ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз.
"Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 3-тармағына, "Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 5) тармақшасына және "Қытай Халық Республикасынан шығарылатын және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін ұшқынмен тұтанатын оталдыру шамдарына қатысты демпингке қарсы бажды енгізу арқылы демпингке қарсы шараны қолдану туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2026 жылғы 7 сәуірдегі № 46 шешіміне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында демпингке қарсы баж төлемей Қытай Халық Республикасынан шыққан ұшқынмен тұтанатын оталдыру шамдарын әкелуге сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сыртқы сауда қызметі департаменті Қазақстан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына электрондық нысанда қазақ және орыс тілдерінде жіберуді;
2) осы бұйрықтың қабылданғаны туралы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне хабарлама жәберуді;
3) осы бұйрықты оның алғашқы ресми жариялған күннен кейін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы Қағидаларға сәйкес демпингке қарсы баж төлемей, Қытай Халық Республикасынан шыққан ұшқынмен тұтанатын оталдыру шамдарының импортына лицензия беруді жүзеге асыруын;
2) Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында Қытай Халық Республикасынан шыққан ұшқынмен тұтанатын оталдыру шамдарын әкелуге сандық шектеулер (квоталар) туралы мәліметтерді (бекітілген, пайдаланылған және бөлінбей қалған) жариялауды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2031 жылғы 9 мамырға дейін қолданылады.
|
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі |
А. Шаққалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министірлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
| Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2026 жылғы 18 тамыздағы № 237-НҚ бұйрығымен бекітілген |
Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында Қытай Халық Республикасынан шыққан ұшқынмен тұтанатын оталдыру шамдарын әкелуге сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында Қытай Халық Республикасынан шыққан ұшқынмен тұтанатын оталдыру шамдарын әкелуге арналған сандық шектеулерді (бұдан әрі – квоталар) бөлу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 3-тармағына, "Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 5) тармақшасына және "Қытай Халық Республикасынан шығарылатын және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін ұшқынмен тұтанатын оталдыру шамдарына қатысты демпингке қарсы бажды енгізу арқылы демпингке қарсы шараны қолдану туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2026 жылғы 7 сәуірдегі № 46 шешімімене (бұдан әрі – № 46 Алқа шешімі) сәйкес әзірленді және Қытай Халық Республикасынан шыққан ұшқынмен тұтанатын оталдыру шамдарын әкелуге арналған квоталарды сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында бөлу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) автокөлік құралдарын шетелдік өндірушінің өкілі (бұдан әрі – дистрибьютор) – автокөлік құралдарын шетелдік өндіруші уәкілеттік берген, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды тұлға ретінде тіркелген, өндірушінің атынан доңғалақты көлік құралдарының сәйкестігін бағалауды және оларды айналымға шығаруды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген техникалық регламент талаптарына сәйкестігі үшін жауапты болатын, сондай-ақ өндірушімен жасалған шарт негізінде доңғалақты көлік құралдарын әкелу және өткізу, сондай-ақ оларға сатудан кейінгі қызмет көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті тұлға;
2) квота – № 46 Алқа шешімімен белгіленген, жылына 6 000 000 (алты миллион) данаға тең, Қазақстан Республикасына демпингке қарсы баж төлемей әкелу үшін рұқсат етілген заттай мәндегі тауардың жыл сайынғы көлемі;
3) кеден iсi саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі;
4) өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган – өнеркәсіп саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіру мен өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыруды іске асыруға қатысуды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
5) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – сауда саясатын қалыптастыратын және сауда қызметі саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) сыртқы сауда қызметіне қатысушылар – сыртқы сауда қызметін жүзеге асыратын, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғалар және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдар;
7) тауар – Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының 8511 10 000 1 және 8511 10 000 9 кодтармен жіктелетін Қытай Халық Республикасынан шыққан ұшқынмен тұтанатын оталдыру шамдары;
2-тарау. Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу тәртібі
3. Кеден ісі саласындағы уәкiлеттi орган тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың он бесінші күнiне қарай сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкiлеттi органға тауар бойынша заттай және құндық көлемдері туралы ақпаратты ұсынады.
Ақпарат әкелуді жүзеге асыратын сыртқы сауда қызметіне қатысушыларды көрсете отырып, өсу қорытындысымен қоса ұсынылады. Көрсетілген ақпарат тауардың шығарылу күні бойынша қалыптастырылады
4. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган осы Қағидалар қолданысқа енгізілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей, бұдан әрі жыл сайын квотаны бөлудің алдындағы жылдың 1 желтоқсанына дейін уәкілетті органға дистрибьюторлардың тізбесін ұсынады.
Дистрибьюторлар тізбесіне өзгерістер енгізілген жағдайда өзектендірілген ақпарат уәкелетті органға ұсынылады.
5. Уәкілетті орган:
осы Қағидалар қолданысқа енгізілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей, бұдан әрі жыл сайын күнтізбелік жыл басынан бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында www.gov.kz тауарды әкелуге лицензиялар берудің басталғаны туралы хабарландыру, сондай-ақ дистрибьюторлардың тізбесін орналастырады;
квота қолданылатын жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін сыртқы сауда қызметіне қатысушыларға осы Қағидаларға сәйкес айқындалған көлемде тауарларды әкелуге лицензиялар беруді жүзеге асырады;
ай сайын, квота қолданылатын айдың, жылдың 10-күніне дейін өзінің интернет-ресурсында www.gov.kz лицензиялар берілген квоталардың көлемі және квота таусылғанға дейін бөлінбеген қалған көлемдер туралы мәліметтерді жариялайды.
6. Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында жылдық квотаны (6 000 000 дана) бөлу мынадай:
дистрибьюторларды қоспағанда, сыртқы сауда қызметіне қатысушыларға: тауарды әкелуге жылдық квотаның 80% (4 800 000 дана) ;
дистрибьюторларға: тауарды әкелуге жылдық квотаның 20% (1 200 000 дана).
7. Дистрибьюторды қоспағанда, сыртқы сауда қызметіне әрбір қатысушы үшін демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге арналған жыл сайынғы лимит сыртқы сауда қызметіне қатысушылар үшін көзделген көлемнің 10% - (он пайызын) аспайды.
8. Әрбір дистрибьютор үшін демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге арналған жыл сайынғы лимит дистрибьюторлар үшін көзделген көлемнің 5% (бес пайызын) аспайды.
9. Демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелу сыртқы сауда қызметіне қатысушыда уәкілетті орган берген лицензия болған кезде жүзеге асырылады.
10. Лицензия алу үшін сыртқы сауда қызметіне қатысушылар уәкілетті органға "Сауда қызметі саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 51-НҚ бұйрығымен бекітілген "Жекелеген тауар түрлерінің импортына және (немесе) экспортына лицензия беру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес тауар импортына лицензия беру туралы өтінішті (бұдан әрі – өтініш) береді (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20135 болып тіркелген).
Тауар импортына лицензия беруге өтініш квота қолданылатын жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанына дейін беріледі.
11. Өтінішті қарау және сыртқы сауда қызметіне қатысушыларға лицензия беру уәкілетті органмен Өтініштің келіп түсу кезектілігі тәртібімен жүзеге асырылады.
12. Тауар импортына лицензиялар осы Қағидалардың 6 және 7-тармақтарында айқындалған сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың әрбір санаты үшін белгіленген жыл сайынғы лимиттен аспайтын көлемде, Өтініште көрсетілген мөлшерге сәйкес, квота көлемдері таусылғанға дейін беріледі.
13. Лицензияның қолданылу мерзімі лицензия берілген күнтізбелік жылмен шектеледі.
14. Лицензияның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін лицензия иелері 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде уәкілетті органға Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2023 жылғы 24 қарашадағы № 125 шешімімен бекітілген Үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензиялар мен рұқсаттар беру қағидаларына № 3 қосымшаға сәйкес нысан бойынша тауар импортына лицензияның орындалуы туралы анықтаманы ұсынады.
15. Сыртқы сауда қызметіне қатысушы өзіне берілген тауар импортына лицензияны оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қайтарған жағдайда, пайдаланылмаған квота қайта бөлінуге жатады.
16. Демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге арналған квотаны бөлу квота көлемі толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
17. Уәкілетті орган тоқсан сайын өзінің интернет-ресурсында www.gov.kz демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге квота алған өтініш берушілердің жиынтық тізбесін орналастырады.
18. Осы Қағидаларға сәйкес квота шеңберінде сыртқы сауда қызметіне қатысушылар әкелген тауар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің аумағына әкетілуге жатпайды.