Қазақстан Республикасы Су кодексі 26-бабы 1-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес Астана қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Астана қаласында ортақ су пайдалану қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Астана қаласы маслихатының төрағасы | Т. Зейнұлқабден |
| Астана қаласы мәслихатының | |
| 2025 жылғы 12 қарашадағы | |
| № 339/45-VIII шешіміне | |
| қосымша |
Астана қаласында ортақ су пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Астана қаласында ортақ су пайдалану қағидалары Қазақстан Республикасы Су кодексі 26-бабы 1-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес әзірленді және жеке тұлғалардың Астана қаласының аумағында ортақ пайдаланылатын су объектілерінде ортақ су пайдалануды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Ортақ су пайдалануды жеке тұлғалар рекреацияға, туризмге, әуесқойлық (спорттық) балық аулауға және шаруашылық немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес бос уақыттың өзге де нысандарына, сондай-ақ жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын суаруға деген жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жүзеге асырады.
3. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.
4. Ортақ су пайдалану кезінде су объектілерін пайдалану су объектісінің ажырамас бөлігі болып табылатын жария су сервитуты шеңберінде жүзеге асырылады.
2-тарау. Ортақ су пайдалану тәртібі
5. Астана қаласының әкімдігі жеке тұлғалардың ортақ су пайдалану құқығын жүзеге асыру мақсатында:
1) су обьектілеріне кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
2) ортақ су пайдалану су объектілерінде жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған орындарды айқындайды;
3) әуесқойлық (спорттық) балық аулауды жүзеге асыру үшін балық шаруашылығы су объектілерінің учаскелерін және (немесе) және іргелес жағалау белдеуінің учаскелерін айқындайды;
4) халыққа ортақ су пайдалану бойынша орнатылған шектеулер мен тыйымдар туралы хабарлауды қамтамасыз етеді.
6. Су объектісіне тікелей қолжетімділік болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 69-бабына сәйкес қоғамдық сервитут орнатады.
7. Шектеулер немесе тыйымдар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында жариялануға жатады және су объектілерінің жағалауында арнайы ақпараттық белгілер орнату арқылы танысуға қолжетімді болуға тиіс.
8. Ауыл шаруашылығы жануарларын суару үшін су объектілерін пайдалану санитарлық қорғау аймағынан тыс жерде және суару алаңдары мен су объектілерін ластау мен кірлетудің алдын алатын басқа да құралдар болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
9. Балық шаруашылығы су объектілерінде әуесқойлық (спорттық) балық аулау жеке және (немесе) заңды тұлғаларға, аталмыш су объектісінде көл-тауар шаруашылығын жүргізу құқығы берілген тұлғаларға ұйымдастырылады.
10. Ортақ су пайдалану су объектілерін пайдалану кезінде мыналарға жол берілмейді:
1) су объектілеріне жеке тұлғалардың қолжетімділігін шектейтін қоршауларды, шлагбаумдарды, тыйым салатын белгілерді және басқа да құралдарды өздігінен орнату;
2) су объектілерін ластау және кірлету;
3) шомылуға арналған жерлерде көлікті жуу, киім жуу және жануарларды шомылдыру;
4) арнайы ақпараттық белгілер орнатылған, ескерту немесе тыйым салу жазулары бар жерлерде шомылу;
5) арнайы ақпараттық белгілерді өздігінен алып тастау, зақымдау немесе жою;
6) аумақта жанармай және майлау материалдарын сақтау;
7) көлікті жанармаймен қамтамасыз ету, жуу және жөндеу жұмыстарын жүргізу;
8) су объектілерінде және олардың жанында кәмелетке толмаған балаларды ересектерсіз қалдыру.____