"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 2-тармағына, "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 19) тармақшасына, "Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысына сәйкес, Түркістан облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Түркістан облысының мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің келесі санаттары үшін тегін тамақтандыру ұйымдастырылсын:
1) жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
2) даму мүмкіндігі шектеулі балалар, мүгедектігі бар балалар;
3) атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар көп балалы отбасылардың балалары.
2. "Түркістан облысының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;
2) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Түркістан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Облыс әкімі | Н. Көшеров |