"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 15) тармақшасына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 қаулысына сәйкес, Түркістан қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған "Түркістан қалалық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.
2. Осы шешімге қосымшаға сәйкес Түркістан қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Түркістан қалалық мәслихаты аппаратының басшысына жүктелсін.
4. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қалалық мәслихат төрағасы | Г.А.Сарсенбаев |
| Түркістан қалалық мәслихатының | |
| 2026 жылғы 28 тамыздағы | |
| №46/210-VIII шешімімен бекітілген |
"Түркістан қалалық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Түркістан қалалық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мәслихат аппараты) Түркістан қалалық мәслихатының (бұдан әрі – Мәслихат), оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Мәслихат аппаратының ведомстволары жоқ.
3. Мәслихат аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Мәслихат аппараты мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі мен атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Мәслихат аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Мәслихат аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда, ол мемлекетттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Мәслихат аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Мәслихат аппараты басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Мәслихат аппаратының құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
Мәслихаттың өкiлеттiк мерзiмiнiң аяқталуымен, Мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайларда, Мәслихат аппараты мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi тоқтатылмайды.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 161200, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Әмір Темір көшесі, №28.
10. Осы Ереже Мәслихат аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.
11. Мәслихат аппаратының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Мәслихат аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен Мәслихат аппаратының өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынасқа түсуіне тыйым салынады. Егер Мәслихат аппаратына заңдармен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше беліленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мәслихат аппаратының мақсаттары, функциялары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
1) Мәслихат пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыру, депутаттарға өздерiнiң өкiлеттiгiн жүзеге асыруға көмек көрсету;
2) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де мақсаттар.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
Мәслихат сессиялары мен тұрақты (уақытша) комиссиялар отырыстарының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және лауазымды адамдардан, өзге де ұйымдардан белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат пен құжаттаманы сұрату;
Мәслихаттың құзыретіне жататын мәселелерді пысықтау үшін мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың қызметшілерін тарту;
депутаттық сауалдар мен ұсыныстардың уақтылы қаралуын және іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелерге сұрау салулар жіберу;
Мәслихат аппаратының құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестерге, комиссияларға және жұмыс топтарына қатысу;
заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен дерекқорларды пайдалану;
Мәслихат аппаратының құқықтары мен заңды мүдделерін мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдар мен соттарда білдіру;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;
2) міндеттері:
Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарын сақтау;
Мәслихат аппаратына жүктелген мақсаттар мен функциялардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету;
бюджет қаражаты мен мемлекеттік мүліктің тиімді және мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құжаттардың, жолданымдардың және депутаттық сауалдардың қаралуын қамтамасыз ету;
мемлекеттік құпияларды, дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғалуын қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де міндеттерді орындау.
Мақсаттар мен өкілеттіктерді іске асыру Мәслихат аппараты үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттер шегінде жүзеге асырылады.
15. Функциялары:
Мәслихат сессияларын, Мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссияларының, өзге де органдарының отырыстарын ұйымдастырушылық және құжаттамалық қамтамасыз ету;
Мәслихаттың жұмыс жоспарларын, сессиялар мен комиссиялар отырыстарының күн тәртібі жобаларын әзірлеуді, қажетті материалдарды жинауды, жүйелеуді және депутаттарға уақтылы ұсынуды қамтамасыз ету;
Мәслихаттың қарауына енгізілетін нормативтік құқықтық актілер жобаларының және өзге де шешімдердің жобаларының қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін бақылау, Мәслихат қабылдаған нормативтік құқықтық актілерге мониторинг жүргізу;
Мәслихат сессияларының, тұрақты және уақытша комиссиялар отырыстарының хаттамаларын рәсімдеу, қабылданған шешімдер мен ұсынымдарды орындаушыларға жеткізу;
Мәслихат шешімдерінің, комиссиялар ұсынымдарының және хаттамалық тапсырмалардың орындалуына мониторинг жүргізу, оларды іске асыру барысы туралы ақпарат дайындау;
келіп түскен ақпаратты, атқарушы органдар басшыларының есептерін жинау, талдау, Мәслихат депутаттарының алдында өз қызметі туралы есеп беретін мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелері туралы анықтамалар дайындау;
депутаттық сауалдар мен депутаттық жолданымдарды тіркеу, олардың қаралуына және жауаптардың заңнамада белгіленген мерзімдерде берілуіне мониторинг жүргізу;
Мәслихат депутаттарына жаза қолдануға байланысты мәселелерді дайындау, сондай-ақ Мәслихат сессиялары мен оның органдарының отырыстарына депутаттардың қатысуына мониторинг жүргізу;
депутаттардың сайлаушылармен кездесулерін, азаматтарды қабылдауын және Мәслихаттың халықпен кері байланысын ұйымдастырушылық қамтамасыз ету;
жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылдау, тіркеу және қарау, азаматтарды жеке қабылдауды ұйымдастыру;
Мәслихаттың қызметі туралы ақпараттық-талдамалық материалдар, анықтамалар, баяндамалар және басқа да құжаттар дайындау;
Мәслихат қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, оның шешімдерін ресми жариялауды ұйымдастыру және өзге де ақпаратты заңнамада белгіленген тәртіппен интернет-ресурста орналастыру;
Мәслихат аппаратында іс жүргізуді, құжат айналымын және құжаттардың архивте сақталуын ұйымдастыру;
Мәслихат аппараты қызметінің кадрлық, қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуін жүзеге асыру;
Мәслихат аппаратында мемлекеттік қызмет, еңбек қатынастары, персоналды басқару, қызметтік тәртіп, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
бюджеттік жоспарлау, бухгалтерлік есеп пен есептілік, мемлекеттік сатып алу, Мәслихат аппаратының мүлкін есепке алу және сақтау, Мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
Мәслихаттың халықпен, мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
3-тарау. Мәслихат аппараты басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Мәслихат аппаратын басқаруды бірінші басшы - Мәслихат аппаратының басшысы жүзеге асырады, ол Мәслихат аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Мәслихат аппаратының басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Мәслихат төрағасы лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
Мәслихат аппараты басшысының тәртіптік жауапкершілігі мәселесі де осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген лауазымды адамның өкімімен шешіледі.
18. Мәслихат аппараты басшысының орынбасарлары жоқ.
19. Мәслихат аппараты басшысының өкілеттіктері:
1) Мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды;
2) өз құзыреті шегінде Мәслихат аппаратының қызметін ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
3) Мәслихат аппаратының "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындайды және мемлекеттік лауазымдардан босатады;
4) Мәслихат аппаратының тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
5) қызметтік тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
6) Мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметшілерін іссапарға жіберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, көтермелеу, оларға үстемеақылар белгілеу мәселелерін шешеді;
7) Мәслихат аппараты мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;
8) Мәслихат аппаратында еңбек келісім-шарты негізінде жұмыс атқаратын қызметшілерді жұмысқа қабылдау, жұмыстан босату, еңбек келісім-шартын бұзу, тәртіптік жауапкершілікке тарту, жыл сайынғы еңбек демалысына жіберу мен демалыстан шақырып алу бойынша бұйрықтар қабылдайды;
9) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;
10) Мәслихат сессияларын, Мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссияларының отырыстарын ұйымдастырады;
11) Мәслихат шешімдерінің жобаларын, Мәслихат депутаттарын іссапарға жіберу жөніндегі және Мәслихат төрағасы немесе Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда міндеттерді жүктеу жөніндегі бұйрықтарды дайындайды;
12) депутаттардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;
13) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша бұйрықтар шығарады;
14) Мәслихат аппаратының басшысына жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Мәслихат аппаратының қаржылық-шаруашылық құжаттарына бірінші қол қою құқығы Мәслихат аппаратының басшысына беріледі.
Мәслихат аппаратының басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
4-тарау. Мәслихат аппаратының мүлкі
20. Мәслихат аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Мәслихат аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Мәслихат аппаратына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мәслихат аппараты өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату
23. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
| Түркістан қалалық мәслихатының | |
| 2026 жылғы 28 тамыздағы | |
| №46/210-VIII шешіміне қосымша |
Түркістан қалалық мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. "Түркістан қалалық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Түркістан қалалық мәслихатының 2018 жылғы 19 қарашадағы №40/205-VI шешімі;
2. "Түркістан қалалық мәслихатының 2018 жылғы 19 қарашадағы №40/205-VI "Түркістан қалалық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Түркістан қалалық мәслихатының 2021 жылғы 15 қыркүйектегі №11/51-VII шешімі;
3. "Түркістан қалалық мәслихатының 2018 жылғы 19 қарашадағы №40/205-VI "Түркістан қалалық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Түркістан қалалық мәслихатының 2023 жылғы 17 қаңтардағы №25/243-VII шешімі.