"Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабы 7) тармақшасына, 164-бабына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабы 3-тармағына сәйкес, Абай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Абай облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесін құру және оның ережесін бекіту туралы" Абай облысы әкімдігінің 2022 жылғы 5 шілдедегі № 1 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
аталған қаулымен бекітілген "Абай облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. "Абай облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу және ресми жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін қамтамасыз етсін;
2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Абай облысы әкімі аппаратының басшысына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Абай облысының әкімі | Б. Уәли |
| Абай облысы әкімдігінің 2026 жылғы "03" сәуірдегі № 57 қаулысына қосымша Абай облысы әкімдігінің 2022 жылғы "05" шілдедегі № 1 қаулысына қосымша |
"Абай облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. "Абай облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі –Аппарат) Абай облысы әкімінің қызметін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Аппараттың ведомстволары жоқ.
3. Аппарат өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Аппарат мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы, мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Аппарат азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Аппарат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы .
7. Аппарат өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Аппарат басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Аппараттың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Аппараттың орналасқан жері: индексі 071400, Қазақстан Республикасы, Семей қаласы, Қайым Мұхамедханов көшесі,
8. Жұмыс режимі: сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін. Түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін. Бес күндік жұмыс аптасы белгіленген. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс, кезекшілік облыс әкімі аппараты басшысының жекелеген актілерімен белгіленеді.
10. Мемлекеттік органның толық атауы – "Абай облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі.
11. Осы Ереже облыс әкімі аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.
12. Аппараттың қызметін қаржыландыру Абай облысы бюджетінен жүзеге асырылады.
13. Аппаратқа кәсіпкерлік субъектілерімен өкілеттіктер болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер облыс әкімінің аппаратына заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері
14. Міндеттері:
1)Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде әкімнің өкілеттіктерін жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
2)Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, облыс әкімі мен әкімдігінің, оның орынбасарларының, облыс әкімі аппараты басшысының және оның орынбасарларының актілері мен тапсырмаларының орындалуын ұйымдастыру және бақылауды жүзеге асыру;
3)тиісті аумақтың мүдделерімен және қажеттіліктерімен үйлестіре отырып, атқарушы биліктің жалпымемлекеттік саясатын іске асыруды қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
4)облыстық жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жүйесін қамтамасыз ету және жетілдіру;
5)жергілікті атқарушы органдардың аумақтық қорғанысының облыстық жүйесін дайындау және жетілдіру;
6)құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органдардың азаматтық қорғау саласы бойынша іс-шараларды қамтамасыз ету;
7)сыртқы байланыстарды ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
8)ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы бірыңғай талаптардың, сондай-ақ ақпараттандырудың сервистік моделін енгізу қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіру;
9)Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттер.
15. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүктелген функцияларды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдардың ақпараттық, оның ішінде құпия деректер базасына қолжетімділігі болуы;
облыс әкімінің, оның орынбасарларының, облыс әкімі аппараты басшысының актілері мен тапсырмаларының орындалуын тексеруді ұйымдастыру және өткізуге қатысу;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес облыстың жергілікті атқарушы органдарының құрамына кіретін мемлекеттік органдарға, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарына қатысты бақылау іс-шараларын жүзеге асыру;
Аппараттың бақылауындағы тапсырмалар мен бақылау құжаттарын орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны үшін облыс әкімдігіне және әкіміне есеп беретін мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізу;
заңнамада белгiленген тәртiппен өзге де мемлекеттiк органдардан, аудандардың, қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарынан, өзге де ұйымдардан және олардың басшыларынан, лауазымды адамдар мен азаматтардан өз функцияларын орындау үшiн қажеттi ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;
құзыретіне жататын мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізу;
облыс әкімдігінің, комиссиялардың, жұмыс топтарының отырыстарына қатысуға;
облыстың атқарушы органдарының құрылымын жетілдіру бойынша талдау жүргізу;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, облыс аудандары әкімдері аппараттарының қызметкерлерін облыс әкімі мен әкімдігі қарайтын құжаттарды дайындауға қатысуға тарту;
облыстың атқарушы органдарының, аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жұмыстарын талдауға;
өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға;
қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға;
2) міндеттері:
Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүктелген функциялардың орындалуын қамтамасыз ету;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың қызметіне әдістемелік басшылықты жүзеге асыруға;
әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері көрсететін мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасының сақталуына бақылауды жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау және қарау, олардың орындалуын бақылау;
жеке және заңды тұлғаларды және олардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастыру;
цифрландыру саласындағы мемлекеттік бағдарламаларда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген салаларда және жобаларда цифрландыру жобаларын іске асыру;
қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес жүктелген функциялардың орындалуын қамтамасыз ету.
16. Функциялары:
1) облыс әкімінің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, ақпараттық даму және халықаралық ынтымақтастық, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (бұдан әрі – АКТ) дамыту салаларындағы қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің орындалуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету және облыс аумағында орналасқан ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің олардың орындалуын бақылау;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесімен, Үкіметімен, Қазақстан Республикасының Парламентімен, облыс мәслихатымен, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерімен, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын атқарушы органдармен бұқаралық ақпарат құралдары және азаматтар өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;
4) сыртқы экономикалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және халықаралық қатынастарды дамытуды қамтамасыз ету;
5) мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру және облысты дамытудың тиісті жылға арналған жоспарлары мен бағдарламалары шеңберінде іс-шаралардың орындалуы туралы әкімді хабардар ету;
6) әкімнің және әкімдік отырыстарының, қажет болған жағдайда консультативтік-кеңесші органдардың қызметін құжаттамалық қамтамасыз ету және қызмет көрсету;
7) әкімдіктің Регламентіне сәйкес әкімдік қаулыларының, әкім қабылдайтын шешімдер мен өкімдердің, сондай-ақ Аппарат басшысының бұйрықтарының жобаларының қаржылық-экономикалық, құқықтық және өзге де аспектілеріне сараптама жүргізу, сараптама нәтижелері бойынша қорытындылар (анықтамалар) дайындау;
8) әкiмнiң, оның орынбасарларының, Аппарат басшылығының қатысуымен кеңестер ұйымдастыру, отырыстар материалдарын, хаттамаларын ресiмдеу және тарату;
9) әкімдік қаулыларының, әкімнің және оның орынбасарларының актілері мен тапсырмаларының, әкімдік отырыстарының хаттамалық шешімдерінің орындалуын бақылау, осы мәселелер бойынша әкімді хабардар ету;
10) жергілікті атқарушы органның нормашығармашылық қызметінің тетігін жетілдіру бойынша шаралар қабылдау;
11) әкімнің тапсырмасы бойынша соттарда әкімнің және әкімдіктің мүдделерін білдіру және қорғау, прокурорлық ден қою актілерін қарау;
12) құпия іс жүргізуді, арнайы хабарламаларды, хат-хабарларды өңдеуді ұйымдастыру және қамтамасыз ету, нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес әкімдік ғимаратында құпиялылық режимін, қолжетімділік және объектішілік режимді қамтамасыз ету;
13) мемлекеттік органдардың іс жүргізу талаптарын сақтау жөніндегі қызметін үйлестіру, оның ішінде құпиялық режимін қамтамасыз ету және құпия іс жүргізуді жүргізу жай-күйін кешенді, тақырыптық және бақылау тексерулерін, сондай-ақ қорғаныс құралдары мен баспа-бланк өнімдерін пайдалану;
14) Аппарат және әкімдіктің номенклатурасына енгізілген кадрлар бойынша ұсыныстарды зерделеу мен енгізуді ұйымдастыру, олардың оқуын, тағылымдамадан өтуін және қайта даярлауын ұйымдастыру арқылы кадр саясатын жүзеге асыру;
15) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жергілікті атқарушы органдардың қызметіне АКТ және ақпараттық жүйелерді, сондай-ақ деректер алмасудың халықаралық стандарттарын, АКТ құру, енгізу және пайдалану процестерін енгізу;
16) әкімнің және әкімдіктің қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз ету;
17) облыс аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру;
18) облыс аумағында жедел жағдайды талдау және бағалау жүргізу;
19) жұмылдыру дайындығы мен облыстың аумақтық қорғанысының жай-күйін талдау;
20) мемлекеттік органдар мен ұйымдарды жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақытында жұмыс істеуге ауыстыру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыру;
21) жергiлiктi әскери басқару органдарының бейбiт уақытта және жұмылдыру жарияланған кезде олардың жұмысына жәрдемдесу;
22) өңірде гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру.
Облыс әкімінің аппараты қолданыстағы заңнамада белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік орган басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
17. Облыс әкімінің аппаратын басқаруды облыс әкімінің аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
18. Облыс әкімінің Аппарат басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
19. Облыс әкімінің Аппарат басшысының орынбасарлары бар олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
20. Облыс әкімінің аппараты басшысының өкілеттіктері:
1) аппаратқа жүктелген мақсаттарды іске асыруды ұйымдастырады;
2) өз құзыреті шегінде аппараттың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
3) аппараттың құрылымы мен штат кестесін, оның құрылымдық бөлімшелері туралы ережені;
4) аппараттың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындайды және мемлекеттік лауазымдардан босатады;
5) аппараттың тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
6) қызметтік тәртіптің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
7) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, аппараттың мемлекеттік қызметшілерін іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар белгілеу мәселелерін шешеді;
8) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, аппараттың мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;
9) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;
10) облыстың жергілікті атқарушы және өкілді органдары қабылдаған шешімдердің орындалу барысын бақылайды;
11) Қазақстан Республикасының заңдарымен және өзге де нормативтік құқықтық актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады
21. Облыс әкімі аппаратының басшысы болмаған кезде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
22. Басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
23. Облыс әкімі аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
24. Облыс әкімі аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
25. Облыс әкімінің аппаратына бекітілген мүлік Абай облысының коммуналдық меншігіне жатады.
26. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, облыс әкімінің аппараты өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта құру және тарату
27. Облыс әкімінің аппаратын қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
28. Аппараттың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
Абай облысы әкімі аппаратының "Абай облысы әкімдігінің істер басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.