"Теміржол көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған магистральдық теміржол желісінің қызметтеріне кіретін операциялардың тізбесі бекітілсін.
2. "Магистральдық теміржол желісінің қызметтеріне кіретін операциялардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2004 жылғы 23 шілдедегі № 288-I бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Көлік министрінің міндетін атқарушы | М. Қалиақпаров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 29 тамыздағы № 285 бұйрығымен бекітілген |
Магистральдық теміржол желісі қызметтеріне кіретін операциялардың тізбесі
Магистральдық теміржол желісі (бұдан әрі – МТЖ) қызметтеріне мыналар жатады:
1. МТЖ пайдалануды қамтамасыз ету үшін операциялар:
1) МТЖ күтіп-ұстау және оған техникалық қызмет көрсету;
2) МТЖ бағдарламалық-аппараттық кешенін күтіп-ұстау, оған техникалық қызмет көрсету және сүйемелдеу;
3) МТЖ объектілерін және станция инфрақұрылымын күтіп-ұстау мен қызмет көрсетуді, МТЖ бағдарламалық-аппараттық кешенмен басқару;
4) МТЖ объектілеріне авариялар мен апат салдарын жою үшін өртке қарсы және қалпына келтіру пойыздарын пайдалану, күтіп-ұстау және қызмет көрсету.
2. МТЖ бойынша пойыздардың өтуі мен қозғалысын ұйымдастыру операциялары:
1) пойыздарды қабылдау, жөнелту;
2) станциялық жолдарда жылжымалы құрамға нормативтік уақыт шегінде тұру орындарын ұсыну;
3) жүк және жолаушы вагондарын кірме жолдарға, жылжымалы құрамның жөндеу жолдарына беру және әкетуді қоспағанда, станциялық жолдарда маневрлік жұмыстарды орындау;
4) техникалық ақауы бар вагондарды тіркеу, ағыту;
5) тасымалдау құжаттарын өңдеу және пойыз құрамдарын қалыптастыру мен тарату, пойыздарды қабылдау және жөнелту үшін қажетті құжаттарды жасау;
6) жүк вагондарын техникалық қарап-тексеру және техникалық қызмет көрсету (вагонды құрамнан ағытпай жұмысқа қабілеттілігін сақтау операциялары), жолаушы вагондарын техникалық қарап-тексеру;
7) теміржол әкімшіліктерінің түгендеу паркіндегі вагондарға ағытпа ағымдағы жөндеу жүргізу;
8) МТЖ бойынша есеп жүргізу және есептік-есепке алу құжаттарын дайындау;
9) пойыз қозғалысын диспетчерлік реттеу;
10) станциялардағы маневрлік жұмыстарды диспетчерлік басқару;
11) станциялар мен учаскелердің технологиялық жұмыс нормаларын әзірлеу;
12) пойыз қозғалысының кестелерін әзірлеу;
13) тасымал процесінің көрсеткіштері туралы деректерді ақпараттық жүйеге есепке алу және енгізу;
14) МТЖ қызметтерінің құнын есептеу;
15) МТЖ қызметтерін ұсынуды ұйымдастыру және жоспарлау, соның ішінде ТМД елдерінің теміржол көлігі кеңесінің және Халықаралық теміржолдар ынтымақтастығы ұйымының шешімдерімен регламенттелген тасымалдардың жиынтық жоспарын қалыптастыру.
3. Шарттық негізде жүзеге асырылатын тасымал процесінің қосымша операциялары:
1) вагондарды бір жолтабаңнан екіншісіне ауыстыру;
2) МТЖ ақпараттық жүйелерінен тасымалдаушыларға олардың тасымал көрсеткіштері мен жылжымалы құрамды пайдалану туралы қосымша ақпарат ұсыну;
3) станция жолдарында қалыптастыру жоспарына және станцияның технологиялық жұмыс процесіне сәйкес техникалық ақауы бар вагондарды ағытып, ағымдағы жөндеуден кейін оларды пойыз құрамына қайта тіркеу;
4) вагондарды кірме жолға беру алдында жүк жөнелтушілер мен жүк алушылар бойынша сұрыптау.