"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына, "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Ақтөбе облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жерлерін алып қоймастан Ақтөбе облысының Ақтөбе қаласы және Алға ауданы аумақтарында жергілікті маңызы бар, жалпы алаңы 1 147 гектар "Сазды" мемлекеттік табиғи қаумалы (бұдан әрі – Қаумал) құрылсын.
2. Қаумал "Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің "Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қарамағына берілсін.
3. "Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулыны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы қаулыны оны ресми жариялағаннан кейін Ақтөбе облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Ақтөбе облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Ақтөбе облысының әкімі | А. Шахаров |
| "КЕЛІСІЛДІ" | |
|
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитеті |