабақ және ашық есік күндерін өткізу үшін әскери бөлімдердің инфрақұрылымын пайдалану, сондай-ақ ардагерлер ұйымдарының тәрбиелік бастамаларына қатысу болжанады.
8. Мұражайлар мен мемориалдарды қолдау. Тарихи жадыны тәрбиелеудің маңызды элементі ретінде батырлар мен Отан қорғаушыларға арналған әскери даңқ мұражайларын, мемориалдық кешендер мен ескерткіштер жасауда, реконструкциялауда және қолдауда жәрдем көрсетуді қамтиды.
9. Цифрлық білім беру платформалары мен тренажерлар жасау және қолдау. Қашықтан және аралас оқыту жүйесін әзірлеуге және енгізуге, бастапқы әскери даярлық, тактика және медициналық даярлық бойынша VR/AR технологияны, виртуалды симуляторлар мен тренажерларды қолдануға, сондай-ақ білім беру деректерін талдауды қолданып, дербестендірілген оқытуды ұйымдастыруға бағытталған.
10. Мобильді оқу-жаттығу кешендерін енгізу. Ауылдық және шалғайдағы мектептерге цифрлық платформа мен контентке офлайн-қолжетімділікті қамтамасыз етіп, қазіргі заманғы әскери және патриоттық даярлық құралдарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
5.5. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуді ақпараттық қамтамасыз ету
Әскери-патриоттық тәрбие ісін ақпараттық тұрғыда қамтамасыз ету жай ғана мәлімет таратумен шектелмейді, ол Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің орнықты жағымды бейнесін қалыптастыруға, Отан қорғаушылардың ерлігін ұлықтауға және әскери қызметті құрметті әрі жауапты миссия ретінде насихаттауға бағытталған жүйелі жұмысты білдіреді. Бұл жұмыс ел тарихын, оның жетістіктері мен жеңістерін терең ұғындыруды қамтамасыз етуге, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және құрылымды бұзатын идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыруға ықпал етуге тиіс.
1. Мемлекеттік, қоғамдық және медиа құрылымдардың күш-жігерін біріктіру. Әскери-патриоттық тәрбие саласында ақпараттық саясат бірлігіне қол жеткізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарының, ведомстволық басылымдар және қоғамдық ұйымдар жұмысын үйлестіруді болжайды.
2. Цифрлық ортада арнайы контентті орналастыру. Ведомстволық әлеуметтік желі мен мемлекеттік интернет-ресурста әлеуметтік бейнероликтерді, мультимедиалық материалдарды және патриоттық контентті жүйелі түрде жария етуді қамтиды.
3. Баспасөз басылымдарында материалдарды тарату. Қарулы Күштердің және басқа да әлуетті құрылымдардың арнайы басылымдарында мақалалар мен талдау материалдарын жариялауға бағытталған, ол әскери-патриоттық тақырыпқа тұрақты қызығушылықты қамтамасыз етеді.
4. Көрнекі үгіт-насихат құралдарын пайдалану. Әскери қызметті танымал ету және Қарулы Күштерге деген оң көзқарасты қалыптастыру үшін елді мекендерде ақпараттық стендтер, баннерлер мен басқа да визуалды материалдар орнатуды қамтиды.
5. "Қазақстанның жас қорғаушысы" электрондық журналын құру. Онлайн және мобильді форматтағы журналда ел батырлары туралы материалдар, әскери қызметшілермен сұхбаттар, жастар жобалары туралы әңгімелер, армиядағы қазіргі заманғы технология туралы жарияланымдар, сондай-ақ оқушылар мен студенттерге арналған шығармашылық тапсырмалар мен конкурстар қамтылады.
6. Подкастар мен бейнеблогтарды дамыту. Жас офицерлер мен курсанттар қызмет өткерудегі тәжірибесімен бөлісетін, армияның күнделікті өмірі туралы айтып, жасөспірімдермен және жастармен тікелей диалог жүргізетін медиаалаң құруды болжайды.
7. Жастарға арналған медиамектептерді ұйымдастыру. Оқушылар мен студенттерді медиа жасау дағдысына оқытып-үйретуге, мақалалар, бейнероликтер, подкастар жасауға, сондай-ақ патриоттық тақырыпқа арналған мектептегі және өңірдегі медиаплатформаны дамытуға бағытталған.
Осы бағыттарды іске асыру көпдеңгейлі ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, онда дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары қазіргі заманғы цифрлық платформамен үйлесетін, ал ақпараттық ықпал ету жастарды тәрбиелеу, оқу-ағарту және оң азаматтық белсенділікке тарту құралына айналатын болады.
6-бөлім. Нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтиже
Әскери-патриоттық тәрбиелеуге тартылған жастар санының ұлғаюымен 2030 жылға қарай:
барлық білім беру деңгейінде және барлық әлеуметтік топта әскери-патриоттық тәрбиенің жүйелі моделі құрылады;
әскери-патриоттық тәрбиелеу міндеттерін орындауда ведомствоаралық өзара іс-қимыл және мемлекеттік әріптестік жүйесі тиімді жұмыс істейді;
жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуді сүйемелдеу мен реттеудің құқықтық базасы өзекті етіледі;
өз елі үшін мақтаныш сезіміне (тарихи мұраны, мәдениетті дамытуға, спорттағы жетістікке, Отанын қорғауға, оның өркендеуіне үлес қосуға ниеттенуге) негізделген елде іске асырылатын саясатқа жастардың қанағаттану деңгейі арттырылатын болады.
Мақсатқа қол жеткізу осы Тұжырымдамаға 1-кестеде көрсетілген нысаналы индикаторлармен өлшенетін болады.
2030 жылға қарай күтілетін сандық нәтиже:
жалпы білім беретін мекемелер мен әскери бөлімдер жанындағы әскери-патриоттық ұйымдар (клубтар, үйірмелер, сыныптар мен секциялар) үлесін 19,2 %-ға ұлғайту;
оқу-әдістемелік жиыннан өткен мамандар үлесін 45,9 %-ға ұлғайту;
әскери оқу орындарына оқуға түсуге ниет білдіретін жастар үлесін
7,8 %-ға ұлғайту;
әскери-патриоттық клубтар материалдық-техникалық базасының (сынып пен үй-жайды жабдықтау, нысанды киіммен, атрибутикамен қамтамасыз ету) қамтамасыз етілу үлесін 13,6 %-ға дейін ұлғайту;
жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі жарияланымдар, әлеуметтік роликтер мен контенттер үлесін 41 %-ға ұлғайту.
2030 жылға дейінгі күтілетін сапалық нәтиже:
армияның оң имиджінің нығаюын көрсететін жастардың Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне және басқа да құқық қорғау құрылымдарына сенім білдіру индексінің өсуі;
жастардың азаматтық және әскери борышын орындауға дайын болу деңгейінің артуы (қажет болғанда Отанын қорғауға дайын екені туралы мәлімдейтін жас азаматтар үлесінің ұлғаюы);
жастарды патриоттық жұмысқа тартудың айтарлықтай ұлғаюы (оның ішінде NEET-жастар, ауыл жастары, мүмкіндігі шектеулі жастар сияқты бұрын қатыспаған топтарды қамту есебінен);
жастар арасында мемлекетке қарсы идеология мен экстремизмге төзбеушілік атмосферасының нығаюы, теріс ақпараттық ықпал етуге қарсы тұрақтылықтың артуы (жас ұрпақтың "идеологиялық иммунитетінің" қалыптасуы).
Ескертпе: Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар осы Тұжырымдамаға қосымшаға сәйкес Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
1-кесте. Нысаналы индикаторлар
Р/с№ | Нысаналы индикаторлар | Өлш. бірл. | Ақпарат көзі | Болжам | Орындауға жауаптылар | ||||||
2024 жыл | 2025 жыл | 2026 жыл | 2027 жыл | 2028 жыл | 2029 жыл | 2030 жыл | |||||
1. | Жалпы білім беретін мекемелер мен әскери бөлімдер жанындағы әскери-патриоттық ұйымдар (клубтар, үйірмелер, сыныптар мен секциялар) үлесін ұлғайту | % | Қорғанысмині | 2,7 | 5,5 | 8,2 | 11- | 13,7 | 16,5 | 19,2 | ЖАО, Қорғаныс мині, ТЖМ, ІІМ, ҰҚК (келісу бойынша), Ассамблея жастары (келісу бойынша) |
2. | Оқу-әдістемелік жиыннан өткен мамандар үлесін ұлғайту | % | Қорғанысмині | 6,4 | 12,9 | 19,3 | 26 | 32 | 39,3 | 45,9 | ЖАО, "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша), Қорғанысмині |
3. | Әскери оқу орындарына оқуға түсуге ниет білдіретін жастар үлесін ұлғайту | % | Қорғанысмині | 5,4 | 5,8 | 6,2 | 6,6 | 7 | 7,4 | 7,8 | ЖАО, Қорғаныс мині, "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша) МАМ, ОМ, ТЖМ, ІІМ, ҰҚК (келісу бойынша), МКҚ (келісу бойынша) |
4. | Әскери-патриоттық клубтар материалдық-техникалық базасының (сынып пен үй-жайды жабдықтау, нысанды киіммен, атрибутикамен қамтамасыз ету) қамтамасыз етілу үлесін ұлғайту | % | Қорғанысмині | 1,9-ға дейін | 3,7-ге дейін | 5,5-ке дейін | 7,6-ға дейін | 9,6-ға дейін | 11,6-ға дейін | 13,6-ға дейін |
ЖАО, Қорғаныс мині |
5. | Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі жарияланымдар, әлеуметтік роликтер мен контенттер үлесін ұлғайту | % | Қорғанысмині | 6,4 | 12,1 | 17,8 | 23,6 | 29,4 | 35,2 | 41 | Қорғаныс мині, ТЖМ, ІІМ, ҰҚК (келісу бойынша), ЖАО, МКҚ (келісу бойынша), "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша) |
| Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына қосымша |
Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары
Р/с № | Іс-шара атауы | Аяқтау нысаны | Аяқталу мерзімі | Жауапты орындаушылар | Қаржыландыру көлемі | Қаржыландыру көзі |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |
1-бағыт. Әскери-патриоттық жұмыс органдары құрылымының жүйесін жетілдіру | ||||||
Нысаналы индикатор: Жалпы білім беретін мекемелер мен әскери бөлімдер жанындағы әскери-патриоттық ұйымдар (клубтар, үйірмелер, сыныптар мен секциялар) үлесін ұлғайту (2024 ж. – 2,7 %, 2025 ж. – 5,5 %, 2026 ж. – 8,2 %, 2027 ж. – 11 %, 2028 ж. – 13,7 %, | ||||||
1 | Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі республикалық және өңірлік үйлестіру кеңесін құру | Қорғанысминінің бұйрығы, облыс (қала), аудан әкімдерінің өкімі |
2025 жылғы | Қорғанысмині, ЖАО | талап етілмейді | - |
2 | Жалпы білім беретін мекемелерде және әскери бөлімдер мен мекемелер жанынан әскери-патриоттық клуб ашу | аудандық білім беру басқармасында (бөлімде) тіркеумен әскери-патриоттық клуб ашу туралы акт (айына кемінде бір клубтан) | жарты жылда бір рет келесі айдың 10-ы күніне қарай Қорғанысминіне ақпарат | ЖАО, Қорғанысмині, ТЖМ, ІІМ, ҰҚК (келісу бойынша) | талап етілмейді | - |
3 | Жалпы білім беретін мекемелерде "Жас сарбаз" әскери-патриоттық сыныбын ашу | аудандық білім беру басқармасында (бөлімде) тіркеумен "Жас сарбаз" әскери-патриоттық сыныбын ашу туралы акт (жылына кемінде бір сыныптан) | жарты жылда бір рет келесі айдың 10-ы күніне қарай Қорғанысминіне ақпарат | ЖАО | талап етілмейді | - |
4 | Мамандандырылған мектеп пен техникалық колледжде "Смарт сарбаз" үйірмесін ашу | аудандық білім беру басқармасында (бөлімдер) "Смарт сарбаз" үйірмесін ашу туралы акт (жылына кемінде бір үйірмеден) | жарты жылда бір рет келесі айдың 10-ы күніне қарай Қорғанысминіне ақпарат | ЖАО, Қорғанысмині, ІІМ, ҰҚК (келісу бойынша) | талап етілмейді | - |
5 | Жастар үйі мен Қазақстан халқының Ассамблеясы базасында "Жас сарбаз" қозғалысының үйірме жұмысын ұйымдастыру | үйірме ашу туралы акт (2029 жылға қарай әрбір өңірде кемінде бір үйірме ашу) |
жыл сайын, | Ассамблея жастары (келісу бойынша), Қорғанысмині, ЖАО | талап етілмейді | - |
2-бағыт. Әскери-патриоттық тәрбиелеуді ұйымдастырушылар мен мамандарының кәсіби даярлығы деңгейін арттыру, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жұмысының нысандары мен әдістерін жетілдіру | ||||||
Нысаналы индикатор: Оқу-әдістемелік жиыннан өткен мамандар үлесін ұлғайту (2024 ж. – 6,4 %, 2025 ж. – 12,9 %, | ||||||
6 | "Жас сарбаз" қозғалысы филиалының төрағаларымен оқу-әдістемелік жиын өткізу | Қорғанысминінің бұйрығы |
жыл сайын | Қорғанысмині, "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша), ЖАО | көзделген қаражат есебінен және шегінде | ЖБ |
7 | Облыстық (қалалық, аудандық) "Айбын" жиынын өткізу шеңберінде әскери-патриоттық клуб жетекшілерімен және бастапқы әскери және технологиялық даярлық оқытушыларымен оқу-әдістемелік жиын өткізу | әкімдердің өкімі |
жыл сайын | ЖАО | көзделген қаражат есебінен және шегінде | ЖБ |
8 | "Айбын" республикалық жиынын өткізу шеңберінде әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға тартылған мамандармен оқу-әдістемелік жиын өткізу | Қорғанысминінің бұйрығы |
жыл сайын | Қорғанысмині, ЖАО | көзделген қаражат есебінен және шегінде | ЖБ |
9 | Жастармен әскери-патриоттық жұмысты ұйымдастыру бойынша оқу-әдістемелік жиынға әдістемелік ұсыным дайындау | Ұлттық қорғаныс университеті ғылыми кеңесі отырысының хаттамасы |
жыл сайын | Қорғанысмині, "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша), ЖАО | талап етілмейді | - |
3-бағыт. Жастардың бойында патриоттық қасиеттерді қалыптастыру және дамыту, оларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дәстүрі негізінде тәрбиелеу | ||||||
Нысаналы индикатор: Әскери оқу орындарына оқуға түсуге ниет білдіретін жастар үлесін ұлғайту (2024 ж. – 5,4 %, 2025 ж. – 5,8 %, 2026 ж. – 6,2 %, 2027 ж. – 6,6 %, 2028 ж. – 7 %, 2029 ж. – 7,4 %, 2030 ж. – 7,8 %) | ||||||
10 | "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізу |
Қорғанысминінің |
жыл сайын | Қорғанысмині, ЖАО, МАМ | көзделген қаражат есебінен және шегінде | Қорғанысмині мен ЖБ бюджеті |
11 | "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының аудандық, қалалық, облыстық іріктеу кезеңін өткізу | әкімдердің өкімі |
жыл сайын | ЖАО, Қорғанысмині, "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша) | көзделген қаражат есебінен және шегінде | ЖБ |
12 | Отан қорғаушы күніне арналған оқу орындарында жауынгерлік оқу-жаттығу және қызмет үздіктерінің, Қарулы Күштер ардагерлерінің, интернационалист жауынгерлердің қатысуымен "Ерлік сабағы" ашық сабағын ұйымдастыру және өткізу | Қорғанысминінің бұйрығы |
жыл сайын | ЖАО, Қорғанысмині, ОМ, ТЖМ, ІІМ, ҰҚК (келісу бойынша), МКҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | - |
13 | Отан қорғаушы күніне арналған үздік "Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубы мен мамандандырылған сыныбының (әрбір өңірден бір клубтан) салтанатты концертке қатысуы | Қорғанысминінің бұйрығы |
жыл сайын | Қорғанысмині, ТЖМ, ІІМ, ҰҚК (келісу бойынша), ЖАО | көзделген қаражат есебінен және шегінде | ЖБ |
4-бағыт. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу үшін материалдық базаны дамыту | ||||||
Нысаналы индикатор: Әскери-патриоттық клубтар материалдық-техникалық базасының (сыныптар мен үй-жайларды жабдықтау, киім нысанымен, атрибутикамен қамтамасыз ету) қамтамасыз етілу үлесін ұлғайту (2024 ж. – 1,9 %, 2025 ж. – 3,7 %, 2026 ж. – 5,5 %, | ||||||
14 | Әскери-патриоттық клуб пен "Жас сарбаз" сыныбының оқушыларымен сабақ өткізу орындарын жиһазбен, Интернет желісіне шығатын компьютермен, фото, бейнеаппаратурамен, басқа да қажетті техникамен қамтамасыз ету | орындалған жұмыс актісі |
жыл сайын | ЖАО, Қорғанысмині | көзделген қаражат есебінен және шегінде | ЖБ |
15 | Әскери-патриоттық қозғалыс, клуб мүшелерін нысанды киіммен, спорттық киім нысанымен, жабдықпен, атрибутикамен, жалаулармен, плакаттармен және т.б. қамтамасыз ету | орындалған жұмыс актісі |
жыл сайын | ЖАО, Қорғанысмині | көзделген қаражат есебінен және шегінде | ЖБ |
5-бағыт. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуді ақпараттық қамтамасыз ету | ||||||
Нысаналы индикатор: Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша жарияланымдар, әлеуметтік роликтер мен контенттер үлесін ұлғайту (2024 ж. – 6,4 %, 2025 ж. – 12,1 %, 2026 ж. – 17,8 %, 2027 ж. – 23,6 %, 2028 ж. – 29,4 %, 2029 ж. – 35,2 %, 2030 ж. – 41 %) | ||||||
16 | Әлеуметтік желіде жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша әлеуметтік роликтер мен контенттер шығару | әлеуметтік желіні ақпаратпен толықтыру | ай сайын | Қорғанысмині, ЖАО, "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша), ТЖМ, ҰҚК (келісу бойынша), ІІМ, МКҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | - |
17 | Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның және Шекара қызметінің ведомстволық баспа басылымында жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тақырыбына мақалалар басып шығару | мақала жариялау | тоқсан сайын | Қорғанысмині, ЖАО, ТЖМ, ҰҚК (келісу бойынша), ІІМ, МКҚ (келісу бойынша) "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша) | талап етілмейді | - |
18 | Елді мекенде ҚР Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы әскери қызметті насихаттайтын үгіт-насихат құралдарын орналастыру |
орындалған |
жыл сайын | ЖАО, Қорғанысмині, ТЖМ, ҰҚК (келісу бойынша), ІІМ, МКҚ (келісу бойынша) | көзделген қаражат есебінен және шегінде | ЖБ |
Ескертпе:
аббревиатуралардың толық жазылуы:
Ассамблея жастары | – | "Ассамблея жастары" республикалық қоғамдық бірлестігі |
ЖАО | – | жергілікті атқарушы органдар |
"Жас сарбаз" қозғалысы | – | "Жас сарбаз" балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы" республикалық қоғамдық бірлестігі |
Қорғанысмині | – | Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі |
ЖБ | – | жергілікті бюджет |
МАМ | – | Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі |
МКҚ | – | Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі |
ОМ | – | Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі |
ТЖМ | – | Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі |
ҰҚК | – | Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті |
ІІМ | – | Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі |