"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27, 37-баптарына және "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Жетісу облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Жетісу облысы мемлекеттік мекемелерінің ережелерін бекіту туралы" облыс әкімдігінің 2025 жылғы 16 мамырдағы №153 қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген "Жетісу облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. "Жетісу облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Облыс әкімі | Б.Исабаев |
| Жетісу облысы әкімдігінің 2026 жылғы "26" мамырдағы № 153 қаулысына қосымша |
"Жетісу облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Жетісу облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Жетісу облысының аумағында стратегиялық, экономикалық және бюджеттік салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы қазақ тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Басқармаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 040000, Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Н. Назарбаев даңғылы, № 38.
10. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Басқарманың мақсаттары, функциялары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
1) облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттары мен басымдықтарын, негізгі бағыттарын қалыптастыру;
2) әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарымен өзара әрекеттестікте бюджеттік және инвестициялық саясатты жүзеге асыру.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
мемлекеттік органдардан, сондай-ақ лауазымды тұлғалардан, азаматтардан оларға жүктелген тапсырмалар мен функцияларды орындау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұрату және алу;
өз құзыреті шегінде шешімдер қабылдау;
өз құзыреті шегінде ұйымды құру, қайта құру және тарату бойынша ұсыныстар енгізу;
жұмысқа жерігілікті бюджеттен қаржыландырылатын басқа атқарушы органдардың мамандарын, олардың басшыларының келісуі бойынша тарту;
Басқарманың мүддесін барлық құзыретті, мемлекеттік, әкімшілік органдарда, ұйымдарда, сондай-ақ сот және құқық қорғау органдарында білдіру;
Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да құқықтар орындау.
2) міндеттері:
жоғары тұрған органдардың тапсырмаларын орындау;
Басқарманың құзыретіне кіретін облыс әкімінің, әкімдігінің, облыстық мәслихаттың құқықтық және нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу;
облыстың, аудандар мен қалалардың, елді мекендердің, сондай-ақ экономика секторларының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне мониторинг және талдау жүргізу;
облыс әкіміне, облыс әкімінің жетекшілік жүргізуші орынбасарына, облыс әкімдігінің жиналысына, отырысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы материалдар дайындау және ұсыну;
Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да міндеттерді орындау.
15. Функциялары:
1) облыстың дамыту жоспарын және оны іске асыру жөніндегі қоса берілетін инвестициялық жоспарды бес жылдық кезеңге әзірлеу, түзету, келісу және іске асырылуын мониторингтеу;
2) аудандар мен қалаларды дамыту жоспарлары жобаларының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарау, талдау және келісу, қорытындылар қалыптастыру және оларды тиісті жергілікті атқарушы органдарға жолдау;
3) жоспарлы кезеңге арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жыл сайын сырғымалы негізде әзірлеу;
4) өткен жыл үшін облыстың әлеуметтік-экономикалық даму паспортын әзірлеу;
5) құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Ұлттық жобаларды және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің басқа да құжаттарын іске асыруды және мониторингтеуді жүзеге асыру;
6) жер қойнауын пайдалану туралы келісімшартқа толықтыру жобасына экономикалық сараптама жүргізу;
7) жобалық басқару құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша бағдарламалардың жобалық персоналына және мүдделі қатысушыларына үйлестіруді, консультациялық-әдіснамалық, ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуді қамтамасыз ету;
8) жобалық басқару шеңберінде бағдарламаларды іске асыру барысына мониторинг жүргізу, оның ішінде жалпы бағдарлама бойынша, сондай-ақ базалық бағыттар, жобалар топтары және жобалар бойынша негізгі ұлттық индикаторларға қол жеткізуді талдау;
9) бюджетті жоспарлауды ұйымдастыру және бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджетті жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдардың қызметін үйлестіру;
10) бірыңғай бюджеттік сыныптаманың санаттары, сыныптары және ішкі сыныптары бойынша облыстық бюджетке түсетін түсімдерді айқындау;
11) облыстық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету;
12) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстар лимиттерін айқындау және оларды жетекшілік ететін салалардағы бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жеткізу;
13) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін қарау, лимиттерге сәйкестігіне талдау жүргізу, белгіленген лимит пен бюджеттік өтінім арасындағы алшақтықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдеріне қорытындылар қалыптастыру және оларды тиісті бюджеттік комиссияның қарауына енгізу;
14) облыстық бюджет туралы мәслихат шешімінің жобасын әзірлеу және оны облыстық бюджеттік комиссияның, әкімдіктің қарауына, сондай-ақ мәслихаттың қарауы мен бекітуіне енгізу;
15) облыстық және аудандық (қалалық) бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің болжамды көлемдерін үш жылдық кезеңге айқындау;
16) жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы облыстық мәслихат шешімінің жобасын әзірлеу және оны облыстық бюджеттік комиссияның, мәслихаттың қарауына енгізу;
17) мәслихат шешімін іске асыру, жергілікті бюджетті нақтылау туралы жергілікті атқарушы орган қаулысының жобасын әзірлеу;
18) инвестициялық ұсынысқа экономикалық қорытынды дайындау, мемлекеттік инвестициялық жобаға экономикалық сараптама жүргізуді қамтамасыз ету;
19) республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен, сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы іске асыру жоспарланатын бюджеттік инвестициялық жобаларға, бюджеттік инвестицияларға және бюджеттік кредиттің техникалық-экономикалық негіздемесіне экономикалық қорытынды дайындау;
20) жоспарлы кезеңге арналған басым жергілікті бюджеттік инвестициялар тізбесін және іске асыру жоспарланатын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді жергілікті бюджеттен қаржыландыруды талап ететін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қалыптастыру;
21) қаржы жылының қорытындылары бойынша мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингінің нәтижелері жөніндегі жиынтық есепті қалыптастыру және жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру мониторингі бойынша ақпарат жинау;
22) бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде бюджеттік кредиттеудің орындылығын айқындау;
23) ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторинг жүргізу;
24) Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес елді мекендердің қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізу.
25) ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін айқындау;
26) қалалардың, моноқалалар мен шағын қалалардың, шекара маңы аумақтарының дамуына мониторинг жүргізу;
27) "Дипломмен ауылға" жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларының мамандарына, сондай-ақ ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларының көрсетілуіне мониторинг жүргізу;
28) жалпы сипаттағы трансферттердің ең төменгі көлемі шеңберінде ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымы бойынша жобалардың тізбесін қалыптастыру және ол бойынша есептілікті жоғары тұрған органдарға ұсыну;
29) ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы микрокредиттеу және лизинг скринингі нәтижелері бойынша айқындалған басым бағыттарға елді мекендердің сәйкестігі тұрғысынан қорытынды талдамалық ақпаратты зерделеу және алдағы кезеңге арналған деректерді ауылдық округтер бөлінісінде ауданның жергілікті атқарушы органдарына және жергілікті атқарушы органның интернет-ресурстарында және ақпараттық жүйеде орналастыру үшін сенім білдірілген агентке жолдау;
30) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
3-тарау. Басқарманың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері басшыларының және өзінің орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіліктерін айқындайды;
2) Басқарманың басшысы қызметкерлерін тағайындайды және лауазымдарынан босатады;
3) белгіленген заңнамалық тәртіппен Басқарма қызметкерлерін ынталандыруды жүзеге асырады;
4) белгіленген заңнамалық тәртіппен Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жаза тағайындайды;
5) өз құзырының шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттарға қол қояды;
6) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;
7) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың атынан өкілдік етеді;
8) Басқарманың құзырына кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді, бағдарламалардың жобаларын және басқа да құжаттардың орындалу барысын бақылайды;
9) Басқарманың құзырына кіретін мәселелер бойынша есептік материалдарды дайындау жөніндегі жұмыстарды бақылайды;
10) бюджеттік бағдарламаның іске асырылу барысын үйлестіреді;
11) белгіленген тәртіппен қаржылық-экономикалық және шаруашылық қызметтер мәселелерін шешеді, бюджеттік қаражаттардың тиімді және мақсатты орындалуын бақылайды;
12) Басқарманың қызметіндегі заңдылықтың, келісімшарт және қаржылық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттілікті жүзеге асырады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
4-тарау. Басқарманың мүлкі
20. Басқармада заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болу мүмкін.
Басқарманың мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Басқармаға бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
23..МБасқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы ұйым:
"Жетісу облысының сараптама орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.