Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 қаулысына және "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөнінде мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2020 жылғы 29 мамырдағы №66 бұйрығына сәйкес, Арыс қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Арыс қаласының "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесі жаңа редакцияда бекітілсін.
2. Арыс қаласының "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің аппарат басшысы Т.Анашбеков "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекеменің Ережесін қолданыстағы заңға сәйкес Әділет органдарында тіркеуден өткізсін.
3. Осы қаулының орындалуын Арыс қаласының "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің аппарат басшысы Т.Анашбеков жүзеге асырсын.
Арыс қаласының әкімі | Қ.Маңқараев |
Арыс қаласы әкімдігінің 2025 жылғы "_4_" __сәуір____ №_192_ қаулысына қосымша |
Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер
1. Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Арыс қаласы әкімінің аппараты) әкімнің және жергілікті мемлекеттік басқарудың қызметін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Арыс қаласы әкімі аппаратының ведомстволары жоқ.
3. Арыс қаласы әкімінің аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеме ұйымдық - құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және қазақ тілінде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Арыс қаласы әкімінің аппараты азаматтық - құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Арыс қаласы әкімінің аппараты, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық - құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Арыс қаласы әкімінің аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 160100, Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Арыс қаласы, Әл Фараби көшесі №3.
10. Осы ереже Арыс қаласы әкімі аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.
11. Арыс қаласы әкімі аппаратының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Арыс қаласы әкімінің аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Арыс қаласы әкімінің аппаратына заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
1) мемлекеттік егемендікті, конституциялық құрылысты қорғау және нығайту, Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын өмірге енгізу;
2) заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтық таным деңгейін арттыру және елдің қоғамдық - саяси өмірінде олардың белсенді азаматтық көзқарас ұстануы бойынша шараларды жүзеге асыру;
3) қаладағы мемлекеттік, әлеуметтік-экономикалық саясат пен әлеуметтік және экономикалық үдерістерді басқарудың негізгі бағыттарын жүзеге асыру, осы мақсатта барлық атқарушы билік органдарының келісіп қызмет етуін қамтамасыз ету.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
қала әкімінің және әкімдігінің мүдделерін білдіру;
өзінің құзіреті шегінде сұратуларды жіберу және мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалар мен өзге ұйымдардан қала әкімінің және әкімдігі құзыретінің мәселелері бойынша қажетті ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды алу;
өзінің құзыретіндегі мәселелер бойынша қала аумағында орналасқан ұйымдар басшыларына қажетті тапсырмалар беру (келісім бойынша);
тиісті аумақта басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері бойынша басқа мемлекеттік басқару органдарымен, қоғамдық өзін-өзі басқару органдарымен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру.
2) міндеттері:
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;
Президенттің, Үкіметтің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс әкімі мен әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау;
тиісті аумақты дамыту мүдделерімен және қажеттіліктерімен қатар атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатын жүргізуді қамтамасыз етуде қала әкіміне, әкімдігіне көмек көрсету;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттер.
15. Функциялары:
1) Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымдық бөлімшелерінде, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда атқарушылық тәртіптің жай-күйіне талдау жүргізеді;
2) әкімдік мәжілістерін, кеңестерді, семинарларды және басқа да іс-шараларды өткізуді жоспарлайды, оларды дайындау мен өткізуді ұйымдастырады, әкімдік мүшелерінің және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларының ұсыныстары бойынша әкімдік мәжілістерінде қаралатын мәселелердің тоқсан сайынғы тізбесін жасайды;
3) әкімдіктің іс қағаздарын жүргізеді және әкімдікке, әкімге келіп түсетін хат-хабарларды өңдейді, басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардан келіп түсетін ақпаратты, сондай-ақ Арыс қаласы әкімдігінің және әкімінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін жинауды және өңдеуді қамтамасыз етеді;
4) әкімдік қаулыларының, әкімнің шешімдері мен өкімдерінің жобаларын, Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарын дайындауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және орталық мемлекеттік органдарының, сондай-ақ облыс, қала әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
6) қала әкіміне бағынысты мемлекеттік басқару органдарының өзара іс-қимылын және қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді;
7) заң қызметінің әкімдіктің нормативтік құқықтық актілерін әзірлеуге тікелей қатысуын қамтамасыз етеді, қала әкімі мен әкімдігінің нормативтік құқықтық актілерін қабылдауды, мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ жинауды, сақтауды және есепке алуды қамтамасыз етеді;
8) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіпте әкімдік бөлімдері шығарған әкімшілік актілерге, әкімшілік әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағымдарды қарауды жүзеге асырады;
9) ақпараттық қоғам жағдайында мемлекеттік басқару органдарының азаматтармен және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылын ұйымдастыратын әкімдіктің интернет-ресурсын қолдауды және дамытуды қамтамасыз етеді;
10) мемлекеттік органның персоналды басқару стратегиясын әзірлеу және іске асыру;
11) конкурстық, тәртіптік, аттестаттау және кадр мәселелері жөніндегі өзге де комиссиялардың қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
12) мемлекеттік қызметке кіру, мемлекеттік қызметті өткеру және тоқтату рәсімдерін сақтауды қамтамасыз ету, қызметтік тексерістерді жүргізу, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау, аттестаттау және оқыту жүргізу;
13) кадрларды іріктеуді ұйымдастыру, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметті өткеруіне байланысты құжаттарды ресімдеу, мемлекеттік қызметшілердің дербес деректерін есепке алуды жүзеге асыру;
14) мемлекеттік органда еңбек заңнамасы мен мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету, еңбек режимі мен жағдайларының сақталуын, сондай-ақ мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді қамтамасыз ету;
15) мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы ұсыныстар дайындайды, қала әкімінің тұрғындарды марапаттау қызметін ұйымдастырады;
16) терроризмнің алдын алу, оның зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою саласында терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
17) өңірлік деңгейде төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және жоюға бағытталған азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
18) әкім және әкімдік шығарған актілерді тіркеуді жүргізеді, тиісті ресімдеуді және таратуды қамтамасыз етеді;
19) құжаттамалық қамтамасыз етуді, оның ішінде тиісті құжат айналымын ұйымдастыру, ақпараттық технологияларды енгізу және дамыту жолымен жүзеге асырады, іс жүргізу ережелерінің сақталуын бақылау және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту;
20) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды, тіркеуді және есепке алуды жүзеге асырады, қала әкімінің, қала әкімі орынбасарларының және Арыс қаласы әкімі аппараты басшысының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалар өкілдерін жеке қабылдауын ұйымдастырады;
21) қала әкімдігіне келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің сапасына, қарау мерзімдеріне бақылауды жүзеге асырады;
22) әкімдік бөлімдері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі бақылауды жүзеге асырады;
23) жергілікті деңгейде ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
24) өңірлік деңгейде мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру бойынша іс-шаралар өткізеді;
25) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы мәжілісі, қаладық мәслихат депутаттарының, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді, сайлаушылар тізімін жүргізуді жүзеге асырады;
26) алқабилерге кандидаттардың алдын ала тізімдерін жүргізу және өзектілендіруді қамтамасыз ету арқылы қылмыстық сот ісін жүргізуде алқабилердің қатысуымен байланысты қоғамдық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
27) әкімшілік-аумақтық құрылым саласында мемлекеттік саясатты іске асырады, облыс әкімдігіне қаланың әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;
28) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, деректерді басқару жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.
29) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шеңберінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік орган басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Арыс қаласы әкімінің аппаратына басшылықты Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
17. Арыс қаласы әкімі аппаратының басшысын Арыс қаласының әкімі лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
18. Арыс қаласы әкімі аппараты басшысының өкілеттіктері:
1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің мүддесін білдіреді;
2) Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
3) Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті шараларды қабылдамағаны үшін дербес жауапты болады;
4) Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді және жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуына дербес жауапты болады;
5) бұйрықтар шығарады;
6) қызметтік құжаттамаға қол қояды;
7) Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын және Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін және еңбек қатынастары мәселелері оның құзыретіне жатқызылған мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерін тағайындайды, босатады, тәртіптік жазаға тартады және оларға қатысты көтермелеу шараларын қолданады;
8) жоғары тұрған лауазымды адамдарды қоспағанда, аппараттың мемлекеттік қызметшілерін іссапарға жіберу, оларға демалыстар беру, оларды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру туралы бұйрықтар шығарады;
9) ауылдық округ әкімдері мен жергілікті атқарушы орган басшыларын іссапарға жіберу туралы бұйрықтар шығарады.
10) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүзеге асырады;
11) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Арыс қаласы әкімі аппараты басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.
19. Арыс қаласы әкімінің аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын Арыс қаласы "Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің басшысы басқарады.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
20. Арыс қаласы әкімінің аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі бар. Арыс қаласы әкімі аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Арыс қаласы әкімінің аппаратына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Арыс қаласы әкімінің аппараты өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
23. Арыс қаласы әкімінің аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.