"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысымен бекітілген, мемлекеттік орган туралы үлгі ережесіне сәйкес Қамысты аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Қоса беріліп отырған "Қамысты аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ережесі бекітілсін.
2. Мәслихаттың 2016 жылғы 18 мамырдағы № 29 "Қамысты аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
| Қамысты аудандық мәслихатының хатшысы | С. Кстаубаева |
| Мәслихаттың | |
| 2022 жылғы 29 желтоқсандағы | |
| № 217 шешімімен | |
| бекітілген |
"Қамысты аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
Ескерту. Ереже жаңа редакцияда – Қостанай облысы Қамысты аудандық мәслихатының 27.08.2026 № 492 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі).
1. Жалпы ережелер
1. "Қамысты аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мәслихат аппараты) ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асырушы, депутаттарға өздерiнiң өкiлеттiгiн жүзеге асыруға көмек көрсететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Мәслихат аппаратының ведомстволары жоқ.
3. Мәслихат аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Мәслихат аппараты мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Мәслихат аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Мәслихат аппаратының, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Мәслихат аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен мәслихат аппараты басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Мәслихат аппаратының құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі 110800, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Қамысты ауданы, Қамысты ауылы, Ержанов көшесі, 61 үй.
10. Осы Ереже мәслихат аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.
11. Мәслихат аппаратының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Мәслихат аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен мәслихат аппаратының өкілеттігі болып табылатын міндеттемелерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
2. Мәслихат аппаратының міндеттері, функциялары және өкілеттіктері
13. Мақсаттары: негізгі міндет мәслихат пен оның органдарының қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мәслихат депутаттарына олардың өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсету болып табылады.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
жеке және заңды тұлғалармен азаматтық-құқықтық қатынастарға түсу, шарттар жасасу және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де мәмілелер жасау;
мәслихаттың және оның органдарының отырыстарына, сондай-ақ мәслихат өткізетін өзге де іс-шараларға қатысу;
мәслихат құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдардан қажетті құжаттарды, мәліметтерді және өзге де материалдарды сұратуға және алуға;
мемлекеттік органдарды, ұйымдарды, мамандар мен сарапшыларды заңнамада белгіленген тәртіппен мәслихаттың қарауына шығарылатын материалдар мен құжаттарды дайындауға тарту;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.
2) міндеттері:
мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық, құжаттамалық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді, оның ішінде мәслихат пен оның органдарының отырыстарына, сондай-ақ мәслихат қызметі шеңберінде өткізілетін өзге де іс-шараларға материалдар дайындауды қамтамасыз ету;
өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауды қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
15. Функциялары:
мәслихаттың, оның төрағасының, тұрақты және уақытша комиссиялардың, мәслихаттың өзге де органдары мен депутаттардың қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз ету;
мәслихаттың, оның төрағасының, органдары мен депутаттарының қызметін құқықтық қамтамасыз ету;
мәслихат шешімдерінің жобаларын, мәслихат пен оның органдарының қарауына шығарылатын өзге де құжаттар мен материалдарды дайындауды, ресімдеуді және сүйемелдеуді ұйымдастыру;
депутаттардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезінде олардың қызметін ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету;
мәслихаттың, оның төрағасының, органдары мен депутаттарының қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету;
мәслихаттың, оның төрағасының, органдары мен депутаттарының мемлекеттік органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен және тұрғындармен өзара іс-қимылын ұйымдастырушылық қамтамасыз ету;
мәслихаттың, оның төрағасының, органдары мен депутаттарының қызметін ақпараттық сүйемелдеу, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды және мәслихаттың қызметі туралы халықты хабардар етуді қамтамасыз ету;
мәслихаттың, оның төрағасының, органдары мен депутаттарының қызметін құжаттамалық қамтамасыз ету, іс қағаздарын жүргізу және құжаттарды архивтік сақтау;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, сондай-ақ мәслихатқа келіп түсетін петицияларды қарауды ұйымдастырушылық қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына және еңбек заңнамасына сәйкес мәслихат аппаратында кадр жұмысын ұйымдастыру;
мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы сақтау мәселелері бойынша жұмысты ұйымдастыру;
аппарат құзыреті шегінде мәслихат аппаратының қызметін және мәслихат қызметін қаржылық, материалдық-техникалық және шаруашылық қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.
3. Мәслихат аппараты басшысының мәртебесі, өкілеттігі
16. Мәслихат аппаратын басқаруды Мәслихат аппаратының басшысы жүзеге асырады, ол Мәслихат аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Мәслихат аппаратының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
18. Аппарат басшысының орынбасары жоқ.
19. Мәслихат аппаратының басшысы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өкілеттіктерін жүзеге асырады.
20. Мәслихат аппараты басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
21. Мәслихат аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
Мәслихат аппараты мемлекеттік мекемесінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Мәслихат аппаратына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мәслихаты аппараты өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
24. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.