"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 35-1-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қауылысымен бекітілген Мемлекеттік орган туралы үлгілік ережеге сәйкес, Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Шымкент қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қауылының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. "Шымкент қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы қаулыдан туындайтын барлық шараларды атқарсын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Е. Білісбековке жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Шымкент қаласының әкімі | М. Әйтенов |
| Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы "13" желтоқсандағы № 1625 қаулысымен бекітілген |
"Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ
Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Шымкент қаласы әкімдігінің 21.10.2025 № 5766 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (Бұдан әрі - Басқарма) Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын қалыптастыруға және қол жеткізуге ықпал ететін, мемлекеттік жоспарлау жүйесін іске асыру саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
5. Басқармаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Nursultan Nazarbaev даңғылы №10, пошталық индексі 160024.
9. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
10. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.
11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
12. Мақсаттары:
1) Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсатты басымдықтарын іске асыру;
2) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің өңірлік құжаттарын қалыптастыру және жүзеге асыру;
3) жергілікті бюджетті жоспарлау.
13. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
- жоғары органдарға қаланың негізгі даму бағыттары бойынша ұсыныстар енгізуге;
- мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғалардан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпараттар мен материалдарды сұратуға және алуға;
- консалтингтік қызметтерді жүзеге асыру үшін заңды және жеке тұлғаларды жұмысқа тартуға.
2) Міндеттері:
- заңнамада белгіленген тәртіппен қаланың даму бағдарламасын әзірлеу және келісу;
- жергілікті атқарушы органдармен жүзеге асырылып жатқан аумақтық даму бағдарламасына мониторинг жүргізу;
- өз құзыреті шегінде ақпараттық-талдау материалдарын дайындауға және оларды республикалық мемлекеттік органдарға және қала әкімдігіне ұсыну;
- қаланың даму бағдарламасына мониторинг жүргізу;
- қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторинг жүргізу;
- жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаларға, заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы жергілікті бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесіне және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасына экономикалық қорытындылар дайындау;
- Шымкент қаласының даму бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу және қала әкіміне бекітуге енгізу;
- бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік сұранымдары және бюджеттік бағдарламаларының жобалары бойынша қорытындыларды қарастыру, бағалау және дайындау.
14. Функциялары:
1) қалалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялық жобалардың және заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы жергілікті бюджеттік инвестициялардың іске асырылу барысы туралы жылдық мониторингті дайындау және қала әкімдігіне ұсыну;
2) коммуналдық меншікке жататын концессия объектілері бойынша, егер концессия объектісін құру (реконструкциялау) құны 4 000 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгіні құраған жағдайда концессиялық ұсыныстар бойынша, конкурстық құжаттама бойынша, оның iшiнде оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу кезiнде, концессионердi таңдау жөнiндегi конкурсты өткiзу кезiнде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық сұранымдар бойынша, концессия шарттары жобалары бойынша, оның iшiнде концессия шарттарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу кезiнде қорытындылар әзірлеу;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына конкурстық құжаттама бойынша қорытындылар қалыптастыру және оларды тиiстi бюджет комиссиясының қарауына енгiзу;
4) басымды бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбесін қалыптастыру;
5) жоспарлы кезеңге арналған қалалық бюджетті бекіту және қалалық бюджетті нақтылау жөніндегі қалалық мәслихат шешімінің жобасын әзірлеу;
6) жоспарлы кезеңге арналған қалалық бюджетті бекіту туралы қалалық мәслихат шешімін іске асыру жөніндегі қала әкімдігі қаулысының жобасын әзірлеу;
7) Шымкент қаласының бюджеттік комиссиясының жұмыс органы функцияларын жүзеге асырау;
8) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік сұранымдары бойынша қорытындылар қарау, бағалау және дайындау;
9) қаланың бюджетіне түсетін түсімдерді болжау;
10) "Толық бітіріп берілетін" құрылыс жобаларын жоспарлау және бюджет комиссиясының мақұлдауымен мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау сонымен қатар, мемлекеттік міндеттемелердің мониторингін жүзеге асыру.
3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
15. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
16. Басқарма басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Шымкент қаласы әкімінің өкімімен лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
17. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
18. Басқарма басшысының өкілеттіктері:
1) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет жасайды және барлық ұйымдарда басқарма мүдделерін білдіреді;
2) заңнамада белгіленген жағдайларда және шектерде басқарма мүлігіне билік жасайды;
3) шарттар жасасады, сенімхаттар береді, басқарма регламентін, жұмыс тәртібі мен жоспарын бекітеді;
4) заңнамада белгіленген тәртіппен меморандумдарға қол қояды;
5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес, азаматтық-құқықтық актілерге қол қояды;
6) банктерде есеп-шоттар ашады, басқарманың барлық қызметкерлнріне міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
7) заңнамамен, осы ережемен және қала әкімдігімен жүктелген өзге де қызметтерді атқарады.
Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
19. Басқарма басшысы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
20. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Басқармаға бекітілген мүлік қалалық коммуналдық меншікке жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.