"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабына сәйкес Қарасу аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қарасу аудандық мәслихаттың төрағасы | С. Қажиев |
| Мәслихатының | |
| 2026 жылғы 8 шілдедегі | |
| № 335 шешіміне | |
| қосымша |
Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы әлеуметтік көмекті көрсету қағидалары, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмекті көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмекті көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға "бір терезе" қағидаты бойынша беру жұмыстарын ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына жататын адамның (отбасының) өтінішін қарау үшін Қарасу ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органның мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ мереке күндері мен атаулы күндерге орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмегі;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган — әлеуметтік көмек көрсететін аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы орган;
5) әлеуметтік көмекті төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның тиісті банк операциялары түрлерін жүргізуге лицензиялары бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) күнкөріс минимумы – шамасы бойынша ең төмен тұтыну қоржынының құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай табыс;
7) жан басына шаққандағы орташа табыс – отбасының жиынтық табысының ай сайын әрбір мүшесіне келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелері күндері;
9) мерекелік даталар (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіби және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметіне қатысты реттеу және бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;
12) шекті мөлшер – бекітілген әлеуметтік көмектің ең жоғары мөлшері;
13) цифрлық құжаттар сервисі – операторға бекітілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектісі;
14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны, мемлекеттік және өзге де электрондық қызметтерді қоса алғанда, шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа қол жеткізудің "бірыңғай терезесі" болып табылатын ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермегендігін растайтын электрондық цифрлық таңбалар жиынтығы.
3. Әлеуметтік көмек біржолғы және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жылына бір рет) тәртіппен көрсетіледі және өтініш берілген айдан бастап тағайындалады.
4. Әлеуметтік көмек көрсетуге арналған мерекелік күндер мен атаулы күндердің тізбесі:
1) Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылған күні – 15 ақпан;
2) Чернобыль апатын еске алудың халықаралық күні – 26 сәуір;
3) Отан қорғаушы күні – 7 мамыр;
4) Жеңіс күні – 9 мамыр;
5) Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні – 29 тамыз.
6) Тәуелсіздік күні - 16 желтоқсан.
Бірнеше негіз болған жағдайда мерекелік күндер мен атаулы күндерге байланысты әлеуметтік көмек тек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.
2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерін белгілеу тәртібі
5. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек табысы ескерілместен, біржолғы тәртіппен азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:
1) Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылған күні – 15 ақпан, 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде:
бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСРО) үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда);
ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде оқу жиындарына шақырылып, Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілерге;
ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде Ауғанстанға жүк жеткізу үшін осы елге жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілеріне;
бұрынғы КСРО аумағынан Ауғанстандағы жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшілеріне;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия немесе мертігу алған не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерімен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшілерге;
Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезеңінде бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде, әскери қызметтің өзге де міндеттерін орындау барысында алған жарақат, контузия, мертігу салдарынан немесе әскери қызмет өткеру кезінде пайда болған аурудың нәтижесінде мүгедектігі белгіленген әскери қызметшілерге;
Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезеңінде алған жарақат, контузия, мертігу немесе ауру салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) не қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына.
2) Чернобыль апатын еске алудың халықаралық күні – 26 сәуір, 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде:
1986–1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан адамдарға;
Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарынан мүгедектігі белгіленген адамдарға;
1988–1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару және оқшаулау аймақтарынан Қазақстан Республикасына эвакуацияланған (өз бетінше көшіп келген) адамдарға, оның ішінде эвакуация күні ана құрсағында болған балаларға;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болған немесе мүгедектігі бар болып қайтыс болған адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың әсерімен байланысты деп танылған азаматтардың отбасыларына.
3) Отан қорғаушылар күні – 7 мамыр, 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде:
бұрынғы КСРО үкімет органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне, бұрынғы КСРО Ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда), осы Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда;
1992 жылғы қыркүйектен 2001 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде Тәжікстан–Ауғанстан шекарасы учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне;
2003 жылғы тамыздан 2008 жылғы қазанға дейінгі кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгерлік операцияға бітімгер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне;
1986–1991 жылдары Таулы Қарабақтағы ұлтаралық жанжалды реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСРО ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға;
бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде, әскери қызметтің өзге міндеттерін орындау барысында басқа кезеңдерде немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызмет өткеру кезінде алған жарақат, контузия, мертігу салдарынан не ауруының нәтижесінде мүгедектігі белгіленген әскери қызметшілерге;
қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақат, контузия, мертігу салдарынан не ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауға байланысты ауруының нәтижесінде мүгедектігі белгіленген бұрынғы КСРО мемлекеттік қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға;
басқа мемлекеттердегі әскери контингенттерге қызмет көрсеткен тиісті санаттағы жұмысшылар мен қызметшілерге, егер оларға ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде алған жарақат, контузия, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектік белгіленген болса;
ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде алған жарақат, контузия, мертігу немесе ауру салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына.
4) Жеңіс күні – 9 мамыр:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысына қатысушыларға берілетін жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдарға, атап айтқанда:
Ұлы Отан соғысы кезеңінде қорғанысына қатысқаны 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыстағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне белгіленген жеңілдікпен зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарына есептелген қалаларда қызмет өткерген бұрынғы КСРО-ның әскери қызметшілеріне, сондай-ақ ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде қолданыстағы армия құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдарды атқарған немесе қорғанысына қатысқаны 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыстағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне белгіленген жеңілдікпен зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарына есептелген қалаларда болған бұрынғы КСРО Қарулы Күштерінің, Әскери-Теңіз Флотының, ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының ерікті жалдамалы құрамындағы адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде қолданыстағы армия мен флот құрамына кірген бөлімдерде, штабтарда және мекемелерде полк ұлдары (тәрбиеленушілері) мен юнгалар ретінде болған адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шет мемлекеттер аумағында партизандық жасақтар, астыртын топтар және басқа да антифашистік құрамалар құрамында фашистік Германияға және оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСРО-ның Халық қатынас жолдары комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының арнайы құрамаларының қызметкерлеріне, балық аулау және көлік кемелерінің жүзу құрамына, авиацияның ұшу-көтеру құрамына, Балық өнеркәсібі халық комиссариатының, теңіз және өзен флотының, Бас Солтүстік теңіз жолы басқармасының ұшу-көтеру құрамына, Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшілер мәртебесіне ауыстырылып, қолданыстағы армия мен флоттың мүддесі үшін әрекет еткен, сондай-ақ соғыстың бас кезінде басқа мемлекеттердің порттарында интернирленген көлік флоты кемелерінің экипаж мүшелеріне – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде алған жарақат, контузия немесе мертігу салдарынан не майданда болумен байланысты аурудың нәтижесінде мүгедектігі белгіленген әскери қызметшілерге – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде.
бұрынғы Кеңес Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы, қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақат, контузия, мертігу салдарынан немесе майданда болумен байланысты аурудың нәтижесінде мүгедектігі белгіленген адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге;
екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлерде, геттоларда және басқа да күштеп ұстау орындарында болған кәмелетке толмаған тұтқындарға – 100 000 (жүз мың) теңге;
қоршауда болған кезеңде Ленинград қаласындағы кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен марапатталған азаматтарға – 60 000 (алпыс мың) теңге;
1944 жылғы 1 қаңтар мен 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығында Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР және Эстония КСР аумақтарында әрекет еткен жойғыш батальондар, халықты қорғау взводтары мен жасақтарының жауынгерлері мен командалық құрамынан болған, осы құрылымдарда қызметтік міндеттерін орындау кезінде алған жарақат, контузия немесе мертігу салдарынан мүгедектігі белгіленген адамдарға – 60 000 (алпыс мың) теңге;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және қайта некеге тұрмаған жесірлеріне, сондай-ақ қайта некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) – 50 000 (елу мың) теңге;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде алған жарақат, контузия, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамның не осындай адамдарға жеңілдіктері бойынша теңестірілген тұлғаның қайтыс болған жұбайына (қайта некеге тұрмаған жағдайда), сондай-ақ жалпы ауру, өндірістік жарақат немесе өзге де себептер бойынша (құқыққа қайшы әрекеттерді қоспағанда) мүгедек деп танылған қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын күрескердің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен марапатталған азаматтың қайта некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) – 50 000 (елу мың) теңге;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет атқарған), бірақ аталған марапаттарға ие болмаған адамдарға – 50 000 (елу мың) теңге;
Заңның 4–6-баптарында көрсетілген әскери қызметшілердің, партизандардың, астыртын күрескерлердің және өзге де адамдардың бұрынғы Кеңес Одағын қорғау кезінде, әскери қызметтің (қызметтік міндеттердің) өзге міндеттерін орындау барысында алған жарақат, контузия немесе мертігу салдарынан не майданда болумен байланысты аурудан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған адамдардың отбасыларына – 50 000 (елу мың) теңге;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан объектілік өзін-өзі қорғау топтары мен жергілікті әуе шабуылына қарсы қорғаныстың авариялық командалары құрамындағы адамдардың отбасыларына, сондай-ақ Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханалары қызметкерлерінің қаза тапқан отбасы мүшелеріне – 50 000 (елу мың) теңге;
бұрынғы Кеңес Одағының Қорғаныс министрлігі, ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының әскери міндеттілер жиындарына шақырылған әскери қызметшілердің, басшы және қатардағы құрамдағы адамдардың төтенше жағдайларда қоғамдық тәртіпті қорғау міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) отбасы мүшелеріне – 50 000 (елу мың) теңге;
бейбіт уақытта әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына – 50 000 (елу мың) теңге;
Социалистік Еңбек Ерлеріне, Еңбек Даңқы орденінің үш дәрежесінің толық кавалерлеріне – 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
"Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атақтарына ие болған адамдарға – 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
5) Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні – 29 тамыз, 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде:
азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың салдарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға;
азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялар, ядролық сынақтар салдарынан мүгедектігі белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәулеленуіне генетикалық тұрғыдан байланысты балаларына;
азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың салдарын жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына;
сәуле ауруынан қайтыс болған немесе мүгедектігі бар болып қайтыс болған адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсерімен байланысты деп танылған азаматтардың отбасыларына.
6) Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан, 200 000 (екі жүз мың) теңге сомасында: Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқан және "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандарына.
6. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:
1) тұрмыстық қажеттіліктерге арналған әлеуметтік көмек:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, табысы ескерілместен, ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) санаторий-курорттық емделуге арналған әлеуметтік көмек:
бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға оларды алып жүретін кәмелетке толған адамның санаторий-курорттық емделуге жұмсаған шығындарын өтеу үшін, мүгедектігі бар адамның абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторий-курорттық емдеу қызметін көрсететін ұйымдарда, бір ғана алып жүруші адамға, табысы ескерілместен, жылына бір рет, емдік рәсімдерді қоспағанда, тұру және тамақтану бойынша нақты шығындар мөлшерінде, бірақ тиісті қаржы жылына әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға санаторий-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде берілетін кепілдендірілген соманың жетпіс пайызынан аспайтын мөлшерде. Аталған кепілдендірілген соманы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді;
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Заңның 5, 6-баптарында және 7-бабының 1)–4) тармақшаларында көрсетілген ардагерлерге, Қазақстан Республикасы аумағындағы санаторий-курорттық емделуге жолдаманың нақты құнын өтеу үшін, табысы ескерілместен, жылына бір рет, бірақ әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға санаторий-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде тиісті қаржы жылына белгіленген кепілдендірілген сомадан аспайтын мөлшерде.
Санаторий-курорттық емделуге жолдама құнын өтеу Қостанай облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 маусымдағы № 510 "Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдаудың қосымша шарасы туралы" шешімімен белгіленген табиғи нысандағы көмектен жазбаша түрде бас тартқан жағдайда беріледі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9264 болып тіркелген);
3) Дәрілік қамтамасыз етуге әлеуметтік көмек:
мүгедектігі бар адамдарға дәрілік заттарды сатып алуға байланысты шығындардың орнын толтыру үшін, табысы есепке алынбай, жылына бір рет, нақты жұмсалған шығындар мөлшерінде, бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;
4) материалдық көмек түріндегі әлеуметтік көмек:
Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңының 5, 6, 7 және 8-баптарында көрсетілген ардагерлерге және өзге де адамдарға, аталған Заңның 8-бабы бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көзделген адамдарды қоспағанда, табысы есепке алынбай, ай сайын, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
мүгедектігі бар адамдарға хирургиялық емдеуге байланысты шығындардың орнын толтыру үшін, табысы есепке алынбай, жылына бір рет, нақты жұмсалған шығындар мөлшерінде, бірақ 50 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;
бұрын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алуға әлеуметтік көмек алған адамдарға оқуын аяқтағанға дейін, табысы есепке алынбай, бір рет, оқудың нақты құны мөлшерінде, бірақ 400 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;
мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасында оңалту орталығының қызметтерін алу жөніндегі ұсыным болған және тұрғылықты жерінен тыс жерде оңалтудан өткен жағдайда, табысы есепке алынбай, тоқсанына бір рет жол жүру шығындарының орнын толтыру үшін 3 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;
5) Азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан келтірілген залалға байланысты әлеуметтік көмек:
табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан өзіне не мүлкіне залал келтірілген азаматтарға (отбасыларға), табысы есепке алынбай, бір рет, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
6) Азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне өрт салдарынан келтірілген залалға байланысты әлеуметтік көмек:
азаматтарға (отбасына) өрттен оларға немесе мүлкіне келтірілген залалға байланысты — кірістерін есепке алмастан — 100 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын біржолғы төлем ретінде;
7) Әлеуметтік мәні бар аурудың болуына байланысты әлеуметтік көмек:
адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырған және диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне, табысы есепке алынбай, ай сайын, Қостанай облысы бойынша белгіленген күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде;
амбулаториялық емдеуде жүрген туберкулезбен ауыратын адамдарға, табысы есепке алынбай, ай сайын, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
8) Жан басына шаққандағы орташа табысы жергілікті өкілді орган белгілеген шекті мөлшерден аспайтын адамдарға әлеуметтік көмек:
өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген күнкөріс деңгейінің бір еселенген мөлшерінен төмен отбасылардың мүшелеріне, жылына бір рет, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызудың негіздері:
1) табиғи зілзаланың салдарынан азаматқа (отбасына) немесе оның мүлкіне залал келтірілуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) немесе оның мүлкіне залал келтірілуі;
3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;
4) жан басына шаққандағы орташа табыстың жергілікті өкілді органдар белгілеген, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына айқындалатын күнкөріс деңгейіне қатысты еселік мөлшерден аспауы.
Табиғи зілзала немесе өрт салдарынан мүлікке залал келтірілген жағдайда әлеуметтік көмек оның меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан, зардап шеккен мүліктің орналасқан жері бойынша көрсетіледі.
8. Осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша әлеуметтік көмек аталған оқиғалар болған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей көрсетіледі.
Мүгедектігі бар адамдарға ота жасауға және дәрілік заттарды сатып алуға арналған әлеуметтік көмек операция жасалған және (немесе) дәрілік заттар сатып алынған күннен бастап он екі айдан кешіктірілмей көрсетіледі.
9. Әлеуметтік көмектің мөлшерін әрбір нақты жағдайда арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.
3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
10. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай көрсетілетін әлеуметтік көмек алушылардан өтініш талап етілмей көрсетіледі.
Әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын жергілікті атқарушы орган айқындайды.
Әлеуметтік көмек алушылардың тізімдері Мемлекеттік корпорацияға немесе өзге ұйымдарға жолданған сұрау салулар негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.
11. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзі немесе отбасы атынан (немесе Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша өкілі) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға, ауылдық округ, ауыл әкіміне немесе Мемлекеттік корпорацияға осы Үлгілік қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жазбаша өтінішпен, не портал арқылы осы Үлгілік қағидалардың 1-1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша электрондық өтінішпен жүгінеді.
Жазбаша өтініш берген кезде құжаттарды қабылдайтын маман "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – АЖ) осы Үлгілік қағидалардың 1-2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша сұрау салулар қалыптастырады.
АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) жағдайда өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
2) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер (адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін табыстар туралы мәліметтер ұсынылмайды).
Осы Қағидалардың 6-тармағы 1) тармақшасында және 4) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдар алғаш рет жүгінген кезде өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағы 2) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдар бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға және оны алып жүретін адамға санаторий-курорттық ұйым берген санаторий-курорттық емделуге ақы төленгенін растайтын құжаттарды, орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісін ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағы 2) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген адамдар әлеуметтік мәртебесін, санаторий-курорттық емделуге ақы төленгенін және санаторий-курорттық ұйым берген орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісін растайтын құжаттарды ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағы 3) тармақшасында көрсетілген адамдар медициналық ұйым берген дәрілік заттың тағайындалуын және дәрілік затқа ақы төленгенін растайтын құжаттарды ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағы 4) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген адамдар медициналық ұйым берген қызметтің (операциялық емдеудің) көрсетілгенін және оған ақы төленгенін растайтын құжаттарды ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағы 4) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген адамдар оқу фактісін және оның құнын растайтын құжаттарды, ал мүгедектігі бар адамдар үшін абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасын ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағы 4) тармақшасының бесінші абзацында көрсетілген адамдар оңалтудан өткенін және жол шығындарын растайтын құжаттарды ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағы 5) тармақшасында көрсетілген адамдар табиғи зілзаланың салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне келтірілген залал фактісін растайтын құжатты ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағы 6) тармақшасында көрсетілген адамдар өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне келтірілген залал фактісін растайтын құжатты ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағының 7) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдар, баланың адам иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырғанын растайтын құжатты ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағының 7) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген тұлғалар туберкулез ауруының бар екендігін және амбулаториялық ем алуда екенін растайтын құжатты ұсынады.
Осы Қағидалардың 6-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген тұлғалар өтініш берілген тоқсанның алдындағы тоқсан үшін отбасының (азаматтың) табысын растайтын құжаттарды ұсынады.
Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларымен және көшірмелерімен ұсынылады. Салыстырып тексеруден кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
Өтініш беруші құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, оған Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсету туралы өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.
Өтініш беруші әлеуметтік көмекке электрондық түрде портал арқылы жүгінген кезде қажетті мәліметтерді алу үшін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салуды өтініш берушінің өзі жүзеге асырады.
Бұл ретте өтініш беруші электрондық өтінішті және мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен келіп түскен мәліметтерді өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) куәландырады.
12. Әлеуметтік көмек өтініш берілген айдан бастап тағайындалады.
13. Құжаттарды қарау тәртібі, әлеуметтік көмекті көрсету мерзімдері, әлеуметтік көмекті тағайындаудан бас тарту, төлеуді тоқтату, артық төленген сомаларды қайтару негіздері және әлеуметтік көмек көрсетуге арналған шығыстарды қаржыландыру тәртібі Үлгілік қағидалардың 13–24-тармақтарына сәйкес айқындалады.
14. Әлеуметтік көмектің көрсетілуіне мониторинг пен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.
15. Естелік күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек төлеу үшін алушылар санаттарын қалыптастыру мақсатында әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақылар мен жәрдемақылардың (белсенді) алушылары болып табылатын азаматтар туралы деректерді алу үшін уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуды бастамашылық етеді.
Әлеуметтік көмек көрсету үшін зейнетақылар мен жәрдемақыларды алушылар туралы мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.
16. Мемлекеттік корпорация арқылы әлеуметтік көмекті төлеу процесін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Үлгілік қағидалардың 28–32-тармақтарына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы бастамашылық етеді.
17. Әлеуметтік көмекті төлеуге байланысты банктік қызметтердің ақысы Мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалған шарт негізінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленеді.