Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 38-бабының 4-тармағына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 8) тармақшасына, Қазақстан Республикасы "Құқықтық актілер туралы" Заңының 7-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Теміртау қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Теміртау қаласы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің қоса беріліп отырған Ережесі бекітілсін.
2. Аппаратының басшысы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы Ережені әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкіне енгізу және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау үшін қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде жіберуді;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Теміртау қаласы әкімі аппаратының басшысына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғышқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Теміртау қаласының әкімі | Ғ. Әшімов |
| Теміртау қаласы әкімдігінің 2025 жылғы "31" желтоқсандағы № 52/14 қаулысымен бекітілді |
"Теміртау қаласы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже
1. Жалпы ережелер
1. "Теміртау қаласы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Әкім аппараты) Қарағанды облысы Теміртау қаласы әкiмінiң және әкімдігінің қызметiн ақпараттық-талдау тұрғысынан, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етудi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Әкім аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Әкім аппараты мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ тілінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
4. Әкім аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
5. Әкім аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
6. Әкім аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Әкім аппараты басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Әкім аппараты құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 101406, Қазақстан Республикасы, Қарағанды облысы, Теміртау қаласы, Тәуелсіздік Гүлзары, 12.
9. Осы ереже Әкім аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.
10. Әкім аппараты қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.
11. Әкім аппараты кәсіпкерлік субъектілерімен Әкім аппараты өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Әкім аппараты заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
12. Мақсаттары:
қала аумағында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;
қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын ұйымдастыру;
құзыреті шегінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту жөніндегі шараларды жүзеге асыру;
республикалық және облыстық бағдарламаларды, сондай-ақ қала бюджетiн iске асыруды ұйымдастыру;
қала аумағындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де міндеттер.
13. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
мемлекеттік органдардан, ұйымдардан қала әкімі мен әкімдігінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратуға және алуға;
заңнамада белгіленген тәртіппен атқарушы органдардың қарамағындағы ақпараттық ресурстарды пайдалануға;
қала әкімдігінің отырыстарына қатысуға;
қала әкімінің тапсырмасы бойынша қала әкімі аппаратының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша материалдарды дайындауға мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және мекемелердің қызметкерлерін тартуға;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға.
2) міндеттері:
Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін және тапсырмаларын, сондай-ақ қала әкімі мен әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындауды қамтамасыз ету;
жоғары тұрған органдардың және қала әкімі актілері мен тапсырмаларының орындалуына талдау жүргізу, анықталған бұзушылықтар мен оларды орындамау себептерін жою жөнінде шаралар қабылдау;
өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасы нормаларын сақтау;
тиісті аумақтың даму мүдделері мен қажеттіліктерімен ұштастыра отырып, мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету жөнінде қала әкімі мен әкімдігіне жәрдем көрсету;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындау.
14. Функциялары:
1) қала аумағында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) заңдарды, Президент пен Үкімет актілерін, сондай-ақ қала әкімі мен әкімдігінің актілерін орындауды ұйымдастырады;
3) әлеуметтік-экономикалық даму болжамын, мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге қатысады, құзыреті шегінде ұсыныстар әзірлейді;
4) қала әкімі, оның орынбасарлары, аппарат қызметкерлерінің қызметін, сондай-ақ Әкім аппараты өткізетін іс-шараларды шаруашылық, қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
5) әкімі мен әкімдіктің қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде әкімдік, әкім және Әкім аппаратының мүдделерін соттарда білдіруді, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді және келісуді, құқықтық мониторингті жүргізуді және үйлестіруді қамтиды;
6) әкімнің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде қызметтік іс-шараларды дайындау мен өткізуді, тапсырмалардың орындалуын жоспарлау мен бақылауды және әкімдік құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын үйлестіруді қамтиды;
7) қала әкімі мен оның орынбасарларының қызметін құжаттамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде қызметтік құжаттарды қарауды, іс жүргізуді мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізуді, құпия құжаттармен жұмысты, әкімнің шешімдерін, өкімдерін және әкімдік қаулыларын сақтауды қамтиды;
8) заңнама талаптарына сәйкес қағаз және электрондық тасымалдағыштарда келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, мемлекеттік қызметтерді қабылдауды, тіркеуді, талдауды және бақылауды қамтамасыз етеді;
9) Теміртау қаласының жергілікті атқарушы органдарында кадр саясатын кадрларды басқару стратегиясын әзірлеу және іске асыру, кадрларға (оның ішінде мамандықтар мен біліктіліктер бойынша) қажеттілікті талдау мен жоспарлау, кадр құрамын қалыптастыру және конкурс өткізу, кәсіби бейімделуді және тәлімгерлікті ұйымдастыру, еңбек заңнамасы мен мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы орындауды, еңбек тәртібін және еңбек жағдайларын, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтауды, кадрлық іс жүргізуді, оның ішінде "Е-қызмет" ақпараттық жүйесінде жүргізу жолымен жүзеге асырады;
10) қала әкімі мен әкімдігінің қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-талдамалық жариялауды, әкімдікке, әкімге және әкім аппаратына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарды күнделікті талдауды жүзеге асырады;
11) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, балалардың қараусыз және қадағалаусыз қалуын болдырмау, кәмелетке толмағандарды зорлық-зомбылық пен қатыгездікпен қараудан қорғау, кәмелетке толмағандар арасындағы қоғамға қарсы іс-әрекеттердің алдын алу жөніндегі жұмыстарды кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия аясында жүргізу;
12) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мен іске асыруды, оқу-жаттығуларды ұйымдастыру мен өткізуді, халықты оқытуды, сондай-ақ төтенше жағдайларға ден қою үшін күштер мен құралдардың дайын болуын үйлестіреді;
13) қала аумағында жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақытында жұмысқа көшу жөніндегі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кешенді іс-шараларын іске асыруды қамтамасыз етеді;
14) қалалық терроризмге қарсы комиссия аясында терроризмнің алдын алу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді;
15) құпия құжаттармен жұмыс істеу кезінде "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтауды және мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз етеді;
16) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, құқық бұзушылықтардың профилактикасы, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделері жөніндегі консультативтік-кеңесші органдардың жұмысын ұйымдастыру және үйлестіру;
17) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсетеді;
18) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының ішкі мемлекеттік бақылауын жүргізеді;
19) ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты жергілікті деңгейде іске асыруды жүзеге асырады, оның ішінде барлық байланыс арналарының (жергілікті желілер, интернет-қосылымдар) сыртқы және ішкі қатерлерден сенімді қорғалуын қамтамасыз етеді;
20) ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету;
21) әкіммен жүктеген, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
15. Әкім аппаратын басқаруды басшы жүзеге асырады, ол Әкім аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
16. Әкім аппаратының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
17. Әкім аппараты басшысының өкілеттіктері:
1) Әкім аппаратының атынан мемлекеттік органдарда және басқа да ұйымдарда өкілдік етеді;
2) сенімхатсыз Әкім аппараты атынан әрекет етеді;
3) Әкім аппаратының жұмысын ұйымдастырады, оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметін өз құзыреті шегінде үйлестіреді және бақылайды;
4) белгіленген лимит шегінде қала әкімдігінің және әкімнің бекітуіне Әкім аппаратының құрылымы мен штат кестесінің жобасын, оның құрылымдық бөлімшелері туралы Ережені, сондай-ақ Ақтау кенті әкімінің аппараты мен қалалық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар құрылымының жобасын ұсынады;
5) әкімге әкімдік қаулыларының, қала әкімінің шешімдері мен өкімдерінің жобаларын қол қоюға ұсынады;
6) тәртіптік, конкурс комиссияларының және кадр мәселелері жөніндегі басқа да комиссиялардың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
7) қызметтік тәртіптің сақталуын бақылайды;
8) аппарат қызметкерлерін, Ақтау кенті әкімі мен қалалық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларын даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, материалдық көмек көрсету, үстемеақылар белгілеу, көтермелеу және тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелері бойынша ұсыныстар енгізеді;
9) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, қызметтік құжаттарға қол қояды;
10) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;
11) Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік құпиялар туралы" Заңының талаптарының және құпиялылық режимінің құпия құжаттармен жұмыс істеу кезінде сақталуын қамтамасыз етеді;
12) қалада мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
13) қала әкімі тапсырмаларын орындайды;
14) облыстың, қаланың жергілікті атқарушы және өкілді органдары қабылдаған шешімдердің орындалу барысын бақылайды;
15) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен және қала әкімімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Әкім аппаратының басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
18. Әкім аппараты заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Әкім аппараты мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
19. Әкім аппараты бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
20. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Әкім аппараты өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
21. Әкім аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.