ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бірлескен бұйрықтың күшіне ену тәртібін 8-т. қараңыз.
"Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді қайта рәсімдеу процесі бойынша пилоттық жобаларды "Smart Data Ukimet" ақпараттық-талдау жүйесін пайдалану арқылы проактивті форматта іске қосу туралы пилоттық жобасы іске қосылсын.
2. Осы бірлескен бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес пилоттық жоба арқылы көрсетілетін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізбесі бекітілсін.
3. Осы бірлескен бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қайта рәсімдеу процесі бойынша пилоттық жобаларды іске қосу кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілсін.
4. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін:
1) "Smart Bridge" өтінім беру арқылы дербес деректерге қол жеткізуді бақылау (бұдан әрі - ДҚБ) мемлекеттік сервисіне қосуды қамтамасыз етсін;
2) пилоттық жоба шеңберінде қызметтерді көрсету кезінде Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы, жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес ДҚБ сервисі арқылы дербес деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің келісімін алуды қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаменті мен Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі:
1) осы бірлескен бұйрықты өздерінің ведомстволарының, олардың аумақтық бөлімшелерінің және ведомстволық бағынысты ұйымдарының назарына жеткізсін;
2) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурстарында орналастыруды қамтамасыз етсін.
6. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бірлескен бұйрықты қабылданған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық нұсқасын ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативті құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді қамтамасыз етсін.
7. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау және жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлеріне жүктелсін.
8. Осы бірлескен бұйрық мемлекеттік органдар басшыларының соңғысы қол қойған күннен бастап күшіне енеді және күшіне енген күнінен бастап 12 (он екі) ай бойы қолданылады.
Пилоттық жоба арқылы көрсетілетін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тізбесі
1. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы маман сертификатын беру.
2. Эпидемиялық мәні жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру.
3. Қоршаған ортаға зиянды заттар мен физикалық факторлардың рұқсат етілетін шекті шығарындылары мен рұқсат етілетін шекті төгінділері, санитариялық қорғау аймақтары мен санитариялық-қорғаныш аймақтары бойынша нормативтік құжаттама жобаларының, шикізат пен өнімнің жаңа түрлерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру.
4. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсатты және оған қосымшаларды беру.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында қайта рәсімдеу процесі бойынша пилоттық жобаларды іске қосу кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл алгоритмі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында қайта рәсімдеу процесі бойынша пилоттық жобаларды іске қосу кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл алгоритмі (бұдан әрі - Алгоритм) осы бірлескен бұйрыққа 1-қосымшада көзделген халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша көрсетілетін қызметті алушының атауы өзгерген жағдайда қайта ресімдеу процесі бойынша пилоттық жобаларды іске қосу кезіндегі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын айқындайды.
2. Осы алгоритмде мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:
1) абоненттік нөмір - шарт жасасу кезінде абоненттің пайдалануына бөлінетін, оның көмегімен басқа абоненттік жабдықпен қосылу орнатылатын және абонентті желіде сәйкестендіруге мүмкіндік беретін нөмір;
2) АХАЖ ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - АХАЖ АЖ) - белгілі бір оқиғалар (туу, қайтыс болу, некеге тұру немесе бұзу, бала асырап алу, әке болуды анықтау және ТАӘ-ні өзгерту) бойынша Қазақстан Республикасы халқының азаматтық хал актілерін тіркеуге арналған, бұл ретте жеке тұлғалардың тууы мен қайтыс болуы туралы мәліметтер ЖТ МДҚ-ға беріледі;
3) жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқоры ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ЖТ МДҚ АЖ) – азаматтық жай-күйді сәйкестендіру және айқындау үшін жеткілікті Қазақстан Республикасының жеке тұлғалары туралы ақпаратты тіркеу мен сақтаудың бірыңғай жүйесі;
4) "Заңды тұлғалар" мемлекеттік дерекқоры" ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ЗТ МДҚ АЖ) - бизнесті сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімі, құрылған және қызметін тоқтатқан заңды тұлғалар (филиалдар мен өкілдіктер), қызметін бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер туралы мәліметтерді есепке алуға және сақтауға, берілген бизнес-сәйкестендіру нөмірлері туралы мәліметтерді қалыптастыруға және сақтауға арналған ақпараттық жүйе;
5) "e-license" ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - e-license) - рұқсат құжаттары мен лицензияларды беруге арналған ақпараттық жүйе;
6) көрсетілетін қызметті алушы - көрсетілетін қызметті алушы (ұйымның мүдделерін білдіретін ұйымның бірінші басшысы);
7) мәтіндік қысқа хабарлама (бұдан әрі – SMS) - ұялы байланыс желісі арқылы ақпаратты қабылдау және беру бойынша ұялы байланыс операторы көрсететін қызмет;
8) мобильді азаматтар базасы (бұдан әрі – МАБ) - жылжымалы желінің абоненттік құрылғылары арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету және ақпараттық хабарламаларды жіберу, сондай-ақ проактивті мемлекеттік қызметтер көрсету үшін пайдаланылатын "электрондық үкімет" пайдаланушыларының ұялы байланыс желісінің абоненттік нөмірлерінің бірыңғай базасы;
9) "Smart Data Ukimet" ақпараттық-талдау жүйесі – (бұдан әрі – SDU) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде жинақталатын деректерді жинауға, сақтауға және кешенді талдауға арналған және мемлекеттік органдарға деректерге негізделген тиімді басқару шешімдерін қабылдау үшін талдамалық платформа ұсынады;
10) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – ЭҮП) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттар беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге және электрондық түрде көрсетілетін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің электрондық нысанда көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің ортақ терезесі болып табылатын ақпараттық жүйе.
2-тарау. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қайта ресімдеу процесі бойынша пилоттық жобаларды іске қосу кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл тәртібі
3. Қолда бар интеграцияны пайдалана отырып, SDU Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 7 қарашадағы № 925 қаулысымен бекітілген Деректерді басқару жөніндегі талаптардың 5-тарауының талаптарына сәйкес ЗТ МДҚ-дан "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде өңделуі мүмкін атауын өзгерткен ұйымдар туралы мәліметтерді қабылдайды.
4. SDU атауын өзгерткен ұйымдарда осы бірлескен бұйрыққа 1-қосымшада көзделген халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер шеңберінде ұсынылатын "e-license" АЖ-да рұқсат құжаттарының болуын тексереді.
5. SDU Алгоритмнің 4-тармағының нәтижелері бойынша қалыптастырылған атауын өзгерткен ұйымдарға қатысты "ЗТ МДҚ" АЖ-мен жаңа басшыларының тізімін сегменттейді.
6. SDU Алгоритмнің 5-тармағының нәтижелері бойынша қалыптастырылған көрсетілетін қызметті алушыларға қатысты "ЖТ МДҚ" АЖ және АХАЖ-да мынадай өлшемшарттар бойынша тексеру жүргізеді:
1) көрсетілетін қызметті алушы хабар-ошарсыз кетті деп танылмаған немесе қайтыс болды деп жарияланбаған;
2) көрсетілетін қызметті алушы басқа елде тұрақты тұрғылықты жерінде емес;
3) көрсетілетін қызметті алушы әрекетке қабілетсіз болып табылмайды (психикалық ауру немесе ақыл-есінің кемістігі салдарынан өз іс-әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын немесе іс-әрекеттерін басқара алмайтын азаматты сот әрекетке қабілетсіз деп тануы мүмкін, осыған байланысты оған қамқоршы белгіленеді);
4) көрсетілетін қызметті алушы бас бостандығынан айыру орындарында емес.
Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес келмеген жағдайда, ол қалыптастырылған тізімнен шығарылуға тиіс.
7. Қызметтер көрсетілуі керек ұйымдардың қалыптастырылған тізімін, сондай-ақ осы ұйымдардың көрсетілетін қызметті алушылар болып табылатын бірінші басшыларының тізімін SDU ЭҮП-ке береді.
8. Ұсынылатын деректердің дұрыстығына мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінің иесі жауапты болады.
9. ЭҮП көрсетілетін қызметті алушыларға қатысты МАБ-та ұялы байланыстың тіркелген абоненттік нөміріне тексеру жүргізеді.
10. МАБ-та көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыстың абоненттік нөмірі болмаған жағдайда, осы бірлескен бұйрыққа 1-қосымшада көзделген халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша процестер аяқталады.
Көрсетілетін қызметті алушы осы бірлескен бұйрыққа 1-қосымшада көзделген халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-336/2020 және "Денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттауды жүргізу, шетелдік мамандарды қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатының қолданысын растау қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде денсаулық сақтау саласында медициналық және (немесе) фармацевтикалық білім алған адамды денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттауға жіберу шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-274/2020 бұйрықтарына (бұдан әрі - Қағида) сәйкес қайта рәсімдеуге құқылы.
11. ЭҮП алынған тізімге сәйкес осы Алгоритмге қосымшаға сәйкес SMS - хабарлама жіберуді жүзеге асырады.
12. Көрсетілетін қызметті алушыдан оң жауап болған жағдайда "e-license" АЖ-да жаңартылған рұқсат құжатын қалыптастыру жүреді, одан әрі көрсетілетін қызметті алушының жаңартылған мәліметтері SDU-ға жазылады және "e-license" АЖ-гі көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" Қағидада көрсетілген мерзімде жолданады.
13. Көрсетілетін қызметті алушыдан 3 күн ішінде жауап болмаған жағдайда осы Алгоритмнің 4-тармағына сәйкес SMS хабарлама қайта жіберіледі.
14. Осы Алгоритмнің 6-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті алушыдан 3 күн ішінде жауап болмаған жағдайда процесс аяқталады.
15. Көрсетілетін қызметті алушының жауабы теріс болған жағдайда процесс аяқталады.
Көрсетілетін қызметті алушы осы бірлескен бұйрыққа 1-қосымшада көзделген халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді Қағидаға сәйкес қайта рәсімдеуге құқылы.
3-тарау. Мемлекеттік органдардың жауапкершілігі
16. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылы іске қосылған ақпараттық жүйелердің үздіксіз және дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тұрақты негізде жүргізіледі.
17. Берілетін деректердің толықтығын, түпнұсқалығын, дәйектілігін және бұрмаланбауын ақпараттық жүйенің тараптары – ақпаратты беретін сервистің иелері қамтамасыз етеді.
18. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар ақпараттандыру, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарын сақтауды және ақпараттық жүйелердің пайдаланушылары қалыптастырған мәліметтердің қауіпсіздігі мен өзгермеуін қалыптастыруды және форматтық-логикалық бақылауды уақтылы белгілеуді, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімін алуды растауды қамтамасыз етеді.
4-тарау. Көрсетілетін қызметті берушілердің шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі
19. Көрсетілетін қызметті берушінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына беріледі.
Тікелей мемлекеттік қызметті көрсететін көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы "Мемлекеттік қызмет көрсету туралы" Қазақстан Республикасы Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес ол тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Портал арқылы жүгінген кезде шағымдану тәртібі туралы ақпаратты мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығының телефоны арқылы алады.
Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды сотқа дейінгі тәртіппен қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.
Шағым шешімі, әрекеті (әрекетсіздігі) шағымданатын көрсетілетін қызметті берушіге беріледі.
Шешімі, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған көрсетілетін қызметті беруші шағым түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.
Бұл ретте, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын көрсетілетін қызметті беруші, егер ол 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім не өзге де әкімшілік іс-әрекет қабылдаса, шағымды қарайтын органға шағым жібермеуге құқылы.
Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа жүгінуге сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін жол беріледі.
| Халықтың санитариялық- эпидемиологиялық саламаттылығы саласында қайта рәсімдеу процесі бойынша пилоттық жобаларды іске қосу кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл алгоритміне қосымша |
Құрметті көрсетілетін қызметті алушы!
Сіз Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы ұйымның атауы немесе жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгеруіне қайта рәсімдеу процесін көрсету бойынша әлеуетті көрсетілетін қызметті алушы болып табыласыз.
Ұйымның атауы немесе жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгеруіне келісім берген жаңдайда 1 санын, ал бас тартқан жағдайда 2 санын жіберуіңізді сұраймыз.
Сұрақтар туындаған жағдайда 1414 тегін нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс-орталығына хабарласа аласыз.