Ақтөбе қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Ақтөбе қалалық мәслихатының "Ақтөбе қаласында әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау Қағидаларын бекiту туралы" 2024 жылғы 30 мамырдағы № 173 шешiмiне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8589-04 болып тіркелген) келесі өзгерістер енгiзiлсiн:
аталған шешімнің кіріспесі жаңа редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 33-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Ақтөбе қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:";
9 тармақ келесі мазмұндағы жаңа редакцияда жазылсын:
"9. Табыстарын есепке алмағанда әлеуметтік көмек жылына бір рет мынадай негіздер бойынша көрсетіледі:
1) осындай жағдай туындаған сәттен бастап алты айдан кешіктірмей жүгінген азаматтарға (отбасыларына), оларға не олардың мүлкіне дүлей апаттың салдарынан зиян келуіне байланысты 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) осындай жағдай туындаған сәттен бастап алты айдан кешіктірмей жүгінген азаматтарға (отбасыларына), өрт салдарынан оларға не олардың мүлкіне зиян келуіне байланысты 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі;
3) Қазақстан Республикасының шегінде санаторийлік-курорттық емделуге бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды (заңнамаға сәйкес жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, жеке бағдарламада жеке көмекшінің әлеуметтік қызметі бар) алып жүретін азаматтарға, санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын өтеу ретінде нақты шығындар мөлшерінде, бірақ халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын кепілдік берілген соманың 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын.
Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген әлеуметтік көмек, мынадай құжаттарды қоса бере отырып Әлеуметтік бағдарламалар бөліміне санаторийлік-курорттық ем алғаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей жүгінген азаматтарға көрсетіледі:
1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);
2) шот-фактура немесе фискалдық чек;
3) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 "Бастапқы есепке алу құжаттарының нысандарын бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8265 болып тіркелген) бекітілген нысаны бойынша орындалған жұмыстар актісі;
4) екінші деңгейдегі банктегі немесе "Қазпошта" акционерлік қоғамындағы шотының нөмірі туралы мәліметтер.
Санаторийлік-курорттық емдеуден өту орнына дейін және кері қайту жол жүру құнын төлеу санаторийлік-курорттық ем алушының өз қаражаты есебінен жүргізіледі.".
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы | А. Даржанова |