Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының "Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" 2024 жылғы 18 қыркүйектегі № 17/4 шешіміне мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы | В. Бубенко |
| Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының | |
| 2026 жылғы 25 қыркүйектегі № 40/7 | |
| шешіміне қосымша | |
| Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының | |
| 2024 жылғы 18 қыркүйектегі № 17/4 | |
| шешіміне қосымша |
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жерлеу және зираттарды күту ісін ұйымдастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-тармағының 1-16) тармақшасына, "Жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 48 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18771 болып тіркелген) сәйкес әзірленді және жерлеу мен зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
Зираттарды, крематорийлерді, колумбарийлерді күтіп-ұстауға және пайдалануға, қайтыс болғандарды немесе олардың сүйектерін жерлеуді және қайта жерлеуді ұйымдастыруға, сондай-ақ жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 19 тамыздағы № ҚР ДСМ-81 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24066 болып тіркелген) "Зираттарға және жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық қағидаларымен айқындалады.
Қазақстан Республикасында зираттарды, крематорийлерді жобалау принциптерін айқындау және оларды күтіп-ұстауға, жерлеу ісін, жерлеу салтын (адам сүйегін немесе күлін жерлеу салтын) ұйымдастыру тәртібіне, сондай-ақ жерлеу орындарын күтіп-ұстауға және жерлеу ісі мәселелері бойынша мамандандырылған қызметтердің жұмысына қойылатын ұсынымдар "Зираттарды жобалау және күтіп-ұстау" Қазақстан Республикасының қағидалар жинағымен (ҚР ҚЖ 3.02-141-2014) айқындалады.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) азаматтық хал актілерін тіркеу органы (бұдан әрі – тіркеуші орган) – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеумен байланысты мемлекеттік қызметтердің басқа да түрлерін жүзеге асыратын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы;
2) жерлеу (қою) – марқұмның ерік-білдіруіне, діни сеніміне, салт-дәстүрлеріне сәйкес және санитарлық, табиғат қорғау, қала құрылысы және өзге де қағидалар мен нормаларға қайшы келмейтін, қайтыс болған адамның денесін (сүйегін) жерге (бейітке, склепке) көму немесе мәйіттің күлі (күл қоқымы) бар сауытты бейітке, склепке жерлей отырып, отқа беру (крематтау) бойынша жасалатын салттық іс-әрекеттер;
3) жерлеу орны – қайтыс болған адамдардың денелерін (сүйектерін) жерлеуге арналған зираттар, қайтыс болғандардың күлі салынған сауыттарды жерлеуге арналған аза қабырғалары, крематорийлер және қайтыс болғандарды жерлеуді жүзеге асыруға арналған басқа да ғимараттар мен құрылыстар салынатын, этикалық, санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес бөлінген жер учаскелері;
4) жерлеу сауыты (бұдан әрі – күл салынған сауыт) – қайтыс болған адамды крематтағаннан кейін оның күлін сақтауға, тасымалдауға және жерлеуге арналған сыйымдылық;
5) бейіт – қайтыс болған адамды немесе оның сүйегін жерлеу орны;
6) зират – қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін жерлеу үшін арнайы бөлінген аумақ;
7) зираттың/колумбарийдің әкімшілігі – азаматтық-құқықтық шарт негізінде зиратты және/немесе колумбарийді күтіп-ұстау және пайдалану бойынша ұйымдастырушылық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
8) колумбарий – қайтыс болған адамдарды крематтағаннан кейін олардың күлі салынған жерлеу сауыттарын сақтау орны;
9) колумбарий ұяшығы – колумбарийдегі жерлеу сауыты орнатылатын орын;
10) колумбарийдің мемориалдық тақтасы – колумбарий ұяшығын жауып тұратын, онда жерленген адамның тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда), туған және қайтыс болған күндері көрсетілген тақта;
11) крематорий – қайтыс болған адамдарды крематтауға (өртеуге) арналған пешпен жабдықталған технологиялық кешен;
12) күл – қайтыс болған адамның денесін крематтағаннан кейінгі қалдықтар.
2-тарау. Жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру тәртібі
3. Қағидалар мыналарды қамтиды:
1) жерлеу орнын және колумбарийді бөлу тәртібі;
2) қайтыс болғандарды, олардың сүйектерін жерлеу тәртібі;
3) бейіттер мен колумбарийлерді жобалау және құрылғылау тәртібі;
4) жерлеу орындарын, колумбарийлерді абаттандыруды ұйымдастыру және оларды күтіп-ұстау тәртібі;
5) бейіттер мен колумбарийлерге арналған жер учаскелерін есепке алу және тіркеу тәртібі;
6) жерлеуге, зираттарды, колумбарийлерді күтіп-ұстауға және оларға қызмет көрсетуге шарт жасасу және олардың шарттарының сақталуына бақылауды жүзеге асыру тәртібі.
4. Жергілікті атқарушы органдар ортақ пайдаланылатын жерлерден зираттар алып жатқан және оларға арналған жерлерден елді мекеннің әрбір қайтыс болған тұрғыны немесе осы елді мекенде қайтыс болған белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адам үшін жерлеуге кемінде алты шаршы метр жер учаскесін тегін бөледі.
Зират аумағы бейіт қатарларына бөлінетін және автомобиль көлігіне арналған жолдармен және бейіт учаскелеріне баратын жолдармен жабдықталатын учаскелерден тұрады.
Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы:
бейіттер мен колумбарийлерге арналған жер учаскелерін есепке алу деректерін (мәліметтерін) жинақтауды және тіркеуді ұйымдастырады;
жерлеуге, зираттар мен колумбарийлерді күтіп-ұстауға және оларға қызмет көрсетуге арналған шарт талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
бос және бос емес учаскелер мен колумбарий ұяшықтары бойынша өзекті ақпаратты жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурсында және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 12 шілдедегі № 252/НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33106 болып тіркелген) жария кадастрлық картада орналастырады.
Облыстық маңызы бар қаланың, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі есепке алу журналдарының негізінде қабірлер мен колумбарийлерге арналған жер учаскелерін есепке алуды және тіркеуді жүргізеді.
Облыстық маңызы бар қаланың, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі туысы жоқ адамдарды жерлеуді және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиісті күйде күтіп-ұстау бойынша қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады.
Аудан, облыстық маңызы бар қала әкімінің аппараты елді мекендердің санитариясын, жерлеу орындарын күтіп-ұстауды және туысы жоқ адамдарды жерлеуді қамтамасыз етеді.
5. Жерлеу тіркеуші орган берген қайтыс болу туралы куәлікті немесе "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген № 045/е нысаны бойынша қайтыс болу туралы медициналық куәлікті не "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алынған қайтыс болу туралы хабарламаны зират немесе колумбарий әкімшілігіне ұсынғаннан кейін зират аумағында немесе колумбарийде жүзеге асырылады; сүйекті колумбарийге жерлеген кезде кремациялау туралы анықтаманы ұсыну қажет.
Крематтаудан кейінгі сүйектерді (күлді) сауыттарда жерлеу колумбарийлерде немесе бейіттерде жүргізіледі.
Қайтыс болғандардың күлі салынған сауыттарды жерлеуге арналған колумбарийлер мен аза қабырғалары арнайы бөлінген жер учаскелерінде орналастырылады. Колумбарийлер мен аза қабырғаларын зират аумақтарынан тыс жерде, тұрғын үй ғимараттарынан, емдеу, балалар, білім беру, спорттық-сауықтыру, мәдени-ағарту мекемелерінің, бау-бақша серіктестіктерінің, коттедж құрылыстарының, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерінің аумақтарынан кемінде 50 метр қашықтықта оқшауланған жер учаскелерінде орналастыруға жол беріледі.
Колумбарийлер зираттар алып жатқан және оларға арналған ортақ пайдаланылатын жерлерде орналастырылады.
Күл салынған сауытта қайтыс болған адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) және крематтаудың тіркеу нөмірі көрсетіледі.
Колумбарийлер мынадай түрлерге бөлінеді:
ашық – ұяшықтары бар қабырғалар зираттарда ашық аспан астында орналасады;
жабық – ғимараттардың ішінде орналастырылады.
6. Жерлеу зират әкімшілігі жүргізетін есепке алу журналында тіркеледі.
7. Журнал учета содержит следующие сведения:
жерленген жылы, айы, күні;
бейіттің немесе колумбарий ұяшығының нөмірі;
қайтыс болған адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда);
туған және қайтыс болған күні;
өлімнің себебі;
нөмірі, күні және қайтыс болу туралы куәліктің немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алынған хабарламаның кіммен берілгені;
марқұмның жақын туыстарының немесе жұбайының/зайыбының тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі (болған жағдайда), жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күні мен нөмірі, мекенжайы, туыстары болмаған жағдайда — жерлеуді жүзеге асыратын адамның мекенжайы не жерлеуді жүзеге асыратын ұйымның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, мекенжайы.
8. Жақын туыстарының, сондай-ақ жұбайының/зайыбының жергілікті атқарушы органға, аудан, облыстық маңызы бар қала әкімінің аппаратына жазбаша өтініші бойынша, (бұрын) қайтыс болған адаммен жақын туыстығын растайтын құжаттарды ұсынған кезде, қайтыс болған адамды немесе оның сүйегін бұрын қайтыс болған жақын туысының немесе жұбайының/зайыбының қасына жерлеу, аталған жерлеу орнында бос жер учаскесі немесе бейіт, сондай-ақ бұрын қайтыс болған жақын туысының колумбарий ұяшығы болған жағдайда қамтамасыз етіледі.
9. Табылған қайтыс болған адамдардың денелерін немесе олардың сүйектерін, суға кеткендерді, үйден тыс жерде кенеттен қайтыс болғандарды, сот-медициналық зерттеуден кейін мәйітханада жатқандарды, туыстары немесе жерлеуді ұйымдастыруды өз мойнына алатын адамдар мен мекемелер болмаған жағдайда, жерлеу өлім фактісі тіркелгеннен кейін жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.
10. Туыссыз қалғандарды жерлеу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
11. Жұмыс істеп тұрған және жабылған зираттарда сүйектерді қайта жерлеуге мынадай жағдайлардан басқа уақытта жол берілмейді:
зираттың немесе оның учаскесінің мерзімінен бұрын жойылуы;
сүйектерді Қазақстан Республикасы бойынша немесе одан тыс жерлерге қайта жерлеу үшін жекелеген бейіттерден тасымалдау кезінде;
құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде бұрын белгісіз болған жерлеу орындарының табылуы.
Сүйектерді қайта жерлеуге қайтыс болған адамдарда аса қауіпті инфекциялық аурулар (сібір жарасы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы) болмаған жағдайда ғана, жерленген сәттен бастап алғашқы екі апта ішінде, кейіннен үш жылдан ерте емес, құмды топырақтарда санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы мемлекеттік органның келісімі бойынша бір жылдан ерте емес мерзімде жол беріледі.
12. Күл салынған сауытты колумбарий ұяшығынан зират әкімшілігін (колумбарий әкімшілігін) алдын ала хабардар етпей алуға жол берілмейді.
Күл салынған сауытты колумбарий ұяшығынан алу хабарламада көрсетілген күн мен уақытқа сәйкес зират әкімшілігінің (колумбарий әкімшілігінің) уәкілетті лауазымды адамының қатысуымен жүзеге асырылады.
Зират әкімшілігі (колумбарий әкімшілігі) күл салынған сауыт алынған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей, күл салынған сауытты жерлеу туралы куәлікке сауыттың алынғаны туралы жазба енгізеді.
Босаған колумбарий ұяшығын күл салынған сауыт алынған күннен кейінгі үш жұмыс күнінен ерте емес мерзімде зират әкімшілігі (колумбарий әкімшілігі) жаңадан жерлеу үшін береді.
13. Бейіттерді жобалау және құрылғылау:
бейіт учаскелері арасындағы қашықтық ұзын жағынан — кемінде 1 метрді, ал қысқа жағынан — кемінде 0,5 метрді құрайды;
бейіттің тереңдігі топырақтың сипаты мен жер асты суларының деңгейіне байланысты белгіленеді және жер бетінен табыттың қақпағына дейін (болған жағдайда) кемінде 1,5 метрді құрайды. Барлық жағдайларда бейіт деңгейі жер асты суларының деңгейінен 0,5 метр жоғары болады;
аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болғандар үшін бейіттің тереңдігі 2 метр деңгейінде белгіленеді, бұл ретте оның түбіне кемінде 10 сантиметр қабатпен хлорлы әк төселеді;
әрбір бейіттің жер бетінен биіктігі 0,5 метр үйіндісі (бұдан әрі – бейіт үстіндегі төбешік) болады. Бейіт үстіндегі төбешік оны атмосфералық сулардан қорғау үшін бейіт шеттерінен шығып тұрады.
14. Колумбарийлерді жобалау және құрылғылау:
Колумбарий қабырғалары жерлеу сауыттарын сақтау орны функциясын атқарады.
Колумбарий ұяшығының өлшемі күл салынған сауыттың нысанына, көлеміне және белгіленген сыйымдылығына қарай белгіленеді және 400400300 миллиметрді құрайды.
15. Крематорийлер мен колумбарийлерді абаттандыру және күтіп-ұстау тәртібі:
1) крематорийлер құрамына кіретін барлық үй-жайлар механикалық қозғаулы ағынды-сору желдету жүйелерімен жабдықталады.
Ауа рециркуляциясы жүйелерін қолдануға жол берілмейді;
2) арнайы киімді үй жағдайында жууға, залалсыздандыруға және жөндеуге тыйым салынады, ал жұмыс жүргізу кезінде қолданылатын құрал-сайман зират аумағынан тыс жерге шығарылмайды;
3) ғимараттар мен құрылыстардың үй-жайлары таза ұсталады. Үй-жайларды ылғалды жинау тәулігіне кемінде бір рет жүргізіледі;
4) ғимараттар мен құрылыстардың үй-жайларын жинауға арналған жинау түгендемесін (шүберек немесе шаруашылық сулықтар, шелектер, щеткалар, еден жуғыштар және тағы басқалар) сақтауға мынадай талаптар қойылады: таңбасының болуы; қатаң түрде мақсаты бойынша пайдаланылуы; пайдаланылғаннан кейін жуу құралдарымен ыстық сумен жуылуы және кептірілуі; арнайы бөлінген орындарда (үй-жайларда), шкафтарда, стеллаждарда немесе арбаларда реттеліп сақталуы;
5) арнайы киім жеке киімнен бөлек, арнайы киім мен арнайы аяқ киімге арналған киім ауыстыратын орындардағы шкафтардың таңбаланған бөлімшелерінде сақталады;
6) арнайы киімді жуу және жөндеу ластануы мен тозуына қарай, бірақ айына кемінде бір рет орталықтандырылған түрде жүргізіледі. Инфекциялық аурулар мен аса қауіпті инфекциялардың таралу қаупін болдырмау мақсатында арнайы киімді залалсыздандыру Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 29 шілдедегі № ҚР ДСМ-68 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28977 болып тіркелген) "Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитарлық-эпидемиологилық талаптар" санитарлық қағидаларын бекіту туралы" бұйрыққа сәйкес әрбір қолданыстан кейін жүргізіледі;
7) санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар, олардың құрылғысы, жабдықталуы және шығыс материалдарымен қамтамасыз етілуі жерлеу орындары мен крематорийлердегі жұмыс істейтіндердің санына сәйкес келеді, оның ішінде қол жуғышы бар киім ауыстыратын орын, дәретхана, жұмыс істейтіндердің жылынуына, арнайы киімді кептіруге арналған үй-жайлар, тамақ ішетін бөлме болады;
8) ыдыс-аяқ сақтауға арналған жиһазбен, ыстық және суық су, сапалы ауыз су құбыры қосылған (ыдыстарға фасовкаланған суға рұқсат етіледі) раковинамен, тоңазытқышпен. Электр шәйнектер мен микротолқынды пештерді пайдалануға рұқсат етіледі.
тамақ ішетін бөлме (болған жағдайда) үстелдермен, гигиеналық жабыны бар орындықтармен (орындықтармен), ыдыс-аяқ сақтауға арналған жиһазбен, ыстық және суық су келтірілген қол жуғышпен, ауыз су сапасындағы сумен (сыйымдылықтарға өлшеп салынған суға жол беріледі), тоңазытқышпен жабдықталады. Электр шәйнектерін және микротолқынды пештерді пайдалануға жол беріледі.
16. Отқа берумен (крематтаумен) айналысатын адамдар:
1) сібір жарасына және сіреспеге қарсы екпе алады;
2) жеке қорғаныс құралдарымен – арнайы киім және арнайы аяқ киім жиынтығымен (резеңке етік, резеңке қолғап, респиратор немесе ауыз бен мұрынды жауып тұратын дәке таңғыш, комбинезон) қамтамасыз етіледі.
17. Зират әкімшілігі (колумбарий әкімшілігі) мыналарды қамтамасыз етеді:
1) азаматтарға ритуалдық қызметтерді көрсету тәртібі туралы толық ақпарат беруді, оның ішінде ақпаратты зират немесе колумбарий аумағындағы стенділерге орналастыруды;
2) қайтыс болғандарды немесе олардың сүйектерін жерлеу үшін бейіттерді дер кезінде дайындауды;
3) жерлеуге арналған әрбір жер учаскесін бөлудің белгіленген нормасының және бейіттер мен колумбарий ұяшықтарын дайындау қағидаларының сақталуын;
4) ғимараттарды, колумбарийлерді, инженерлік жабдықтарды, зират аумағын, қоршауларды, жарықтандыруды жарамды күйде ұстауды;
5) ортақ пайдаланылатын жолдар мен шаруашылық мақсаттағы учаскелерді жүйелі түрде жинауды, сумен жабдықтау желілеріне қызмет көрсетуді, зираттың бүкіл аумағындағы жасыл желектерді күтіп-ұстауды, жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізуді және қоқысты уақтылы шығаруды қоса алғанда, зираттарды күтіп-ұстау бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға бақылау жасауды;
6) азаматтарға жерлеу орнын күтіп-ұстауға арналған құрал-саймандарды жалға беруді;
7) ритуалдық қызмет көрсететін субъектілерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді.
18. Жерлеу орындарын абаттандыру және күтіп-ұстау:
Жерлеу үшін бөлінген учаске шегінде мыналарға жол беріледі:
1) табиғи тастан немесе бетоннан құлпытастар мен құрылыстарды, колумбарийлердің мемориалдық тақталарын, гүлзарлар мен орындықтарды орнатуға;
2) бейітке гүл егуге, кейіннен қырқып отыру шартымен сәндік бұталардан жасыл қоршау тұрғызуға жол беріледі.
Бейіттерді одан әрі тиісті тәртіпте күтіп-ұстауды жақын туыстары мен артында қалған жұбайы/зайыбы қамтамасыз етеді.
Жерлеу учаскесінің шегінен тыс жерде ескерткіштер мен құрылыстарды орналастыруға, үстелдер, орындықтар мен құрылыстар орнатуға жол берілмейді.
Зират аумағын (жолдарды, соқпақтарды, гүлзарларды, газондарды, кәріз, электр және су құбыры желілері мен құрылыстарын) жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар тиісті тәртіпте күтіп-ұстайды.
19. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы мен зират әкімшілігі арасында жерлеуге, зираттарды күтіп-ұстауға және оларға қызмет көрсетуге шарт жасасу мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес белгіленген мерзімде конкурс қорытындысы бойынша жүзеге асырылады.