Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 3) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 7) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О.А. Бектеновтің төрағалығымен өткен 2025 жылғы 19 тамыздағы № 21-05/07-1478-1 Жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі кеңес хаттамасының 6-тармағын орындау үшін БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қазақстан Республикасының республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарында "Тұтынылған газ көлемін есептеу үшін "электрондық үкіметтің" мобильді қосымшасы арқылы есепке алу аспаптарынан көрсетілімді беру кезінде жасанды интеллектіні қолдану" өмірлік ахуалды автоматтандыру жөніндегі пилоттық жоба (бұдан әрі – Пилоттық жоба) іске қосылсын.
2. Қоса беріліп отырған "Тұтынылған газ көлемін есептеу үшін "электрондық үкіметтің" мобильді қосымшасы арқылы есепке алу аспаптарынан көрсетілімдерді беру кезінде жасанды интеллектіні қолдану" өмірлік ахуалды автоматтандыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру кезіндегі өзара іс-қимыл алгоритмі (бұдан әрі – Алгоритм) бекітілсін.
3. Пилоттық жобаның қолданылу мерзімі осы бірлескен бұйрық күшіне енген күннен бастап 2027 жылдың 1 мамырын қоса алғанға дейін деп айқындалсын.
4. "QazaqGaz Aimaq" акционерлік қоғамы (келісу бойынша) Пилоттық жобаны іске асыру үшін, сондай-ақ тұтынушылар үшін реттеліп көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру үшін ақпараттандыру объектілері иелерінің сұрау салулары бойынша Алгоритмге және "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-2-бабының, 38-бабы 2-1-тармағының және 49-бабының 2-тармағы 4) тармақшасының, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 болып тіркелген) бекітілген "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 4 және 8-тармақтарының талаптарына сәйкес "Smart Bridge" платформасы арқылы ақпараттық жүйелердің қажетті сервистеріне қосуды қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Цифрландыру департаменті "QazaqGaz Aimaq" акционерлік қоғамымен (келісу бойынша) бірлесіп Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Пилоттық жобаны іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 144/НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27963 болып тіркелген) бекітілген Дербес деректерге қол жеткізуді мемлекеттік бақылау сервисінің жұмыс істеу қағидаларына сәйкес дербес деректерге қол жеткізуді бақылаудың мемлекеттік сервисі арқылы дербес деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің келісімін алуды қамтамасыз етсін;
2) Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен, сондай-ақ құзыретіне ақпараттандыру, дербес деректерді қорғау және мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері кіретін өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабы талаптарының сақталуын қамтамасыз етсін, ал осы бірлескен бұйрықтың 8-тармағында көзделген Пилоттық жобаны іске асыру туралы есепті қарау нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылдаған кезде техникалық және нормативтік-техникалық құжаттамада жазылған мақсаттарға, міндеттерге және талаптарға сәйкес сервисті өнеркәсіптік пайдалануға ауыстыру жөнінде шаралар қабылдасын;
3) Қағидалардың 33-тармағының екінші бөлігіне сәйкес интеграциялық сервистерге қосылғанға дейін мүдделі мемлекеттік органдармен "Smart Bridge" платформасында мемлекеттік қызметтер көрсету үшін мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің иелері интеграциялық сервистерді пайдалану туралы келісімге қол қоюды қамтамасыз етсін;
4) өздерінің Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы мен Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығы арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ете отырып, Пилоттық жоба іске қосылғаннан бастап 12 (он екі) ай ішінде ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі талаптарға сәйкестік бойынша оң нәтижесі бар сынақ актісінің және мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігі бойынша бірлескен жұмыс шарттарының болуын қамтамасыз етсін.
6. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Цифрландыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрыққа мемлекеттік органдар басшыларының соңғысы қол қойған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберсін;
2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырсын.
7. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика және Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлеріне жүктелсін.
8. Осы бірлескен бұйрықтың 3-тармағында көрсетілген Пилоттық жобаның аяқталуы бойынша:
1) есепке алу аспаптарының нақты танылған көрсетілімдерінің үлесін;
2) сервисті сәтті пайдаланған пайдаланушылардың үлесін;
3) сервистің қолайлылығы мен қолжетімділігінің артуымен көрінетін әлеуметтік әсерін;
4) өңірлер бойынша бақылаушыларға түсетін жүктеменің төмендеу пайызын;
5) тұтынушыларға төлем құжаттарын (түбіртектерді) қалыптастыру және жіберу кезінде қағаз тұтыну көлемінің азаюын қамтитын белгіленген тиімділік көрсеткіштері негізінде экономикалық және әлеуметтік әсеріне бағалай отырып, оның іске асырылу нәтижелері туралы есеп жасалады.
Есепті қарау нәтижелері бойынша сервисті өнеркәсіптік пайдалануға ауыстыру немесе оны іске асыруды тоқтату туралы шешім қабылданады.
9. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
| Бірлескен бұйрыққа қосымша |
"Тұтынылған газ көлемін есептеу үшін "электрондық үкіметтің" мобильді қосымшасы арқылы есепке алу аспаптарынан көрсетілімдерді беру кезінде жасанды интеллектіні қолдану" өмірлік ахуалды автоматтандыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру кезіндегі өзара іс-қимыл алгоритмі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Алгоритм "Тұтынылған газ көлемін есептеу үшін "электрондық үкіметтің" мобильді қосымшасы арқылы есепке алу аспаптарынан көрсетілімдерді беру кезінде жасанды интеллектіні қолдану" өмірлік ахуалды автоматтандыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды.
2. Алгоритмнің мақсаты – жасанды интеллектіні, оның ішінде машиналық оқыту алгоритмдерін, есепке алу аспаптарының суреттерін талдау және ауытқуларды анықтау үшін есепке алу аспаптарынан көрсетілімдерді беру процесінде қолдану, бақылаушыларға түсетін жүктемені азайту және деректердің дәлдігін арттыру.
3. Бұл Алгоритмде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) пайдаланушы – "QazaqGaz Aimaq" АҚ-да жеке шоты бар жеке тұлға;
2) "QazaqGaz Aimaq" АҚ – "eGov Mobile" мобильді қосымшасындағы сервис иесі;
3) қосымша – App Store және Google Play дүкендерінде қолжетімді "eGov Mobile" мобильді қосымшасы;
4) жеке шот – газ тұтынушының бірегей сәйкестендіргіші;
5) көрсетілімдерді беру – көрсетілімдерді қолмен енгізу және есептегіштің фотосуретін жүктеу арқылы есепке алу аспабы бойынша газ көлемін тіркеп-бекіту;
6) сервис – "QazaqGaz Aimaq" АҚ-ның есепке алу және шоттарды ұсынудың ақпараттық жүйесі.
2-тарау. Пилоттық жобаны іске асыру кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібі
4. Пайдаланушы eGov Mobile мобильді қосымшасын жүктейді және орнатады.
5. Қосымшада тіркеу ЭЦҚ арқылы жүзеге асырылады.
6. Пайдаланушы "Сервистер" қойындысына өтеді, онда "Газды есепке алу аспаптарынан көрсетілімдерді беру" сервисі орналастырылатын болады.
7. Авторизациядан кейін Пайдаланушы "QazaqGaz Aimaq" АҚ ақпараттық жүйесі арқылы тексерілетін жеке шоттың нөмірін енгізеді.
8. Көрсетілімдерді беру ай сайын ағымдағы айдың 25-інен 30-ына дейін жүзеге асырылады.
9. Пайдаланушы газды есепке алу аспабының ағымдағы көрсетілімдерін енгізеді және есепке алу аспабының фотосуретін жүктейді.
10. Сервис берілген деректердің дұрыстығын автоматтандырылған тексеруді жүзеге асырады, оған мыналар:
1) енгізілген көрсетілімдерді алдыңғы есептік кезеңдердің деректерімен салыстыру;
2) көрсетілімдердің ауытқулардың рұқсат етілген диапазонына сәйкестігін айқындау;
3) дұрыс мәндерді автоматты түрде тіркеп-бекіту кіреді.
11. Ауытқулардың рұқсат етілген диапазоны есепке алу аспабының жұмысына араласу белгілері болмаған жағдайда ±20 пайыз шегінде алдыңғы үш есептік кезең үшін берілген көрсетілімдердің орташа тұтыну көлемінен ауытқуы ретінде айқындалады.
12. Көрсетілімдер ауытқулардың рұқсат етілген шегінен тыс шыққан не дұрыс емес деректер анықталған жағдайда автоматты түрде есептеу жүргізілмейді, ал пайдаланушыға көрсетілімдерді қайта енгізу мүмкіндігі беріледі.
13. Қате туындаған кезде Қосымшада Пайдаланушыға қатенің себебін көрсететін хабарлама көрсетіледі. Мүмкін болатын қате түрлері:
1) "Жеке шот табылмады";
2) "Көрсетілімдерді беру кезеңі басталған жоқ";
3) "Көрсетілген кезеңдегі көрсетілімдер қазірдің өзінде берілді".
14. Дұрыс деректер автоматты түрде "QazaqGaz Aimaq" АҚ ақпараттық жүйесіне беріледі және тұтынылған газ көлемін есептеу үшін пайдаланылады.
15. Есептеу нәтижелері бойынша төлем құжаты (түбіртек) қалыптастырылады, ол пайдаланушыға сервисте электрондық түрде қолжетімді болады.
3-тарау. Ақпараттық қауіпсіздік
16. Деректерді беру қорғалған арналар (HTTPS, TLS) арқылы жүзеге асырылады.
17. Пайдаланушылардың дербес деректері "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өңделеді және сақталады.
18. Сервиске қол жеткізу аутентификациядан өткеннен кейін ғана беріледі.
19. Пилоттық жобаны іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдар мен ұйымдар ақпараттандыру, ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
20. "QazaqGaz Aimaq" АҚ Пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде ақпараттық жүйелерді пайдаланушылар қалыптастырған мәліметтердің қорғалуын, тұтастығын және өзгермейтіндігін, сондай-ақ рұқсатсыз кіруді, деректердің өзгеруін немесе жоғалуын болғызбау жөніндегі ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді.
21. Пилоттық жобаны іске асыру кезінде ақпараттандыру, ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауды уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
4-тарау. Қорытынды ережелер
22. "QazaqGaz Aimaq" АҚ көрсетілімдерді беру процесін сүйемелдеуді, тану алгоритмдерінің жұмыс істеуін, Пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде алынған деректерді өңдеуді және пайдалануды қамтамасыз етеді.